«Түнгі диалогтың» авторымен кездесті

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары жазушы, драматург, «Абай және ХХІ ғасыр» халықаралық клубының президенті, Бүкіләлемдік өнер және мәдениет академиясының академигі Роллан Сейсенбаевпен кездесті. Әйгілі жазушы кездесу барысында дарынды оқушыларды шығармашылығымен таныстырып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Мектеп өміріндегі бұл маңызды кездесу жазушы шығармаларының желісіне құрылған оқушылардың театрландырылған қойылымымен басталды. Қаншама жылдар бойы қазақ даласын улап, адамзатқа қасірет әкелген ядролық сынақтардың зардабы жайындағы қойылым көпшілікті толғандырды. Оқушылар әсіресе, жазушыны тұлға ретінде қалың оқырманға танымал еткен «День, когда рухнул мир» әңгімелер мен повестер жинағына қатысты сұрақтар қойды.
Кездесу кейіпкері Роллан Сейсенбаев 1975 жылы Кеңес Одағының белгілі жазушысы Г.Марковтың шақыруымен Мәскеуге көшіп, М.Горький атындағы Әдебиет институтының жоғарғы курстарында ақын Олжас Сүлейменовпен, Евгений Евтушенкомен бірге білім алған. Сол жылы «Өзіңді тап» спектаклі үшін Бүкілодақтық «Жас драматургтар» байқауының жүлдесі мен КСРО Мәдениет министрлігінің сыйлығына ие болып, пьесалары үлкен сахналарда қойылып келеді. Оның «Тау басында түйіскен жол», «Түнгі диалог», «Сағынтып жеткен жаз еді» кітаптары оқырмандарына қазақ тілінде жетті. Жазушы жиырма жылдан астам уақыт Мәскеуде Жазушылар одағы қазақ әдебиетінің өкілі болып қызмет атқарды. «Всего одна ночь», «Если хочешь жить», «Дни октября», «Трон сатаны» кітаптары орыс, ағылшын тілдерінде басылып шықты. Жазушы Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуға атсалысып, жылдар бойы «Аманат» альманахын шығарды.
Жазушы 1995 жылы ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен әлемдік деңгейде ұлы Абайдың 150 жылдығын атап өтуге зор үлес қосты. Сол жылы Роллан Сейсенбаевтың бастамасымен Лондонда халықаралық Абай үйі ашылып, ол Еуропадағы қазақ мәдениетінің рухани орталығына айналды. Төрткүл дүниеге Абайды танытуды алдына мақсат етіп қойған Роллан Шәкенұлы Абайды он бес тілге аудартты. Ұлы Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Осынау ерен еңбегі үшін, еліміздің рухы мен мәдениетін дамытуда барын салып, жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеудегі қызметі үшін халықаралық деңгейдегі жоғары марапаттармен қатар «Санта-Марина қаласының құрметті азаматы», «Семей қаласының құрметті азаматы», бірнеше елдің университеттерінің құрметті профессоры атанды.
Еркін әңгімелесу түрінде өткен кездесу барысында оқушылар жаһандану, үштілділік, жазушы шығармаларының тарихы туралы сұрақтар қойды.
– Үштілділік әрине, еліміздің болашағы үшін керек. Дегенмен, жапондықтардың тәжірибесіне сүйенсек, балалар алтыншы сыныпқа дейін тек ана тілінде ғана білім алуы керек ден санаймын. Жаһандану кезеңінде халық өзінің ұлттық болмысын, салт-дәстүрін, құндылықтарын ешқашан жоғалтпауы тиіс, – деді Роллан Сейсенбаев.
Оқушылар жазушының балалық шағы, әке тәрбиесі, отбасы құндылықтары жайында әңгімелерін тыңдады.
-Біз үшін әкенің бір ауыз сөзі жеткілікті болды. Оған қарсы келу деген жоқ. Әдеби еңбектерімнің ең алғашқы оқырманы да әкем еді. Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы жазылған 300 беттен астам еңбегімді жаратпаған соң, әкемнің көзінше өртедім. Әкем шыншыл еді, ар-ұятты бәрінен биік қоятын,-дейді Роллан Шәкенұлы. Ұзақ жылдар бойы Мәскеуде, Лондонда тұрғанына қарамастан бүгінде автор Шәкәрім қажы туралы шығармасын қазақ тілінде жазып жатқандығын айтты.
Жазушының бастамасымен биылғы күзде Назарбаев зияткерлік мектебі оқушыларының қатысуымен облыстық драма театрында «Славлю тебя, человек» әдеби кеші өткізілмек. Жоба аясында оқушылар әлемге әйгілі 100 ақынның шығармасын үш тілде мәнерлеп оқитын болады.
Айжанат Бақытқызы