Сайлау-2023

Тізімге 11 миллионнан астам азамат еніп отыр

23 қаңтарда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысы өтті.

Отырыста Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру туралы мәселе қаралды.

Ортсайлауком төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлаушылар тізімдерін жасау және онымен жұмыс істеу сайлау процесінің маңызды элементі екенін атап өтті. Өйткені азаматтар сайлаушылардың осы тізімдері негізінде сайлауда дауыс беруге қатысуға өздерінің конституциялық құқығын іске асырады. Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың толық тізімін құру мәселесін сайлауға дайындық кезінде өз жұмысының маңызды бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Бұл науқанның ерекшелігі – республиканың барлық аумағында, сондай-ақ аумақтық сайлау округтері шегінде өкілді органдардың депутаттарын сайлауды бір мезгілде өткізу. Осыған байланысты уәкілетті органдардың алдында азаматтарды тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету және оларға азаматтардың өтініштері негізінде әрбір сайлау округі шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен өзгерістер енгізу міндеті тұр.

Әкімдер келіп түскен барлық өтініштерді ескере отырып, сайлаушылардың дұрыс және өзекті тізімдерін қалыптастыруды қамтамасыз ету бойынша барлық түбегейлі шараларды қабылдауы қажет.

Сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру туралы бірінші мәселе бойынша Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады. Ол Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бір мезгілде өткізілетін сайлауын ескере отырып, сайлаушылар тізімін жасау мәселесін құқықтық реттеуге және осы процестің ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша республика сайлаушыларының тізіліміне белсенді сайлау құқығы бар 11 976 406 азамат енгізілді.

Нақтылы сайлау учаскесінде азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оны осы сайлау учаскесінің аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелу фактісі, азаматтардың жергілікті атқарушы органға сайлаушылар тиісті тізіміне енгізу жөнінде жазбаша өтінішпен жүгінуі негіз болып табылады.

Уақытша тіркелген азаматтар, тіркеусіз азаматтар, сондай-ақ сайлауға дейін отыз күннен кешіктірмей оның тіркелген жері бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға сайлау күні келуге мүмкіндігі болмайтыны белгілі болған сайлаушы сайлау тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.

К.Петров сайлаушылардың жекелеген санаттарын – уақытша тіркелген азаматтарды, студенттерді, вахташыларды, әскери қызметшілерді, тіркеусіз азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу мәселесіне ерекше назар аударды.

Орта арнаулы және жоғары оқу орындарында, сондай-ақ жатақханаларда тұратын күндізгі оқу нысанында жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің кәсіптік оқу бағдарламалары бойынша білім алушылар жатақхананың орналасқан жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі.

Жергілікті атқарушы органдар өңірлердің оқу орындарының басшыларымен бірлесіп студенттерге болу орны бойынша дауыс беруге мүмкіндік беруі қажет.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтар да жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі мүмкін.

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың тұратын жері бойынша дауыс беруге мүмкіндік беру жөнінде алдын алу шараларын қабылдау қажет.

Олар сондай-ақ жазбаша өтініштер негізінде сайлаушылар тізіміне енгізілуі және Мәжіліске бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша, сондай-ақ егер осы аймақта тіркелген болса, бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша дауыс беруі мүмкін.

Әскери бөлімдерде сайлаушылар тізіміне ондағы әскери қызметшілердің барлығы, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскер бөлiмдерi орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар енгiзiледi. Әскер бөлiмдерiнен тыс жерлерде тұратын әскери қызметшiлер сайлаушылар тiзiмiне тұрғылықты жерi бойынша жалпы негiзде енгiзiледi.

Әскери бөлімдердегі сайлаушы-әскери қызметшілердің, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері және әскер бөлімдері орналасқан жерлерде тұратын басқа да сайлаушылар тізімдері әскери бөлімдер командирлері ұсынатын мәліметтер негізінде жасалады.

Азаматтардың болу орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштері тиісті әкімдіктерге 17 ақпанға дейінгі мерзімде, яғни дауыс беру күніне отыз күн қалғанда ұсынылуы тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар азаматты өзі дауыс беретін учаскенің сайлаушылар тізіміне енгізуді қамтамасыз етеді және азаматты тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізімінен шығаруды ұйымдастырады.

Дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 4 наурыздан кешіктірмей азаматтардың тұрғылықты жері бойынша құрылған сайлау учаскелері бойынша сайлаушылардың тізімдері сайлаушыларға танысуға ұсынылады.

Азаматтарға тиісті сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізімдерімен танысу, оларға енгізілген сайлаушылар туралы деректердің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.

Әрбір азамат сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніне, дұрыс енгізілмегеніне немесе тізімнен шығарылмағанына, сондай-ақ тізімде сайлаушы туралы деректерде жіберілген дәлсіздіктерге шағымдануға құқылы. Өзіңізді тіркеу орны бойынша сайлаушылар тізіміне енгізуді тиісті әкімдіктің сайты немесе call-орталығы арқылы тексеруге болады.

Сайлау туралы конституциялық заңда көзделген өкілеттіктерге сәйкес өңірлердің жергілікті атқарушы органдары мен сайлау комиссияларына тапсырмаларды қамтитын «Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған кезектен тыс сайлаудағы сайлаушылар тізімімен жұмысты ұйымдастыру туралы» Ортсайлауком қаулысы қабылданды.

Бұдан басқа, отырыста Орталық сайлау комиссиясының сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша белсенді сайлау құқығы бар ел азаматтарына үндеуі қабылданды.

Отырыстан кейін БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті, онда Ортсайлауком мүшелері бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Didar ақпарат

 

Осы айдарда

Back to top button