Спорт

Төрт жүзден астам балақай жаттығады

Еліміздегі ең үлкен үстел теннисі кешенінің Өскеменде орналасқанын көзі қарақты оқырманымыз жақсы білуі тиіс. Жалпы ауданы 9 586 шаршы метр болатын спорт кешенінде бір емес, екі үлкен зал бар. Оның бірі оқу-жаттығу процесіне арналса, екіншісінде түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге болады.

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазір орталықта 400-ден астам бала жаттығады екен. Олар күн сайын үстел теннисінің қыр-сырын үйреніп, түрлі жарыстарда тамаша нәтижелер көрсетіп жүр.

Өскемендегі үстел теннис орталығы – халықаралық стандарттарға сай кешен. Бұл нысанда заманауи спорт залы мен спортшыларға арналған оңалту орталығы бар. Мұнда бір мезетте 250 спортшы жаттыға алады. Орталықтың оқу-жаттығу кешенінде 40 теннис үстелі бар болса, жарыс алаңында тағы 18 үстел орналасқан. Осы бір спорт түрімен бұрыннан шұғылданып келе жатқан спортшыларымыз үлкен залдың болғанына ризашылықтарын білдіруде, деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.

Орталыққа келген балалар 11 жаттықтырушы-оқытушының қол астында жаттығады. Жақында спорт кешенінде облыстық білім бөлімімен бірлесіп Ашық есік күні өтті. Оған жалпы білім беретін мектептердің, лицейлер мен гимназиялардың оқушылары шақырылып, танымал теннисшілердің шеберлік сағатына қатысқан-ды.

Былтыр орталықтың шәкірттері 13 республикалық және халықаралық жарыста бақ сынады. Ал 2023 жылдың басынан бері түрлі деңгейдегі тағы жеті додаға қатысқан жас спортшыларымыз бес жүлделі орынға ие болғанын айту керек. Алдағы уақытта Өскемендегі орталықта қазақстандық және шетелдік теннисшілердің, сондай-ақ бапкерлердің қатысуымен түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар өткізу жоспарлануда, деп хабарлайды басқармадан.

Еске салайық, Өскемендегі үстел теннисі орталығы былтыр сәуір айының соңында пайдалануға берілген. Орталықтың бір ерекшелігі, ғимараттың екінші қабатында дәрігерлік-денешынықтыру диспансері орналасқан. Мұндағы кәсіби мамандардың көмегіне теннисшілер ғана емес, облысымыздағы кез келген спортшы жүгіне алады. Диспансер заманауи құрал-жабдықтармен және тұз шахтасымен жабдықталғанын да айту керек.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button