Мәдениет

Өткен жыл, саған өкпе жоқ

Өткен жыл, саған өкпе жоқ


Былтыр ғана Мешін жылының есігін «Естен кетпес есіл жыл» деп ашқан едік. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына дөп келген мерейлі жыл мәнді оқиғаларға толы болды.

Бірден айту керек, еліміздегі ең ұлық мереке біздің өңірде тиісті деңгейде тойланды. Жыл бойында Көкжал Барақ, Хан Тоғас, Байжігiт сынды бабаларымыз бен Мақта апа, Мұрын ана, Зере әже сынды ұлт ұйтқысы болған жандарға арнап ас беріліп, ескерткіштер бой көтерді.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы аясында Алашорда арыстарына қатысты тың құжаттар мұрағаттан музейге жол тартты.

Тура тәуелсіздік күні қарсаңында ғана Семей қаласында Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңа ғимараты мен Спорт академиясы, Өскемен қаласында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Ақниет» мектеп-интернаты пайдалануға берілді. Ал жыл көлемінде аймағымызда 220 тұрғынға мемлекеттің көмегімен баспана беріліпті. Оның 149-ы бюджеттік сала қызметкерлері болса, 22-сі жетімдер, 39-ы әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар да бұл игілікті істен құр қалмады. Мемлекет қаржысына бой көтерген алты мектеп қолданысқа берілді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында әр ауданда балабақшалар ашылып, бөбекжайлар берілді.

Өтіп бара жатқан 2016 жыл Шығыс спортшылары үшін жемісті болды. Әсіресе, «Алтай» клубының волейбол командалары баршаға таңдай қақтырды. Ел чемпионатында еңсегей бойлы қыздармен қатар жігіттеріміз де жеңістің биік сатысынан көрінді. Ала допты алақанда ойнатқан азаматтар мұнымен шектелмей, ел құрамасы сапында Азия біріншілігінің төртінші орнына табан тіреген. Сондай-ақ, «Алтайдың» аяқдопшылары өз тарихында тұңғыш рет Қазақстан чемпионатының Премьер-лигасына жолдама алды.

Биыл Бразилия жерін спорт сиқырымен тербеген XXXI жазғы Олимпиада ойындарына біздің өңірден алты спортшы аттанған болатын. Сол алтаудың екеуі қола медальмен оралды. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова мен зілтемірші Денис Улановтың жетістіктері осылайша ел спортының тарихына алтын әріптермен әдіптелді.

Мешін жылы өңір диқандарынан да мейірін аямағаны анық. Олай дейтініміз, қамбаға рекордтық мөлшерде астық үйілді. Тек дәнді дақылдың өзінен бір миллион тоннадан артық өнім алған шаруалардың жаз бойы тыным көрмегені және шындық. Жаздың жауынды болғаны сонша, табиғаттың берген сыйын шашау шығармай игеріп алудың өзі күшке айналды. Дегенмен, диқандар табандылық танытып, егілген астықтың негізгі бөлігін қамбаға түсіре білді. Бұл жаңалыққа егінші қауыммен бірге жалпақ жұрт та қатты қуанған. Өйткені, астық бітік шықса, жыл бойында азық-түлік бағасының тұрақты болуына да септігі тиеді.

Жыл ортасында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ біздің өңірге жасаған сапары да естен кете қойған жоқ. Аймақта атқарылып жатқан ауқымды істерге Елбасының берген оң бағасы жыл бойында ынтамен еңбектенуге себепкер болды.

Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей тапсырмасымен Өскемен қаласында облыстық Жастар театры құрылып, көрермендердің көзайымына айналғанын да өнерсүйер қауым жылдың жағымды жаңалығы деп қабылдады. Бұған қоса облыстық театрдың 20 актері баспанамен қамтылды.

Мерекеге толы жылда өңірлік бағдарламалардың өрісі кеңейе түсті. Әсіресе, сүт өндірісін дамыту бағдарламасы өзінің шарықтау шегіне жетті. Жаңадан құрылуы тиіс 37 тауарлы-сүт фермасының 31-і іске қосылып, жоспарланған 36 сүт қабылдау бекетінің 32-сі жұмыс істеп тұр.

Азаттықтың ширек ғасырында өткен 25 жылмен ғана шектеліп қалмай, тарихымыз тереңнен зерттелді. Облыс бюджетінен бөлінген 100 млн. теңгеге Берел, Шілікті, Аблайкит, Елеке сазы, Қырықүңгір, Қырықоба сынды тарихи орындарда археологиялық қазба жұмыстары жүрді. Осы жұмыстардың нәтижесінде 3000-нан астам жәдігер облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.

Міне, тарихқа айналған 2016 жыл біздің облыста осындай жарқын сәттерімен есте қалды. Бағалай білген адамға азаттықтың тойымен өткен бұл жылда сүйінген сәттеріміз күйінген сәттерден әлдеқайда мол болды. Сондықтан өткен жылға өкпе жоқ.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button