«Дидардың» қонағыБілімМәдениетРуханиятТОП

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Қазақ халқына қос ішекті домбыра туралы ақпарат берудің өзі артық шығар. Өткенімізден сыр шертіп, тарихымызды көз алдымызға әкелетін аспаптың қадірін барша қазақ біледі. Оның қасиетін жүрегімен ұғынады. Соңғы кездері домбыра шертуді үйренуге ниет білдіргендердің қатары көбейіп келеді. Әрине, бұл қуантарлық жайт. Жалпы, домбыраны барынша тиімді әрі тиянақты меңгерудің жолы қандай?

Бұл сауалды біз балаларға арналған «Жұлдыз» өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі Талғат Әбішевке қойған едік. Ол Өскемендегі балғындарға домбыра тартуды үйретіп, ұлттық өнерімізді дамытуға өз үлесін қосып жүр. Сабақ барысында ұстаз елімізге әйгілі «Мұрагер» бағдарламасын басшылыққа алады екен. Сондай-ақ білікті педагогтің балаларды домбыраға баулудың өзіндік тәсілдері де жоқ емес. Ол күй шертуді үйретумен ғана шектелмей, музыкалық туындылардың тарихын да тарқата әңгімелейді. Аңыз-әпсаналарды домбыраның үнімен жеткізеді. Бұл әдіс оқушының ой өрісі мен шығармашылық ынтасын дамытуға бағытталған. Тәрбиелік мәні де зор.

«Мұрагердің» ерекшелігі неде?

2000 жылы Өскеменнің №20 мектебінде оқушыларға домбыра алғаш рет «Мұрагер» бағдарламасы аясында үйретіле бастайды. Жаңалыққа жаны құмар Талғат Асылханұлы осы бірегей бағдарламаға қызығушылық танытып, оның негізгі авторы, музыка зерттеушісі, профессор, күйші Абдулхамит Райымбергеновтің семинарларына қатысып, аталмыш бағдарламаның тиімділігін, балаларға аса қажет екенін түсінеді.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Жыл сайын қараша айында әр өңірде өтетін үш күндік семинарларға қатысады, Тараз, Кереку, Алматы шаһарларына барып, өзге де мұғалімдермен бірге балаларға домбыраны тиімді үйретудің, сабақты тартымды жүргізудің әдістерін меңгереді. Атап өтерлігі, сол жылдары бағдарламаны «Агахан» халықаралық өнерді дамыту қоры айырықша қолдап, еліміздің әр өңірінде ашылып жатқан сыныптарға домбыраларды тегін таратып тұрды. Өскеменге де біраз аспап жеткізілді.

Осылайша тың әдіс-тәсілдермен «қаруланған» Талғат Әбішев өзі еңбек ететін №3 мектепте де «Мұрагер» сыныбын ашып, өрендерге жаңаша дәріс бере бастайды.

Жалпы, «Мұрагер» бағдарламасының ерекшелігі сол, – балаларға домбыраны нотасыз үйретуге негізделген. Сонымен қатар дәріс барысында жас ұрпақтың танымын кеңейту, қызығушылығын арттыру мақсатында домбыра мен күйлердің шығу тарихы, қазақтың күйшілері туралы қызықты мәліметтер де баяндалып тұрады. Бесжылдық бағдарлама 2 сыныптан 7 сыныпқа дейінгі аралықты қамтиды. Бір қызығы, ұстаз бала таңдамайды, толық бір сыныппен жұмыс істейді. Яғни, бірден тұтас сынып алынып, сондағы барлық балаларға домбыра үйретіледі.

– Бағдарламаның тиімділігі сол, – күйлер санау, көзбен көру және құлақпен есту арқылы үйретіледі. Әрине, «бес саусақ бірдей емес», бір балада туабіткен музыкалық қабілет-дарын болса, екіншісінде ол болмайды, дегенмен бес жыл оқыту барысында алғашында қатты қиналып, жөнді меңгере алмай жүрген балалардың өздері домбырада ойнап кетеді. Олар құлақпен естиді, қолмен басады, үнемі сабаққа қатысып жүрсе, тәп-тәуір игеріп алады. «Мұрагердің» балаларды іріктемеуі, шектемуі өте дұрыс, егер баланы шектесек, ол мүлдем домбыра ұстамай кетуі мүмкін, – дейді білікті ұстаз.

Бағдарламаның авторлары Абдулхамит Райымбергенов, қызылордалық жыршы Ұлжан Байбосынова және Сара Байбосынова 2012 жылы Өскеменде «Мұрагер» бойынша халықаралық семинар өткізген болатын. Сол жиында арысы сонау АҚШ-тан, берісі Қырғыз бен Тәжік елдерінен мықты музыка зерттеушілері, осы саланың кәсіби мамандары, ғалымдар бас қосты. Аталмыш семинарға қатысқан Өскемендегі қазақ мектептерінің барлық директорлары осы бағдарламаны қолдаған еді, нәтижесінде бүгінгі таңда облыс орталығындағы барша қазақтілді мектептерде «Мұрагер» бағдарламасы бойынша сабақтар жүреді. Яғни, бұл оң шешім талай қазақтың үйінде қасиетті қара домбырамыздың пайда болып, төрге ілінуіне сеп болды.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Домбыра сыныптары көбейіп келеді

Қазір Талғат Әбішев Өскемен қаласындағы «Жұлдыз» өнер мектебінде еңбек етіп жүр. Сол мектептің директоры Дархан Қасенов арнайы шақыртқан екен. «Мұрагер» сыныбын бітірген балалар кәдімгідей емтихан тапсырады, комиссия алдында үйренген күйлерін орындап, білімін дәлелдеген соң Өнер мектебінің ресми куәлігін алады.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Бүгінгі таңда Талғат ұстаз Өскемендегі №47, №24, №1 мектептерде жиыны 240-тай балаға сабақ беруде. Ол жеткіншектер мектептегі мерекелік шараларға үзбей қатысып, өз өнерлерін өзгелерге паш етіп тұрады. №24 мектеп орыстілді болғанымен, оқу орнының басшылығы оны арнайы шақырыпты, себебі мұндағы оқушылардың басым бөлігі – қазақтар. Көпшілігінің ата-анасы балаларының домбыра шертіп үйренгенін қалайды. Иә, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» демекші, домбырамен бірге баланың бойына қазақи қасиеттер де дариды.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?
smart

– Кезіндегі Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбеттердің ешқайсысы нота білмеген. Ол заманның домбырашылары бір көріп, бір естумен-ақ күйді қағып алып, жер-жерде тарата берген ғой. Адам баласы күнделікті өмірде үнемі бір қолмен жазады, бір қолмен тамақ ішеді, осы кезде мидың бір жақ жартышары ғана толық істеп, келесі бөлігіне аса күш түспейді екен. Ал, домбыра шерткенде адам екі қолымен де бірдей жұмыс істейді, бір жағын басып, бір жағын қағып отырып ойнайды. Яғни, миы толық іске қосылады. Содан болар, домбыра ойнаған балалардың есте сақтау қабілеті дамып, оқу үлгерімі де жақсарады. Оны өз тәжірибемнен де байқадым. Тағы бір айта кетерлігі, адамның сезім мүшелерінің нүктелері саусақтың ұшында орналасқан. Домбыраның пернесін басқан сайын сол нүктелер оянып, сезім мүшелерінің жұмысына оң әсерін береді. Сосын, домбыра шерткен, музыканың тілін меңгерген бала әрқашан әсемдікке ұмтылып тұрады, тіпті орындықта дұрыс, тіп-тік отыруға машықтанып, сахна мәдениетімен танысады, – дейді сұхбатшымыз.

Талғат Әбішевтің Өскемендегі «Нұр Орда» мектебінде білім ордасының мүдірі Шабан Жошкунның шақыртуымен төрт жылдай өнімді жұмыс істеп, сондағы орыстың, түріктің балаларына қазағымыздың қара домбырасын үйреткені бар. Атап айтарлығы, мектептің оқушылары, оның ішінде ағайынды Гречухиндер домбыраны керемет меңгерді. «Нұр Орданың» Астанада өткен «Жарқын болашақ» атты олимпиадасына алпыс шақты баламен Өскеменнің атынан барып, Үкімет мүшелерінің алдында домбырмен күмбірлете күй шерткенде бәрі де таңдай қағып, сүйсіне қол соққан болатын.

Аймағымыздың бұрынғы басшысы Бердібек Сапарбаев Түркиядағы Бурса қаласының мэрі Шахабеттин Харпут бастаған ресми делегацияны қабыл алғанда да Талғат ағаның шәкірттері қазақтың әуезді күйін орындаған-ды. Шетелдік мәртебелі мейман ерекше таңырқап, Бердібек ағамыз «Айналайын, жарайсың, ұлтыңа осылай қызмет ете бер» деп шынайы көңілін білдірген болатын.

Осыдан сегіз жыл бұрын облыс орталығында зәулім драма театры ашылған кезде Талғат Асылханұлы «Мұрагермен» оқып жатқан 500-ден астам баланың басын қосып, сол мәдениет ордасының тура алдындағы алаңда дәстүрлі күйлерді орындаған. Кейін осы бір игі бастаманы еліміздің өзге өңірлері де іліп әкетті.

Қазіргі кезде «Мұрагер» бағдарламасы облыс өңірлерінде де жүзеге асып жатыр, мәселен Зайсан ауданындағы Кіші Қаратал ауылында, сондай-ақ Самар ауданындағы Амангелді ауылында сыныптар бар, биыл бұл қатарға Глубокое да қосылды, сол ауылдағы мектепте домбыра сыныптары ашылды. Ұлттық аспапты меңгеруге барлық жерде сұраныс көбейіп келеді. Әрине, Өнер мектебінің сағаттары топпен жұмысқа ғана бөлінеді, өзге ниет білдірген балалар ақылы оқиды.

Нұрғисаның ақ батасы

Кейіпкеріміз 1975 жылы Ұлан ауданының Тайынты ауылында ұлағатты ұстаз, белгілі сазгер Асылхан Әбішев пен әнші, мәдениет саласының үздігі Мәнсия Әбішеваның отбасында дүниеге келген. Жалпы, Әбішевтер әулетін Ұлан ауданының жұртшылығы отбасылық ансамбль ретінде жақсы біледі. Талғат Асылханұлы жанұядағы төрт баланың тұңғышы болған соң, ерте жасынан қамқор әрі жауапты болып өсті. 1986 жылы Асылхан Әбішев ағамыз жұмыс бабымен Тайынтыдан Мамай батыр ауылына көшіп барып, мектептегі ұстаздық қызметін жалғастырады. Негізгі мамандығы тарих мұғалімі болғанымен музыка пәнінен сабақ беріп, балаларға баян мен домбырада ойнауды үйретті. Мәнсия апайымыз сол ауылдың клубына жетекшілік етті. 1987 жылы аудан орталығы – Бозанбай ауылында отбасылық ансамбльдердің облыстық сайысы дүркіреп өткені бар, сол байқауда Әбішевтер әулетінің жанұялық ансамблі Ұлан ауданы атынан тамаша өнер көрсетіп, екінші орын алған болатын.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Талғат Асылханұлы бесінші сыныптан бастап оқуын Өскемен қаласының Ленин атындағы интернатында жалғастырған екен. Сол интернатта жүріп, өзінің музыкалық өнерін де шыңдады. Оқу орнының ұстазы, атақты Нұрғиса Тілендиевтің тұңғыш шәкірттерінің бірі, Өскеменде ең алғашқы домбыра оркестрін құрған музыкант Жанәділ Алдашевтан тәлім алды.

Бірде Өскеменге сол кезде атағы дүркіреп тұрған «Отырар сазы» оркестрі келеді, сол кезде Жанәділ ағасы 6 сыныптың оқушысы, бала Талғатты оркестрдің жетекшісімен, яғни Тілендиевтің өзімен жолықтырады, аңыз адамның алдында қобалжи күй орындап, сол кісінің ақ батасын алғаны әлі есінде. Нұрғиса ағамыз «Балам, сен де өзім секілді солақай екенсің» деп, осы таңдаған жолынан таймауға, өнерін шыңдай беруге кеңес береді. Сол игі тілек жолын ашып, жас өрен өнердің биік шыңдарын бағындыра бастады.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

1992 жылы мектепті тәмамдап, Шығыс Қазақстан университетінің музыка факультетіне оқуға түседі. Негізгі мамандығы – баян аспабы бойынша оқытушы. Алайда, ол қосымша домбыраны да жетік меңгерді. Білім ордасын 1997 жылы бітіріп шыққан ол еңбек жолын Өскемендегі №3 мектеп-гимназиядан бастайды. Алғашында бір жылдай мәдени іс-шараларды ұйымдастырушы болып жұмыс істеді, кейін жиырма жылдай директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Басшылық қызметпен қатар музыка пәнінен балаларға сабақ та беріп жүрді.

Балаларға арнаған базарлығы – «Тентегім»

Талғат Әбішевтің ұстаздығынан өзге, сазгерлігі де бар. Балаларға арнап жазған әндері «Тентегім» атты жинақ болып жарық көрген. «Үкілі домбыра» деген домбыраға үйрету бойынша авторлық әдістемелігі Астана қаласынан басылып шықты. Оны бүгінде бүкіл республиканың домбыра үйретуші мұғалімдері қолданады.

Жуырда ғана ЮНЕСКО істері жөніндегі Қазақстан ұлттық комиссиясының білім саласындағы сарапшысы, ақын, жазушы, блогер Василий Шахгулари Талғат Әбішевке арнайы кеп кетіпті. Ұстаз қонақты №47 мектепте жетпіс баламен, күмбірлеген күй үнімен қарсы алған. Өзге ұлттың өкілі балалардың өнерін жоғары бағалапты. Олардың домбыра шерткенін бейнекамераға түсіріп, ЮНЕСКО орталығына үлгі ретінде жіберілетінін мәлімдеген. «Жас ұрпаққа ұлттық мәдениетті осылай үйрету керек деп санаймын, қазақтың ұлттық аспабы қандай керемет!» деп айтқан екен.

Төріңізде домбыра ілулі тұр ма?

Ұстаздың көп жылғы ерен еңбегі еленбей қалған емес. «Білім саласының үздігі» атағымен марапатталды. Былтыр ғана «Абай» мәдениет пен өнерді қолдау қорының жетекшісі Аслан Ғафуровтың қолынан салаға сіңірген еңбегі үшін арнайы медаль алды. Осы жылы қосымша білім беру саласының медалін иеленді. Өзге де марапаттардан кенде емес.

Талғат ағамыздың жұбайы, Үлкен Нарын өңірінің тумасы Зүлфира Кәрменова да – ұстаз, ол да қала мектептерінің бірінде «Мұрагер» бағдарламасы бойынша сабақ береді. Сәнді атты қыздары, Ержан атты күйеу балалары бар. Өткен айда жиен-немерелері Әлтайыр жасқа толды. Балақай өнерге жақын, атасының домбыра шерткеніне ерекше мәз болып, қуана тыңдайды. Қабілет қанмен берілетіні анық, кішкентай Әлтайырдың ертең елімізге әйгілі музыкант боларын біз де тіледік.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button