Тілектес жұртты тәнті етті

Аудандық мәдениет үйінде есімі аудан, облысқа жақсы танымал жас әнші Мақпал Нұрпейісова өзінің жеке концертін жұрт назарына ұсынды.
Осыған дейін аудандық «Жас өнерпаз» байқауының жеңімпазы, «Үздік жас мәдениет қызметкері-2016» аталымының иегері, «Оралханның көктемі» халықаралық ән фестивалінің дипломанты, облыс орталығында өткен III франкофонды әндер байқауының 2-орын иегері, Семейде өткен «Көзге Иртыш моннары» халықаралық татар фестивалінің лауреаты сияқты көптеген атақтарды иеленіп үлгерген Мақпалдың бұл жолы тамаша тарту жасайтынын сезген күршімдіктер мен қонақтар мәдениет үйінің кең залын ертелете келіп толтырған болатын. Талапты өнерпаз көптің сенімін артығымен ақтады. Оның нақышына келтіре әрі сауатты орындаған әндері үлкен-кішінің құлақ құрышын қандырып, «нағыз дарын ортамызда жүр екен-ау» дегізгені де шындық болатын.
Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжіне грантқа түсіп, оны 2012 жылы хор дирижері мамандығы бойынша тәмамдаған, кейіннен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың музыка факультетін бітіріп, жоғары білімді маман атанған Мақпал Берікханқызының не нәрсеге болсын жауапкершілікпен қарайтын ұқыптылығы осы жолы жарқырап жаңа қырынан көрінді. Оның 12 тілде ән шырқайтын өнерін бұрыннан естіп жүрген жұрт осы концертте бұл сөздің құр дақпырт емес, қапысыз шындық екеніне көз жеткізіп, қатты риза болды.
Мақпал Л.Хамидидің қиын да күрделі «Бұлбұл» әнін құйқылжытқанда, жас қыздың бұл өнеріне тәнті болмаған жан қалған жоқ. Классикамен қатар, жас композиторлардың шығармаларын әуелетіп, сонымен бірге, сонау сексенінші жылдардағы «Бони М», «АББА», «Модерн-Токинг» сияқты топтардың әндерінен попурри орындаған Мақпал өзінің қандай жауапты сынға түссе де, сүрінбейтін төселген әнші екенін айқын аңғарта білді.
Жас талапқа біраздан бері жетекші болып, жөн сілтеп, жанашырлық танытып жүрген белгілі өнер маманы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, облыстық «Илхам» мәдени-жастар, «Ғибрат-Шоу» продюсерлік орталықтарының директоры, сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасының Семейдегі «ЕурАз-Шоу» мемлекеттік ән-би театрының директоры Ғибрат Азубаев сыйлас қарындасының шығармашылық кешіне өзінің өнерпаз жастарымен әдейілеп келген екен. Бұл кеште айтулы өнер тарланының күршімдіктердің шынайы ықыласына бөленгені шындық. Нақышына келтіре отырып, бірнеше тілде ән шырқаған Ғибраттың әсіресе, өнерсүйер жастарға өзгеше әсер етіп, баурап әкеткені көзге ұрып тұрды.
Жеке әндер орындап, әріптестерімен бірлесе қос әндер шырқап, дарын-қабілетін топтық ән орындауда да жарқыратып көрсете білген Мақпалдың бұл жолғы кездесуі жоғары деңгейде өтті деп батыл айта аламыз. Оған залдағы қауымның әр ән орындалған сайын ду етіп, шатырлата қол соққаны, екі сағатқа созылған концертті отырар орын болмағандықтан, көптеген көрермендердің тік тұрып тамашалағаны, аяқталғанша бірде-бір жанның орнынан қозғалмағаны дәлел.
«Ел іші – өнер кеніші» дегендей, ортамызда жүрген қарапайым қызымыздың жоғары деңгейдегі атақты әншілерден еш олқы түспей, жұртты тамсандырарлықтай сазды да салиқалы өнер көрсеткені бәріміз үшін мерей емес пе?! Бұл пікірді дабырласа айтып, Мақпалға ақ жол, шалқар шабыт тілеген әнсүйер қауымның осы кештен өте бір қанағатты да сергек сезіммен қайтқанын біз де жан-тәнімізбен сезініп тұрдық.
Хасен Зәкәрия
Күршім ауданы.