Әдебиет

«Tөр Aлтайдың» тұсауы кесілді

Технология төрге озған заманда руханият көші тоқтап қалмауы керек. Жалпақ жұрттың ой санасына руханият арқылы сілкініс жасап тұрмаса, жаһандық үрдіске жұтылып кетуі бек мүмкін. Міне, осындай мақсатта жарық көрген жаңа журнал оқырман қауымға жол тартты.

Өлке руханиятының өрнегін кестелеген «Tөр Aлтай» әдеби-мәдени альманағы қаламгер қауымға қуаныш сыйлап, жас қаламгерлерге жігер бергендей болды. Араға жылдар салып оқырман қауымды тапқан бұл басылымды кезіндегі «Ақ Ертіс» журналының жалғасы деп қарауға болатындай. Арғы жылдарды айтпағанда, жаңа ғасырдың алғашқы жылдарында жарық көрген «Ақ Ертіс» журналы бірқанша жергілікті қаламгердің шығармаларын тарихқа таспалап кеткен басылым болған. Ендігі кезекте обылстық Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалының бастамасымен шыға бастаған «Төр Алтай» журналы шығыстың шашырап кеткен әдеби-мәдени мұрасын жинақтап баса бастады. Күні кеше Пушкин атындағы облыстық кітапханада Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігінің қолдауымен жарық көрген журналдың тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты.

– Жаңа басылымның негізгі мақсаты – өңіріміздегі жас ақындар мен жазушылардың шығармаларын қалың оқырманымен жүздестіру, насихаттау. Сондай-ақ кезінде аз тиражбен шыққан классик жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармаларын оқырман қауыммен қауыштырып, жаңғырту болып отыр. Бұл басылымда әдеби шығармалар ғана емес, облысымыздың мәдени өмірінде болып жатқан оңды жаңалықтар, атқарылып жатқан рухани шаралар туралы  толғамды дүниелер де жарық көруде. Мүмкіндігінше елдің рухани, мәдени, тарихи өмірінің өрнегін журнал арқылы жұртқа жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Сонымен қатар өңір халқының рухани болмысын байыту, ішкі жан дүниесін жаңарту, жас таланттарға қолдау білдіру, – дейді жаңа басылымның бас редакторы Әлібек Қаңтарбаев.

Журналдың әуелгі саны облыс әкімінің лебізімен басталып, қабырғалы қаламгерлердің ақ тілегімен оқырманға жол тартыпты. «Төр Алтай» журналының алғашқы санында қазақ әдебиетінің классигі Қалихан Ысқақтың «Келмес күндер елесі» дилогиясы басылып, өлке ақындарының топтама өлеңдері өрнектеліпті. Өзге де рухани дүниелермен қатталған журналдың тұсаукесеріне облыстың зиялы қауым өкілдері мен қаламгерлері қатысып, басылымға ақ жол тіледі.

– Халық рухани шөліркей бастаған қазіргі заманда осындай рухани дүниелердің керек екені айтпаса да түсінікті. Кезінде «Ақ Ертіс» журналы шығып тұрғанда өлке руханиятының етек-жеңі жинақталып қалған еді. Алдағы уақытта «Төр Алтай» журналы сол үрдісті жалғайтынына сенеміз. Журналға ақ жол, рухани байлық тілеймін, – деді қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков.

Осылайша, оқырман қауымға жол тартқан жаңа басылымды жұрт қуана қолға алды. Ендігі кезекте руханият көшіне әдебиет пен мәдениет жүгін арқалап ілескен жаңа басылымның мәйекті мақала, қуатты шығарма, өрнекті өлеңмен таспаланып, оқырманның ықыласына бөленуіне тілектеспіз. Ақ жол!

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button