Түлектерін туған жерге шақырды
Биылғы қазан айында облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ Алматы қаласының жоғары оқу орындарында оқып жатқан шығысқазақстандық студенттермен жыл сайынғы қалыптасқан дәстүр бойынша кездесу өткізген болатын. Осы кездесудің қорытындысында облыстың қалалары мен аудандарының әкімдеріне аймақтың жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттермен кездесулер ұйымдастыруға тапсырма берген еді. Бұл игі шараның басты мақсаты – студенттерге әлеуметтік қолдау көрсету, қалалар мен аудандарда іс-тәжірибеден өтуге, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау.
Мұндай кездесулер облыстық білім басқармасы, өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығының ұйтқы болуымен 2013 жылдың 11 қарашасы мен 11 желтоқсаны аралығында Өскемен және Семей қалаларында өткізілмек.
Студенттермен жүздесуді қалалар мен аудандардың арасында алғашқы болып Зайсан ауданы бастады. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың бас ғимаратында аудан әкімі Алмас Оңдақанов бастаған аудандық білім, мәдениет, спорт бөлімдерінің басшылары, өнеркәсіп орындарының, кәсіпорындардың жетекшілері және ауданнан шыққан елге танымал тұлғалар студенттермен кездесуге келді.
Бұл шараға Зайсан ауданындағы орта мектептерді бітіріп, бүгінде Өскеменнің жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 445 зайсандық жас белсенділікпен қатысты. Шара басталмас бұрын жоғары оқу орны ғимаратының кең залында арнайы көрме ұйымдастырылып, Зайсан ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі келушілер назарына ұсынылды.
Кездесуде аудан әкімі Алмас Оңдақанов алдымен жиналғандарды Зайсан ауданының қазіргі әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен таныстырды.
Аудан әкімінің айтуынша, ауданға дәрігерлер және мұғалімдермен қатар, тау-кен ісінің, мұнай, газ, туризм саласының мамандары қажет-ақ. Агроном, мал дәрігерлері жетіспейді. Әсіресе, мұнай және газ саласының мамандарын дайындауға әзірлікті мектептен бастаған жөн. Әзірге ауданға жұмыс іздеп келіп жатқан жастардың басым дені педагог мамандар. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясында 2011 жылы аудандарға – 20, 2012 жылы – 22, биыл 26 жас маман келіп, еңбек жолын бастаса, олардың дені бағдарлама шеңберінде көтермеақы, жеңілдетілген несие алып, жағдайларын түзеуде.
Аудан басшысы А.Оңдақанов келесі ретте студент жастар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Сұрақтардың дені ауданға барғанда мамандығым бойынша тұрақты жұмыс бола ма, баспана мәселесі шешіле ме деген мазмұнда болды. Әсіресе, ШҚМТУ-да оқитын жастарды ауданның тау-кен саласы, өндіріліп жатқан мұнайы мен газы қызықтыратыны байқалып қалды.
– Мен еңбек жолымды мамандығым бойынша Зайсан ауданында бастағым келеді. Егер жұмыс табылар болса, міндетті түрде өзімнің туған жеріме барамын,-дейді Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың 4 курс студенті, болашақ электрик маман Динара Құндыбаева.
Осы оқу орнының тағы бір 4-курс студенті, болашақ тау-кен ісінің маманы Мирас Серікұлы да ауданның жерасты пайдалы қазбаларын игеруге үлесін қосуды жоспарлап жүр екен.
Кездесуде соңғы курстарда оқып жүрген болашақ педагог жастар да аудан мектептеріндегі бос орындар туралы сұрастырды. Оларға аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әбдіғалиева бос орындар жайында ақпараттар берді.
Кездесуде жоғары оқу орнында үздік оқып жүрген бір топ жастар аудан әкімінің грамотасымен және арнайы сыйлықтарымен марапатталды.
Дәурен Аллабергенұлы