Мәдениет

Толқынның салған әндері-ай

Толқынның салған әндері-ай


Әрбір ауылдың, әрбір ауданның өз жұлдызы бар. Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары үшін ондай өнер жұлдызы – Толқын Сәрсембина.

Тымық ауаны жарып, сыңғырлап шығатын Толқынның үнін, Толқынның дауысын кент тұрғындары бірден таниды. «Мынау Толқын ғой» дейді олар. Міне, бұл жолы да кенттегі Мәдениет үйінің алдында өткен жаңажылдық шаралардың басы-қасында Толқын жүрді. Ол ән де салды, өлең де оқыды… Оның жағымды дауысы кент тұрғындарына көпке дейін шаттық пен қуаныш сыйлады.

Иә, Толқын Мәжитқызы Тарбағатай ауданының Жаңаауыл ауылында дүниеге келіпті. Үйдегі он баланың жетіншісі екен. Ата-анасы ата жолын қуып, шопан болғанымен, екеуі де өнерге ерекше ғашық еді. Жарықтық әкесінің әдемі қоңыр дауысы бар болатын. Ол ән салғанда, кең дала демін ішіне тартып, тыңдап тұрғандай көрінетін Толқынға. Ата-анадан жұғысты болды ма, үйдегі он баланың барлығы да өнерлі. Бәрі де домбыра тартып, ән салып, би билейтін.
Толқын да кішкентайынан өнерді жанына серік етті. Мектепте оқып жүргенде мерекелік іс-шаралардың ешқайсысынан қалыс қалмайтын. Ақындар айтысы, терме, ән сайысының барлығында Толқын жүретін. Ол байқаулардан тіпті жүлдесіз қайтқан да кезі жоқ. Мектеп бітірген соң, ол ауылдағы Мәдениет үйінде төрт жылдай әнші болып еңбек етті. Ауылдағылар да оны «Әнші Толқын» атандырды.

– Маған киелі сахнаның қыр-сырын үйреткен марқұм Слямхан Шериязданов дейтін ағамыз еді. Ол кісі сол кездері ауылдағы Мәдениет үйін басқарған өнер тарланы болатын, – дейді Толқын.

Толқын 2000 жылы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің музыка факультетін бітіріп, Ұлан ауданындағы Мәдениет үйіне жұмысқа орналасады. Содан бері осы киелі шаңырақта еңбек етіп келеді. Өнер саласында жүргендіктен болар, Толқын жан-жақты. Осы уақыт ішінде ол әнші де, әдіскер де, ұйымдастырушы да болды. Қазіргі кезде ол мәдени шараны ұйымдастырушы болып қызмет істейді. Талай мерекелік шараның сценарийін жазу да көбіне Толқынның мойнында. Әйтеуір, ақындық қабілетінің арқасында бұл істі де абыроймен орындап келеді. Ақындық қабілет демекші, өңірімізге ғана емес, бүкіл республикаға есімі кеңінен таныс айтыс ақыны Абаш Кәкенов – Толқынның нағашы ағасы. Анасының бауыры. Толқынды өнерге, айтысқа жетелеп жүрген де сол Абаш ағасы. Толқынның ақындығын білетіндер кейде оған «мерейтойға өлең шығарып берші» деп тапсырыс та беріп жатады. Әсіресе, мұндай тапсырыстар Наурыз, Жаңа жыл кезінде қаптап кетеді. Толқын тіпті шығарып берген өлеңі үшін ақы да алмайды.

Оның репертуарында халық әндері дейсіз бе, терме-толғаулар дейсіз бе, заманауи әндер дейсіз бе, әртүрлі жанрдағы әндер бар. Десе де оның табиғаты лирикаға жақын.

– Ән айтпасам, бір нәрсе жетіспей тұрғандай көрінеді. Шаршасам, мұңайсам, менің жанымды ән емдейді. Ән – құдірет, – дейді ол.
Толқынның өмірлік серігі Әсет те – өнерге жақын жан.

Алғаш Әсетпен танысқанда, әкемді көргендей сезімде болдым. Мінезімен әкеме қатты ұқсайды. Жанымды жақсы түсінетіні, өнерді бағалайтыны үшін мен оған басымды иемін, – дейді Толқын жары жайында.

Қазір Әсет екеуінің Сырым, Ералы, Төре атты үш ұлы бар. Ұлдары оқуда озат, тәртіпті. Оныншы сыныпта оқитын үлкен ұлы Сырым спортқа жақын. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Екінші ұлы да өнерлі. Әнге әуес. Сөз саптауына қарағанда, болашақта ақындық, өнері ашыла ма деген үміт бар. Қырыққа толғанда дүниеге әкелген Төресі қазір үш жаста.

Толқын бізге арманы туралы айтып берді.

– Отбасымызда бәрі өнерлі болған соң, cтудент кезімізде ауылға дүркіретіп бір концерт қойып едік. Қазір бәрі балалы-шағалы болды. Балаларымыздың арасында да өнер жолын қуғандары бар. Үлкен әулеттің атын шығарып, әкемізді еске алып, бәрінің басын қосып, туған жерде бір концерт берсек деген арман бар, ¬ – дейді Толқын.

Толқын Жаңа жыл қарсаңында облыстық кәсіподақ ұйымы өзін Алғыс хатпен марапаттағанын қуана жеткізді. Біз де қуандық. Өйткені оның өнері мен еңбегі марапатқа лайық. Мұны кент тұрғындары жақсы біледі.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button