Экономика

«Токамак» – таусылмас энергия көзі

 Семей ядролық полигоны жабылған соң атомшылар қалашығы – Курчатовтан жұрт үдере көшіп жатты. Қолда бар әлеуетті  сақтап қалу, кешегі полигон кешенін бұғаулап, оның ғылыми-техникалық күшін егемен елдің мүддесіне пайдалану мақсатымен 1992 жылы Елбасы мұнда Ұлттық ядролық орталық құруды тапсырды. Ал 1998 жылы Тұңғыш Президент тапсырмасымен Курчатовта «Токамак» реакторын салу жөнінде қаулы қабыл­да­нды. Жуырда аталмыш реактор іске қосылып, алғашқы плазмалық разряд алынды. Бұл – Тәуелсіздік жылдары жеткен айтулы жетістіктеріміздің бірі екені сөзсіз.  

«Қазақстандық КТМ материалтану Токамагын құру» жобасы Үкімет шешіміне сай Курчатов қаласында толық жүзеге асты. ITER халықаралық термоядролық эксперименттік реакторын құру бағдарламасы Қазақстанда заманауи ғылым мен технологияны дамытуға орай білікті ғылыми-инженерлік кадрларды даярлау үшін іске асып отыр.

Токамак – таусылмас энергия көзі. Ғылыми жолмен алынады. Қазір адамның энергияға тәуелділігі артып келеді. Күн сайын іске қосылатын компьютерлер, жаңа технология заманында энергиясыз тіршілікті елестету мүмкін емес. Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Эрлан Батырбековтің айтуынша, бүгінде энергетика министрлігінің қолдауымен Токамак кешенінің құрылысы толық аяқталған.

– 20 қарашада кезекті эксперимент барысында КТМ қондырғысын іске қосу талаптарын қанағаттандыратын плазмалық разряд алынды, – деді Эрлан Ғаділетұлы. – Осы кезеңде КТМ токамагының жұмыс істеу қабілеті көрсетілді. Жұмыс газы ретінде сутегі қолданылды. Жұмысқа Ұлттық ядролық орталығының, Д.Ефремов атындағы ЭФАҒЗИ (Ресей) әдістемелік қолдауымен «Курчатов институты» (Ресей) зерттеу орталығының, Курчатов термоядролық энергетика және плазмалық технологиялар кешенінің мамандары қатысты.

Осылайша, қазақстандық КТМ материалтану Токамагы пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тағы бір жаңа кезең – омдық жұмыс режиміндегі разрядтың жобалық параметрлеріне КТМ қондырғысын шығару басталады. Токамактар мен басқарылатын термоядролық синтезге келсек, бұлар – әлемдегі ең күрделі электрофизикалық қондырғылардың бірі. Бүгінде осындай типті қондырғы болашақ термоядролық реактордың прототипі деп танылады.

Басқарылатын термоядролық синтез негізінде энергияны коммерциялық түрде алуға адамзатты жақындататын алғашқы қондырғы қазіргі уақытта Кадараш қаласында (Франция) іске асырылатын ITER (International Thermonuclear Experimental Reactor) болады деп болжануда. Басқарылатын термоядролық синтез реакциясын игере отырып, адамзат сарқылмайтын, экологиялық таза энергия алады. Ең ауыр апат болса да термоядролық реактор алаңынан тыс экологиялық жағдай өзгермейді. Термоядролық реактордың жұмыс процесінде ұзақ өмір сүретін радиоактивті заттар түзілмейді.

1999 жылдан 2003 жылға дейін ҚТМ кешенінің негізі жобаланды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2003 жылы басталды. 2008 жылы алаңға КТМ қондырғысы қойылды, 2010 жылы оны штаттық орында монтаждау аяқталды. Осы уақытқа дейін жоба 80%-ға жүзеге асырылды.

Қондырғыны толық жобалық режимге шығару ТМД-дағы АТОМ бағдарламасы арқылы және осы елдермен КТМ токамагын бірлесіп пайдалану туралы келісім шеңберінде іске асырылады. Бұл жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

Раушан Нұғманбекова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button