Түлектерге 400 грант бөлінеді

Естеріңізде болса, 2017 жылы Шығыс Қазақстанда жергілікті бюджет қаржысы есебінен облыстың бес университетіне сұранысқа ие мамандықтарға 200 грант бөлінген болатын. Ағымдағы жылы гранттар саны екі есеге, 400-ге дейін ұлғаймақ. Бағдарламаны іске асырудың бес жылы ішінде гранттар бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы оқытудың толық кезеңін ескергенде 4,6 миллиард теңгеге жеткен. Бұл жөнінде тұрғындармен есепті кездесу кезінде облыс әкімі Даниал Ахметов айтып берді.
– Студенттерді оқытуға осыншама қомақты қаржылық ресурстарды құя отырып, біз ЖОО-ларға басты шарт қоямыз – бұл олардың қалалар мен аудандарға шығып, мектептерде белсенді және жүйелі кәсіби бағдарлау жұмыстарын жүргізуі. ЖОО-ларға пассивті позиция ұстануды доғарып, талапкерлерді іріктеу және жинақтау бойынша жұмысты күшейтетін кез жетті. Жаңа сұранысқа ие мамандықтарды енгізу керек. Жоғары білікті, оның ішінде шетелдік профессорлық-оқытушылық құрамды тарту қажет, – деді облыс әкімі тұрғындармен есепті кездесу барысында.
Гранттардың бөлінуіне себеп болып отырған басты жайт – шығысқазақстандық балалардың оқуға шетелдік ЖОО-ларға кетуі. Өткен жылы өңіріміз тиісті атқарылған шаруалардың арқасында шетелге оқуға кеткен түлектер санын екі есеге дейін қысқартты. Алайда, аталмыш мәселені шешуде кешенді тәсіл қажет деп санайды облыс басшылығы. Сондықтан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Білікті маман» бағдарламасы әзірленді, ол өңірлік ЖОО-лардың бәсекеге қабылеттілігін арттыруды және мектеп түлектерінің кетуін төмендетуді көздейді.
– Әрине, біз түлектеріміз Англияның, Францияның белді жоғары оқу орындарында, яғни, әлемнің үздік университеттерінде оқыса дау жоқ. Бірақ мектеп бітірушілердің көршілес мемлекеттердегі оқыту деңгейі мен сапасы қазақстандық шамадағы, тіпті, одан да төмен университеттерден гөрі өз елінде және өз облысында оқығаны дұрыс, – деді Даниал. Ахметов.
Облыс әкімінің есепті кездесуінде өткен оқу жылының қорытындысы бойынша ҰБТ-ның орташа облыстық көрсеткіші республикалық деңгейден 1,7 балға асып, 82,2 балды құрағаны да айтылды.
Тестілеуге қатысудың ең көп үлесі және жоғары көрсеткіштер Көкпекті (93,9 пайыз), Аягөз (90 пайыз), Тарбағатай (88 пайыз) аудандарында байқалған. Республика бойынша 138 балл алған сегіз баланың екеуі біздің түлектер. Ал 100 балдан жоғары ұпайды 20 ауылдық және небары 9 қалалық мектеп жинаған.
– Бұл көрсеткішпен шектелуге болмайды. Мысалы, Өскемен қаласында бұл тізімге үш мектеп ілінсе, ал Семей қаласы тізімде мүлдем жоқ. Менің ойымша, бұл цифрлар біздің ірі қалалардағы білім деңгейінің айтарлықтай төмендеп кеткенін көрсетеді. Бұл алаңдатарлық жағдай, осы ретте бәрімізге жұмыс істеу керек, – деді жиында аймақ басшысы.
Облыс әкімі есепті жиында биылдан бастап дәрігерлер секілді ұстаздардың да біліктілігі, тіл үйрену сапасы арттырылатындығын атап көрсетті. Яғни, 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында жалпы саны 200 химия, физика, биология, информатика пәні педагогына ағылшын тілі оқытыла бастайды.
– Біздің міндет – білім саласын экономикалық өсімнің жаңа моделі үшін орталық буынға айналдыру. Осы орайда біз инфрақұрылымдық даму және Назарбаев зияткерлік мектебі тәжірибесі бойынша жаңартылған мазмұнға көшу бағытында алға жылжып келеміз. Біз үштілділік оқытуды енгізу бойынша ірі жобаны жалғастырып жатырмыз. Алғашқы екі кезеңде облыстың барлық мектептері үшін тілдер бойынша жаңа оқулықтар әзірленді және сатылып алынды, тіл пәндерінің 3400 оқытушысына диагностика және оқыту жүргізілді. Жұмыс осы жылы да жалғасады,– деді Даниал Ахметов өзінің тұрғындар алдындағы есебінде.
Облыс әкімінің айтқандарынан белгілі болғандай, былтыр «Менің мектебім» жобасы аясында өңір кәсіпкерлерінен жиналған қомақты қаржыға облыс мектептерінің физика, биология, информатика, химия және роботты техника сыныптары жабдықталатын болады. Ал үздік нәтиже көрсеткен мұғалімдер үшін сараланған материалдық ынталандыру жүйесі қарастырылған. Ол ең алдымен оқушылар білімін бағалауға негізделген. Мәселен, 2017 жылы тілдік пәндердің 12 мұғаліміне 170 мың теңгеден 800 мың теңгеге дейінгі сыйақылар табысталған.
Дәурен Аллабергенұлы