«Тіл шеберлері» бақ сынады
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының ұйытқы болуымен қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар арасында «Тіл шебері» облыстық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – үш тілді меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, жастар арасында тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, көп тілді меңгерген тұлғаны тәрбиелеп, қазақстандық рухани бірлікті нығайту.
Қазақстандағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында өткізілген байқауға облыстың қалалары мен аудандарынан барлығы 15 үміткер қатысып, бақтарын сынады. Байқау «Елтаным», «Өнертаным» және «Сөзтаным» кезеңдерінен тұрды. «Елтаным» бөлімінде үміткерлер қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап берсе, «Өнертаным» бөлімінде ағылшын тілінде өнер көрсетті. Ал «Сөзтаным» бөлімінде үміткерлер экранда көрсетілген ұяшықтардағы суреттерге орыс тілінде сөйлем құрады.
Байқаудың қорытындысы бойынша бас жүлдені Өскемен қаласы №42 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Дина Шаяхметова еншіледі. Ал І орынға күршімдік Жанерке Бейсембинова мен ұландық Жадыра Құмашова лайық деп табылды. ІІ орынға Өскемен қаласы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Айдана Ниязбекова, ІІІ орынға Өскемен қаласы №48 мектеп-қосымша білім беру орталығының ағылшын тілі пәні мұғалімі Гүлжаз Шәріпова ие болды.
Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының тапсырысы бойынша әзірлеген – Мейрам Екпін