Экономика

Түлектерге арналған жұмыспен қамту картасы әзірленді

Түлектерге арналған жұмыспен қамту картасы әзірленді

Облыста тау-кен ісі мамандарына, құрылысшыларға қажеттілік артатын болады. Мұғалім мен дәрігер мамандығы да бұрынғысынша тұғырынан түспейді. Облыстық жастар орталығы түлектерге мамандық таңдауда көмек құралы ретінде өңірдегі ең қажетті мамандықтардың жұмыспен қамту картасын әзірлеп, аймақтағы мектептермен вебинар өткізді.
Оқу жылы аяқталар сәт жақындаған сайын әр түлектің, оның ата-анасының алдында қандай мамандықты таңдау қажет деген заңды сұрақ туындайды. Бала кезінен ұшқыш боламын, мұғалім боламын деп армандайтын оқушылар бүгінде некен-саяқ. Өйткені, заман ағысына қарай жыл сайын сұранысқа ие мамандықтардың тізімі де өзгеріп отырады. Соңғы жылдары техникалық мамандықтарға, тұрмыстық қызмет көрсету саласының өкілдеріне зәрулік артқаны байқалады.
– Бес жылға арналған жұмыспен қамту картасын жасау кезінде біз Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жаңа экономикалық саясатын, үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын және қалалар мен аудандардағы нақты қажеттіліктерді басшылыққа алдық, – деді картаны әзірлеушілердің бірі, әдістемелік жұмыстар секторының меңгерушісі Айбек Баукенов. – Мысалы, басты екі бағдарламаға қатысты техникалық мамандар мен металлургия саласының мамандары, құрылысшылар, жолшылар, электр желісін тартушылар қажет десек, жергілікті әкімдіктерден түскен мәліметтер бойынша ауылды жерлерде мәдениет қызметкерлері, хореографтар, кітапханашылар жетіспейді.
Жобалаушылардың пікірінше, қоғамға сонымен қатар құрылыс ісі, тау-кен ісі және бұрынғысынша гуманитарлық бағыттағы маман иелері аса қажет екен.
Онлайн режимінде өткен шараға аймақтағы 128 білім ордасының жоғары сынып оқушылары қатысты. Вебинар барысында оқушыларға сауалдарын қойып, оған тұщымды жауап алу мүмкіндігі берілген болатын. Алайда техникалық ақаулардың салдарынан мектептермен кері байланыс орнатылмады.
– Бүгін алғаш рет өткізіліп отырған бұл тәсілдің бір кемшілігі – біз арғы жақта нақты қанша мектептен қанша оқушы отырғанын көре алмадық. Вебинарды өткізу орны мен оған қатысушылардың санын бізге облыстық білім басқармасының өкілдері берді. Алайда бұл бөлме вебинарлар өткізуге лайықты жабдықталмағандықтан, өкінішке орай, кері байланыс болған жоқ, – деп түсіндірді облыстық жастар орталығының жетекшісі Арайлым Есімбекова.
Облыстық жастар орталығы мамандарының әзірлеген картасымен түлектер қалалық және аудандық жастар орталықтарында таныса алады. Оны пайдалану өте қарапайым. Оқушылар өз қаласы немесе ауданын тауып алып, 2015-2020 жылдар аралығындағы кез келген жылды ашып, қандай бағытта білімдерін жалғастыруға болатынын көре алады. Бұл әсіресе, туған жерінен жырақ кеткісі келмейтіндер үшін өте тиімді болмақ.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button