Мәдениет

«Тұмарайдың» тұсауы кесілді

«Тұмарайдың» тұсауы кесілді


Бесқарағайлықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін ұлттар шеруімен атап өтті. Бұл жолғы мейрам сахналық қойылымдармен ерекшеленді. Мерекелік думан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында ұйымдастырылды.

Бесқарағайдың орталық алаңына халық көптеп жиналды. Мерекелік жиын сан алуан ұлттар мен ұлыстардың салтанатты шеруінен басталды. Расымен де Қазақстан халқының бірлігі күніне аудан жұрты мықтап дайындалған. Мәселен, мұнда түрлі ұлт өкілдерінің дәстүрлі тағамдары әзірленіп, одан кез келген адам дәм татты. Ал аудандық өнерпаздардың сахналық көріністері мен концерттік нөмірлері ешкімді бейжай қалдырмады. Оның себебі де белгілі. Қарағайлы өңірде мәдениет саласы оң жолға қойылған. Жергілікті өнер саңлақтары, түрлі облыстық әрі республикалық байқаулардың жүлдегерлері жетерлік. Өнер демекші, «Рухани жаңғыру» аясында Бірлік күні «Тұмарай» этно-ансамблі көпшілікке таныстырылды. Бұл ұжымды құрудағы негізгі мақсат – ұмыт болған ұлттық дәстүрлерді жаңғырту, сондай-ақ қазақтың халық әндерін насихаттау. Кимешек киген абзал жандардың өнері жиналғандарды сүйсінтіп, зор қошеметке бөлентті.

«Тұмарайдың» тұсауы кесілді

– 1 мамыр – әрбір Қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпы ұлттық келісімнің мерекесі. Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі бүгінде бейбіт ғұмыр кешіп жатқан ел тұрғындары үшін ыстық ықылас пен достық ниеттің дәстүрлі мейрамы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», деп атап өткен. Сол себепті қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең маңызды байлығымыз! – деген ақжарма лебізін бесқарағайлықтарға аудан әкімі Дәулет Батырбаев жеткізді.

Осы ретте аудандық Достық үйінде алты этномәдени бірлестік жұмыс істейтінін айта кету керек. Атап айтқанда, «Асыл әжелер» қазақ фольклорлық тобы, «Башкуль» татар мәдени орталығы, славян және неміс этномәдени бірлестіктері, сол секілді «Воскресенье» және «Деревенька моя» славян, орыс мәдени орталықтары. Аталмыш орталықтардың қызметі ауданда тұратын халықтардың ұлтаралық тұрақтылығы мен бірлігін сақтауға бағытталған. Тұтастай алғанда, Бесқарағай өңірінде 30-ға жуық түрлі ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүріп келеді екен.

– Халқымыздың береке-бірлігі арта берсін! Көңіл күйіміз жақсы. Біздің бірлестігіміздің ұжымы бұл мейрамға бір кісідей атсалысты. Дәстүрлі тағамдарымызды жұртшылыққа ұсындық. Көңілдерінен шыққан секілді. Елімізде тек жақсылық болсын, – дейді славян этномәдени бірлестігінің мүшесі Виктор Бурдинский.

Мерекелік шара барысында аудан әкімі айтулы мерекенің өтуіне күш салған этномәдени ұйымдарға Алғыс хат және кішігірім сыйлықтарды тарту етті.

Жақсылық Мұратқали
Бесқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button