Тілді тұғырға қондырарына сенемін
Жұрт сайлауға зор үмітпен барды. Таңдау жасады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа сенді. Қарашаның 20-сы күні халық үміт пен сенімнің жанға жылы тиер жылуын таңдады.
Мен де Қазақстанның өзгеше, жаңаша даму жолына түсеріне сенім артып, арлы, ойлы, парасатты ғой деп Қасым- Жомарт Кемелұлын сайладым.
Қазақ халқының ұлы ойшылы Шәкәрім заманды оңалған тұрмыс та, мәдениет те, тіпті әдебиет те түзей алмайтынын, тек ар ілімі ғана жөнге салатынын айтқан екен. Ендеше, мемлекетті басқарушы президенттікке ар ілімін игерген адам керек болмай ма?
Қасым-Жомарт Кемелұлы ең алдымен елді жайлап алған жемқорлықтың тамырына балта шабады деп сенемін. Екіншіден, ғасырға созылған отарландыру саясатының ең сорақы нәтижесі боп ана тіліміздің әлі күнге төрге шыға алмай отырған қағажу күйін қалпына келтіріп, Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар екендігіне көз жететіндей, тілімізді тұғырға қоятын барлық шараларды қолға алады деп үміттенемін. Ахмет Байтұрсынов айтқандай, «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады».
Үшіншіден, соңғы ондаған жылдар бойы бюджеттен ақша жымқырғандарды жазалау толық жүзеге асқанда ғана жаңа Қазақстанды құруға болады деп ойлаймын. Өткеннен сабақ алмасақ, жас ұрпақты ар іліміне, адалдыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелеп жатырмыз дегеніміз – бос сөз.
Бақытжан Райысова,
ақын, Жазушылар одағының мүшесі,
«Алаш» әдеби сыйлығының иегері