Білім

Тіл оқытуда тың тәсілдер қолданады

Мейрамтай Иманғали  

Халқымызда «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл», «Бір тіл білген  бір адам, екі тіл білген екі адам» деген қағидат бар. Өз ана тіліңді ғана емес, көп тіл білу адамның таным көкжиегін кеңейтіп, білімін ұштайтыны сөзсіз. Осы орайда облыс тұрғындарының лингвистикалық капиталын дамытуда  Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының қызметі ерекше. Орталықтың міндеті мемлекеттік тіл саясаты аясында мемлекеттік және өзге тілдерді қолдану мен дамыту. Өтіп бара жатқан жыл орталық үшін қандай болды? Нендей жұмыстар атқарды? Біз бұл туралы орталық директоры Әсемгүл Абзаловамен әңгімелескен болатынбыз.

–Еліміздегі тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясындаШығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы биыл  маңызды жұмыс атқарды.
Мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту барысында мемлекеттік және мемлекеттік емес сектор ұйымдарында қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру мақсатында бүгінгі күні облыста  сегіз тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді.  Облыс тұрғындары «Тілашар» курсы арқылы тіл үйреніп, білімдерін кеңейтті.
Орталықтарда  мемлекеттік тіл  120  және  72 сағаттық бағдарламамен оқытылады. Өңірімізде мемлекеттік тілде сөйлеуді үйренгісі келетін адамдардың саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар жыл сайын тілді тиімді меңгеру үшін  мүмкіндіктер де көбеюде, –  деп бастады орталық директоры Әсемгүл Абзалова өзінің әңгімесін.

Айтуынша, тілді оқытуда инновациялық технологиялар пайдаланылады. Бұл өңір тұрғындарының лингвистикалық капиталын дамытуда ерекше маңызды.

Орталықтың негізгі қызметі – облыстық мемлекеттік мекемелердің, мемлекеттік қызмет көрсететін ұйымдардың қызметшілерін, сондай-ақ облыс тұрғындарын мемлекеттік және ағылшын тілдеріне оқыту. 2022-2023 оқу жылының бірінші жартыжылдығында мемлекеттік тілді меңгеруге 1375 тыңдаушы, ағылшын тілін меңгеруге 504 тыңдаушы тартылған. Оқу курсы аяқталғаннан кейін тыңдаушылар қорытынды тест тапсырып, нәтижесі бойынша  сертификаттар мен куәліктерге ие болған.  Тыңдаушылар оқу курстарын А1, А2, В1, В2 төрт деңгейі бойынша оқыған. Директордың айтуынша, лингвистикалық орталықтың тыңдаушыларының жаңа легі қазан айында қабылданыпты. Оқу басталар алдында олар тілді меңгеру деңгейін анықтау үшін кірісу тестілеуінен өткен.

Жалпы бұл орталықты тілдерді оқыту орталықтарының жұмысын үйлестіретін ғылыми-әдістемелік орталық десе де болғандай. Ырысты Райханқызы, Ләззат Қайдарова, Жұлдыз Мұқанбаева,  Дина Абдолдақызы, Балжан Серікбекқызы, Гүлнар  Мақсат секілді оқытушылар өз жұмысында қазіргі заманғы оқыту талаптарына жауап  беретін әдістер мен тәсілдерді тиімді қолдана отырып, кәсіби бағытта жүйелі жұмыс жүргізеді.

  • Мемлекеттік тілді оқытудағы қиын сәттердің бірі – ол тыңдау мен түсіну. Бұл күрделі дағдының көмегімен адам естігенін бірден түсініп, қабылдай алады. Сөйлеу тәжірибесінің жеткіліксіздігіне байланысты кейбір тыңдаушылар оқу материалы туралы түсінгендерін толық жеткізе алмай жатады. Сол себептен тыңдау мен түсіну дағдылары тыңдаушылар үшін қиындық туғызады, – дейді орталық директоры Әсемгүл Абзалова.
  • Сондай-ақ ересек тыңдаушылардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасамайды. Нәтижесінде, баяндама жасау немесе өз ойымен бөлісу сәтінде олардың сөздік қоры жетіспейді.

Ересектерге мемлекеттік тілді меңгеруге көмектесу үшін оқытушылар тілдік дағдыларды, яғни сөйлеу, оқу, жазу және тыңдау дағдыларын дамыту үшін арнайы мотивациялық әдістерді қолданады. Орталықта қажетті материалдық-техникалық жағдайлар жасалған, заманауи және уақыт сынына салынып, тәжірибе жүзінде тексерілген оқу-әдістемелік құралдар пайдаланылады.

Ересектерге мемлекеттік тілді үйретуде, ең алдымен, әртүрлі тақырып бойынша сөздік қорын байыту жұмысы жүргізіледі екен. Сонымен қатар сабақ барысында сұрақ-жауап, әңгіме жүргізіліп, аудиовизуалды әдістемелер, көрнекі құралдар мен материалдар пайдаланылады. Оқыту кезінде Zoom, Padlet, Quizizz, Google Jamboard, Google Forms, Google Meet, Kahoot!, ThingLink, Quizlet, Mentimeter, FlippingBook, OnlineТestPad онлайн платформалар мен веб-қосымшалар қолданылады. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін орталықта ересек тұрғындарға тілдерді оқыту әдістемесі бойынша ғылыми-тәжірибелік семинарлар, оқу курстары, вебинарлар, тренингтер мен конференциялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар оқытушылар авторлық әдістемелік құралдарды, оның ішінде әртүрлі сала бойынша тілашар, диктант және мазмұндама жинақтарын, тест түрінде әзірленген ересек тыңдаушыларға арналған мәтіндер мен тапсырмалар жинақтарын және басқаларын шығарады.

Орталық биыл мемлекеттік тілдің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту бойынша облыстық деңгейде әртүрлі форматта 40-қа жуық шара өткізіпті. Бұл міндетті іске асыруға бағытталған жұмыстарды, әсіресе өзге ұлт өкілдері арасында жүргізуге басымдық берілген.
Мемлекеттік тілді оқыту және дамыту бойынша халыққа таныстыру мақсатында облыстық Altai TV телеарнасындағы «Жаңа Қазақстан» бағдарламасы аясында ай сайын телесабақтар, бағдарламалар, іс-шаралар  көрсетіледі.

Қаз  дауысты  Қазыбек  бидің  туғанына  335 жыл толуына  орай  «Шешендік шебері» облыстық байқауы, «Ономастика – мемлекеттік  идеологияның  бір тірегі»  атты көшпелі  семинар, «Ономастикалық атаулар   рухани құндылықтардың  негізі»  атты семинар, «Ұлттық ономастика – ел айнасы»  облыстық байқауы,    «Мемлекеттік тіл  және  БАҚ»  облыстық конкурсы, А.Байтұрсынұлының  150 жылдық   мерейтойы аясында  Тілдер  шеруі  фестивалі, «Дәуірдің дара  жұлдызы»  облыстық байқауы, М.Әуезовтің туғанына  125 жыл  толуына  орай Әуезов  оқулары  облыстық байқауы,   «Тіл мен тәуелсіздік – егіз  ұғым» атты  облыстық байқауы өткізілген.

Тыңдаушылар  ғалым, педагог, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлт ұстазы» тақырыбында диктант жазды. Мерейтойлық күнге орай «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілін оқыту әдістемесі» облыстық онлайн-семинары және «Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы және ұлттық тіл мәселелері» облыстық ғылыми-практикалық конференциясы ұйымдастырылған.  Катонқарағай ауданында өткен конференцияның қорытындысы бойынша Лингвистикалық орталық директорының орынбасары Ы. Райханқызының және оқытушы Л.Қайдарованың баяндамалары жоғары бағаланған. Этнос  өкілдері арасында «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы»  облыстық байқауы, үш тілді  меңгерген жастар арасында  «Тіл шебері» облыстық байқауы, ШҚ лингвистикалық  орталығы  тыңдаушылары  арасында  «Ойна  да  күл, қазақша  біл»  тілдік  лагері, этностардың  тарихи  және  заманауи  жазба  мұраларын  сақтауды   қамтамасыз ету  мақсатында  Славян  мәдениеті  мен  жазбасы  күніне  арналған шаралар   өткізілген. Көрнекті  қоғам қайраткері, ағартушы ғалым, ұлт ұстазы
Ахмет Байтұрсынұлының  150 жылдық  мерейтойына арналған «Ахмет Байтұрсынов  – ұлт мұраты  жолындағы  ұлы  тұлға» атты  облыстық  ғылыми-практикалық  конференцияның да көтерген жүгі зор.
Конференцияға  Шығыстың ғалымдары, қалалық, аудандық ішкі саясат, мәдениет және  тілдерді  дамыту  бөлімдерінің басшылары, мамандары, тілдерді  оқыту  орталықтарының  директорлары, БАҚ  өкілдері  қатысты.
Аталған іс -шарада С. Аманжолов атындағы ШҚУ қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, ф.ғ.к.
С.Қасенов «Ахмет Байтұрсынұлы мұраларындағы алашшылдық», Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы директорының орынбасары Ы. Райханқызы «Қазір жаңа  деп танылған  әдістемелердің  көпшілігі Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінен  бастау алады»,  С.Аманжолов атындағы ШҚУ “Абайтану” ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы А.Картаева «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш идеясы», Катонқарағай  ауданының мемлекеттік және  басқа  тілдерді  оқыту  орталығының  директоры  Ә.Сүлейменова  «Ахмет Байтұрсынұлы  еңбектеріндегі  жазу  мәселесі», Риддер қаласы Д.Қонаев атындағы  №3 орта  мектебінің  қазақ тілі  мен  әдебиеті   пәні мұғалімі, педагог-эксперт Ш.Қазиева  «Ахмет Байтұрсынұлының «Тіл –  құрал» еңбегінің тіл  білімі саласындағы  орны»,  Риддер  қаласының тілдерді  оқыту  орталығының директоры  Қ.Садықова  “А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі жазу мәселесі және бүгінгі латыннегізді қазақ жазуының төңірегіндегі сауалдар мен перспективалар” атты  тақырыптарда  мазмұнды  баяндамалар  жасап, ой-пікірлерімен бөліскен. Баяндама  жасаушылар  облыстық мәдениет басқармасының алғыс хаттарымен марапатталған.  Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының  директоры А.Фазылжан тіл саясатының дамуына қосқан үлесі үшін орталық директоры А.Абзаловаға және патриоттық эссе жазу байқауының жеңімпазы ретінде орталықтың оқытушысы Л.Қайдароваға  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының төсбелгісін тақты. Тәуелсіздік күніне орай орталық  ұстаздары   қазақ тілінің курсына қатысып жүрген  облыстық департаменттер,  басқармаларға  барып, тәуелсіздік тақырыбында  ақпараттық-танымдық сағаттар  өткізді.    Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығының қызметкерлері қазақ тілінің басымдығын арттыру және этносаралық келісімді нығайту аясында Өскемендегі халыққа қызмет көрсету  орындарын аралап, сөздіктер, тілдескіштер таратқан.
– Салиқалы тіл саясатын жүргізу қазақ тілін негізқұраушы тіл және ұлт бірлігінің тілі ретінде ілгерілетуге негізделуі тиіс.  Ғылым және жоғары білім министрлігі  нотариустармен нотариаттық iс-әрекеттердi жасау кезінде құжаттарды мемлекеттік тілде ресімдеу және ұсыну  мәселесі бойынша   нотариустар арасында жұмысты күшейту аясындағы тапсырмасы негізінде   Шығыс Қазақстан  лингвистикалық орталығының ұйымдастыруымен    «Тіл мәртебесі – мемлекет мәртебесі»  атты  семинар өткізді. Аталған семинарға облыстық нотариустар палатасының төрағасы Жанна  Бедельманова,  Өскемен қаласының нотариустары,  Әділет департаментінің  бөлім басшысы Раушан Нұрсадықова,  бас маманы Айгүл Болатқызы,  “Қазақ тілі”  қоғамының   төрағасы  Әскерхан Ақтай  қатысты. Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы мен нотариустар палатасы арасында мемлекеттік тілді дамыту бойынша іс-шаралар атқару туралы  екіжақты келісім жасалды. Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді дамытудың маңызы зор. Сол себепті мемлекеттік тілдің қолдану аясын одан әрі кеңейту және оның мәртебесін арттыру туралы мәселенің өзектілігі бір мысқал кемімеуі қажет, – дейді орталық директоры Әсемгүл Абзалова.

 

 

Осы айдарда

Back to top button