Түлектер түгел жұмыспен қамтылады
Риддер аграрлық-техникалық колледжінің құрылғанына 15 жыл толды. Бұл колледж осы қаладағы кен-металлургия және орман техникумдары біріктірілгеннен кейін ашылған болатын. Содан бергі аралықта колледжде бес мың адам оқып, мамандық алып шықты.
Мұнда 12 мамандық бойынша мамандарды даярлайды. Бұған қоса 36 бағыт бойынша жұмысшы мамандығын игеруде арнайы курстар ұйымдастырылып, жастарды баулып келеді.
Білім ошағының оқу-өндірістік шеберханалары мен зертханаларына қазіргі заманғы технологиялық жабдықтар орнатылған. Компьютерлік базасы жетілдіріліп, оқыту барысында жүзге жуық компьютер қолданысқа енгізілген.
Бүгінгі таңда коллежд әкімшілігі «Қазцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен тығыз байланыста бірлесіп жұмыс істеп, кен-металлургия саласына кадрларды даярлауда. Жұмыс берушілермен екіжақты әлеуметтік серіктестік туралы Меморандум шарттары іске асырылуда. Соның нәтижесінде колледжді бітірген түлектердің барлығы да тұрақты түрде жұмыспен қамтылып отыр.