Тілдер мерекесі тойланды

Қазақстан халқының тілдері күніне арналған фестивальге жиылған жұрттың қарасы мол болды. Достық үйінің көрермен залы лық толды.
Кеш шымылдығы тіршіліктің бастауын, ғаламның жаратылысын бейнелейтін қойылыммен түрілді. «Бұл жер адам басып жүрмеген, Өмір менен махаббаттан гүлдеген…» деп келетін өлең жолдары естілгенде құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Сосын судың сылдыры естілді, сосын тіршілік нышаны – гүл шықты жайқалып.
Одан ары «Біз біргеміз» атты би сахналанып, жұмыр жер жаралғалы бірде шабысып, бірде табысқан ұлттардың бүгінгі достығы жырланды. Қамажайдан бастап біраз бидің басы шалынды.
Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов, Парламент Мәжілісінің вице-спикері Владимир Божко, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко меймандарды мерекемен құттықтады.
– Қай халықтың болмасын заманнан заманға, атадан балаға жеткен мұрасы – тіл. Ол – халықтың жаны. Ұлтаралық татулықты басты қағида қылып ұстанған мемлекетімізде түрлі этнос өкілдері тіршілік етіп жатыр, олардың тілдері де мемлекеттік тілмен бірге өркендеп келеді. Қазақстанда әркімнің өз ана тілін оқып-үйренуі үшін барлық жағдай жасалған, – деді Әнуарбек Мұхтарханұлы.
«Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағандай дана ақынды жатқа оқитын түрлі этнос жастары арасында өткен Абай оқуларының жеңімпазы Елена Габриелян кештің мазмұнын одан әрмен арттырды. Ол қазақы ырғақпен «Ортақтық, тыныштық – достық қой, Оның қадірін кім білер?» деп баяулатып оқыған өлеңді көпшілік ұйып тыңдады.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған бұл думанға өңірдің аудан-қалаларында тұратын сан ұлттың өнерпаздары келіп қатысты. Танысып-білісіп, той қарсаңында жақын араласып кеткен олар концерт соңында әуеге шар ұшырып, суретке түсіп, арқа-жарқа боп жатты.
Ал қонақтар этномәдени бірлестіктердің ұлттық тағам және қолөнер бұйымдарының көрмесін тамашалады.
Тасқын Болатұлы