Руханият

Тілге құрмет – елге құрмет

Тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, қатынас құралы, мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, тәуелсіздігіміздің қуатты іргетасы, асыл ой мен парасат белгісі, елдігіміз бен бірлігіміздің өзегі.

«Тiл туралы» Заңның 4-бабына сәйкес, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi.

Қазақ тілі – халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрасы. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі.

Қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, көрнекті жазушымыз Жүсіпбек Аймауытов «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп айтқандай, тілін ұмытқан ұлттың болашағы бұлыңғыр екені анық. Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі.

Ана тілді жетік меңгеру – жас ұрпақтың елдігін, ұлттық қасиетін сақтап қалуының кепілі.

Тіл – әуелгі кезден елдіктің, ұлттық намыстың жалауы. Олай болса әр азамат өзінің ана тілін құрметтеуге тиіс. Ана тілімізді құрметтеу – өз халқымызды құрметтеу, халқымызды ұлықтау, мемлекетіміздің  нығаюына үлес қосу болмақ.

Қазақ тілі – тек қазақ халқының тілі емес, ол Қазақстанда тұратын,  оны Отаным деп қабылдайтын әрбір азаматтың тілі. Ал мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, яғни тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту, дамуы мен жетілуіне жан-жақты қамқорлық жасау – бәрімізге ортақ міндет. Осыны естен шығармайық!

Гүлжан Шәкірова

Осы айдарда

Back to top button