Төменгі Тайынтыда шатырлы лагерь ашылды
Ұлан ауданының Төменгі Тайынты ауылының маңында «Альпі» атты шатырлы туристік лагерь ашылды.
Қарағайлы орман қымтаған тау етегінде, көлге иегін арта орналасқан лагерьде Семей мен Өскемен қаласындағы үш колледждің (Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледж, құрылыс колледжі (екеуі де Семей), Өскемендегі Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі) студенттері бір апта бойы тынығатын болады. Осы шараның ұйымдастырушылары облыстық білім басқармасы мен аталған басқарма жанындағы қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының мамандарының айтуынша, жаңа оқу жылы басталғанға дейін мұнда жүзге тарта студенттер демалыстарын өткізбек.
-Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді еліміз үшін маңызы зор мерейтойдың қарсаңында осындай тамаша туристік лагерьді ашып отырғанымызға қуаныштымыз. Бұл лагерьді ашудағы мақсатымыз – облысымыздағы балалар мен жасөспірімдер арасындағы туризмді дамыту, жастарға өңіріміздегі осы Тайынты секілді табиғаты көркем жерлерді көрсету, тарихымен, мәдениетімен таныстыру, сол арқылы олардың бойына туған жерге деген отаншылдық сезімді қалыптастыру, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Алла Нұрсейітова лагерьдің ашылу салтанатында.
Оның айтуынша, бұл лагерьге сабағын үздік оқитын, белсенді студенттер ғана емес, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан бозбалалар мен бойжеткендер де шақырылған. Бірі Тарбағатайдан, бірі Көкпектіден, бірі Зайсаннан, бірі қаланың қапырығынан қажып келген студенттердің көңіл күйлері көтеріңкі.
-Лагерьге біз кеше ғана келдік. Ауасы таза, табиғаты тамаша жерде орналасқан екен. Қасында көл бар. Көлге түсіп те үлгердік. Суы таза, тұнық екен. Өзім Ұлан ауданына алғаш рет келіп тұрмын. Табиғаты ғажап, ерекше ұнады өзіме. Түнде шатырға түнеп шықтық. Мұндай демалыстың әсері бөлек болады екен. Ұйымдастырушыларға айтар алғысымыз шексіз, – дейді Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің 2-ші курс студенті Гауһар Маратқызы.
Семей мен Өскеменнен ат арытып жеткен отыз екі студентке ұйымдастырушылар арнайы бағдарлама да әзірлепті. Әр күнге әртүрлі тапсырма, әр күнге әртүрлі бағдарлама.
– Реті келгенде айта кетейін, студенттерге арналған мұндай лагерь облысымызда алғаш рет ашылып отыр. Бұл жерде оларға барлық жағдай жасалған. Күніне төрт мезгіл тамақ ішеді. Сағат жетіде оятамыз. Отыз екі студент 16-дан екі топқа бөлінген. Екі топта екі нұсқаушы бар. Олар бір жағынан турист ретінде тынығып әрі шынығып қайтады. Туризм деген таза ауаға шығып серуендеу ғана емес, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану, туған жердің тарихына қанығу. Мұнда келген студенттер арқаны кеңге салып тек алаңсыз демалып, суға түсіп қана қайтпайды, біз оларға қоршаған ортаға құрметпен қарауды, тау мен орманда қалай жүріп-тұруды, өзен арқылы қалай өтуді, шыңға қалай өрмелеу секілді өмірлік маңызы бар дүниелерді үйретеміз. Ақыл-ойға салмақ салатын танымдық ойындар да ұйымдастырылады, – дейді осы лагерьдің нұсқаушысы, жоғары дәрежелі оқытушы Юрий Бессергенов.
Азамат Қасым