Түлектерімен бірге түлеген мектеп

Жармаға барған жолы Шар қаласын көрудің сәті түсіп, Карелин атындағы орта мектепке бас сұқтық. Мектеп директоры Айгүл Тілеубердіқызы қарсы алып, жоғары қабаттағы кабинетіне бастады. Сатымен көтеріліп келеміз, әр сатыға көбейту кестесін жазып қойыпты. Бұл жаңалық кішкентай болса да бізді қызықтырды. Мектеп тынысына үңілдік.
Оқушылар шәкіртақы алады
Сөйтсек, бұл Бари Алибасовты түлеткен тұғыр екен. Жас күнде басы ноқтаға сыймай кеткен, ақыры өз айтқанымен жүріп, жарқыраған жұлдызға айналған, ешкімге ұқсағысы келмейтін әншінің табан ізі мен талайлы тағдыры қалған білім ордасы да басқа мектептерден өзгешелеу. Жалпы мектеп жайында сөз болса, пәленбай алтын белгінің иегері, түгенбай білікті ұстаз деп көпіртіп көп айтуға болады. Бұл мектептен де Баридан басқа талай өнерпаз бен ғылым саласының саңлақтары шыққан. Ондай жетістік басқа да кез келген мектептерде бар. Біз өзге мектептерден өзгешелігін сөз қылайық.
Ең әуелі, бұл мектепке тиеселі жеті ғимарат барын айту ләзім. Оның бірнешеуі оқу ғимараттары болса, мұражай, жылу қазандығы, спорт залы, бастауыш сынып оқушыларына арналған бөлек-бөлек ғимараттар сырт көзге жоғары оқу орнын елестетеді. Тіпті облыс орталығындағы университеттердің өзіне бір ауладан жеті ғимарат бұйырмаған.
Баспасөзге жазылуға байланысты оқытушылар қауымымен жүздесіп, ісімізді тындырған соң «жеті ғимаратты қалай игіліктеніп отыр екен» деген іңкәрлік сезім бізді қайтадан білім ұясын аралауға итермеледі. Аралас мектептің директоры – Айгүл Рахметова аудандық мәслихаттың депутаты екен. Аудандағы «100 есімге» лайықты үздік үштіктің біреуі осы басшы. Сыныптарды аралап келеміз, әрбір сыныптың құрылу тарихынан тартып жетістіктеріне дейін жеткізе айтып келе жатқан мектеп басшысы кенет, есімін біз білмейтін әлде бір кәсіпкерлердің атындағы сыныптарды таныстыра жөнелді.
– Бұл кәсіпкер Жанна Бектемір атындағы сынып. Астана қаласындағы «Шар құрылыс» компаниясының бас директоры, осы мектептің түлегі, – деп таныстырды мектеп басшысы бір сыныптың есігін ашып.

Астаналық кәсіпкер 2013 жылдан бері өзі түлеп ұшқан мектебіне жыл сайын екі миллион теңге қаржы аударып, үздік оқушыларға айына бес мың теңгеден шәкіртақы беріп отырады екен. Бұл сыйақыдан үздік оқытушылар да құр алақан қалмайды. Жыл соңында бір айлық еңбекақы көлемінде үстемеақы алады. Оқу үлгерімі әлсіреген балалар әлгі қаржыдан қашан оқуы оңалғанша қағылып отырады. Керемет ынталандыру емес пе?! Сондай-ақ, әр сыныптың баласы үзілісте тұратын тұстағы төбеге мектеп мақтаныштарының есімдері жазылған. Мектепте 27 сынып жұмыс жүргізеді. Бұл білім ошағындағы айрықша атай кететін тағы бір сынып – шеберхана. 5 сыныптан бастап мұнда келетін қыз оқушылар көк инені көлденең ұстап, қиқым бұлды кәдеге жаратуды үйренеді. Арнайы ас үй де бар. Тоңазытқышты ашып, тоқ пешті қосқан ересек балалар сүйікті тағамын дайындап алуына да жағдай жасалған. Қай сыныпқа кірсең де, қажетке сай жабдықтардан кенде емес көрінеді. Қазақ тіл мен әдебиеті сыныбында тұрған көркем әдебиеттердің кейбірін шыны керек, әлікүнге өзіміз де қолға түсіре алмай жүрміз. Саны да мол. Біз мектептің негізгі кітапханасы осы шығар деп ойлағанбыз. Қателесіппіз, мектеп тұрғой, мұқым Шар қаласының оқырмандарына жетерлік кітапхана бұдан бөлек екен.
Мұғалімдердің мұңы бар
Білім сапасы жағынан мектеп аудандағы алдыңғы төрттікті түйіндеп тұр. Жалпы, оқу ордасына кірген жан басқа оқу орындарынан өзгешелікті сезінеді. Себебі, жоғарыда айтып өткендей бұл мектеп тәлімгерлеріне білім берумен қатар, өмір сүрудің дұрыс жолын көрсетуді мықтап қолға алған. Аулада тұрған жылыжайдан тартып, өздері салып алған мектеп асханасы келген жанға сол тірліктерін ұқтырып тұрғандай.
Айтпақшы, мектеп ұжымы жуықта ғана 80 жылдығын атап өтіпті. Кеңес одағының батыры П.Карелиннің есімін иеленіп тұрған бұл мектепке Шұбартауда туып, көп ғұмырын Шар жерінде өткізген ақын Төлеу Көбдіковтің есімін беруді ұсынғандар да болыпты. Бірақ мектеп басшысына осы атау көбірек ұнайтын сыңайлы.
Өз саласын бес саусақтай білетін білікті басшы бізді мектептің мұражайына бастады. Кіреберістен әнші Баридың әдемі портреті қарсы алды, қатарында әйгілі «На-на» тобының суреті бар. Әнші Шығысқа келген сайын өскен ортасына, білім алған ордасына бір соқпай кетпейді екен.
– Келген сайын оқытушыларға, мұражайымызға арнап өз дүниелерін ала келеді. Қызықты естеліктерімен бөлісіп, балалармен бірге суретке түседі, – дейді директор.
Содан болса керек, мектеп те оған бейжай қарамайды екен. Мектеп кезіндегі оқудан қуылған бұйрығына дейін әдемілеп мұражайда сақтапты. Келесі бөлмеде «Дүние бір күн олай, бір күн былай, Бірде тұнық болады, бірде лай» деп жырлап өткен Төлеу Көбдіковтің қолжазбалары тұр. Қысқаша өмірбаяны да ілінген. Шалабайдың ақ бас сиырының тарихы да ұмыт қалмаған. Ел назарын ерекше бұрғызатын тағы бір үлкен бөлме бар. Онда темір-жолшылар тұтынған өткен ғасырдың тұрмыстық техникалары қойылған. Әр дәуірден сыр шертіп тұрған мұралар қатарына біз бірнеше жыл бұрын әрең құтылған ебедейсіз компьютерді де қойыпты. Мектептің жаңа технологиямен қалай жабдықталып жатқанын осыдан аңғаруға болар.
Мектеп 2014, 2015, 2016 жылдары қатарынан «Жарма ауданының ең үздік мектебі» деген атаққа ие болыпты. Өткен жылы ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 78 балл болса, сегіз Алтын белгі иегері үмітті ақтаған. Республикалық білім сайысынан топ жарған өрендердің қатары да мол. Өз саласының жілігін шағып, майын жұтқан майталман мамандар да жетерлік.

Жоғары оқу орнына бергісіз осындай іргелі білім ошағын жүдетпей, заман тынысына сай түлетіп отырған мектеп ұжымын қалай алқамасқа. Осы орайда айтпай кетуге болмайтын мұғалімдердің мұңы бар. Аталмыш мектептің болсын, осы қалашықтағы басқа да оқытушылар болсын ортақ мәселесі ауыл мұғалімдеріне берілетін 25 пайыздық үстемеақы. Шаруашылығы шатқаяқтап тұрған Шарды тұрақ еткен педагогтар осы көмектен қағылғандарына налып отыр. Теміржолдан басқа тіршілігі жоқ шағын шаһардың қазіргі бейнесін қала деуге келмес. Осындай атағы болғаны үшін «дипломмен ауылға» деген бағдарламада жүзеге аспайды бұл мекенде. «Түлкінің қызылдығы – өзіне сор» демекші қалалық болған қадірлі жандар осылай опық жеп отыр. Бұл баяғыдан айтылып келе жатқан мәселе.
Айналасы бір сағатқа жуық уақыт мектепте жүргенде, орданың өзгеше тынысын аңғардық. Мектепті басқарып отырған «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Айгүл ұстаздың өзгеше әлемімен тыныстадық. Шағын шаһардан үлкен білім патшалығын құрып алғандай көрінді көзімізге. Білімнің падишасы Рахметоваға ертеңгі ұрпақ рақметін айтары сөзсіз.
Керек дерек:
Оқушылар саны – 634, оқу үздіктері – 119, білім сапасы – 67%, педагогикалық кадрлар саны – 65, жоғары білімді– 58.
Мұратхан Кенжеханұлы