Топырақтың астынан аман шықты
Суішкілігі бар деп осыны айт. Бір Алланың өзі сақтап қалды. Қалыңдығы үш метрден асатын топырақ үйіндісінің астында бір сағаттай жатқан Семей қаласының 25 жасар тұрғынын төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың қызметкерлері құтқарып алып шықты. Аздаған жарақаттары болмаса шұңқырдан шыққан азамат дін аман, денсаулығына ешқандай зиян келмепті.
Оқыс оқиға былай болыпты. Зардап шегуші ер-азамат су құбырын тарту үшін жерді қазып, терең арық жасап жатқан көрінеді. Шұңқырдың тереңдігі үш метрге жеткенде қопсып тұрған топырақ опырылып, оның үстіне бірақ құлаған. Мұны көрген маңайдағы адамдар дереу көмекке құтқарушыларды шақырады. Сөйтіп, шұғыл жеткен құтқарушы топ үйінді астында бастырылып қалған адамды ешбір жеріне зиян келтірмей шығарып алады.
Семей қаласы ТЖБ-ның насихат бөлімінің бастығы Дмитрий Алябьевтің сөзіне сенсек, жас жігіт екінші рет өмірге келді деуге болады. Өйткені, топырақ құлаған кезде арасында үлкен тас болыпты да ол шұңқырдың бел ортасында кептеліп тұрып қалған. Сөйтіп, бірнеше тонна салмақты өзінде ұстап, астындағы адам денесінің жаншылып қалуынан сақтаған.