Кәсіпкерлік

Тігіншілікті ту еткен Нұржанат

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ

 Бүгінде ауылдарда аяғын нықтап басып, өркен жая бастаған саланың бірі – шағын кәсіпкерлік. Бұл жағынан Тарбағатай ауданында да табысты жандар аз емес. Әсіресе мемлекеттің демеуіне сүйеніп, мақсатын іске асыра бастағандардың қарасы қалыңдай түскен.

Солардың бірі – Ақжар ауылының тұрғыны Нұржанат Серік. Ол аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы «Еңбек» бағдарламасымен қайтарымсыз грант алып, тігіншілік кәсібін жандандырып, халыққа қызмет көрсетуде.

Бұрын медицина саласында жұмыс істеген ол кәсіпкерлікпен, яғни сүйікті ісімен айналысуды жөп деп тауыпты. Жалғызбасты ана болса да, қол қусырып үйде отырғанды я болмаса біреулерден көмек сұрағанды құп көрмеді.

– Адам өзінің ерік-жігеріне сүйеніп, еңбекке талпынуы тиіс. Маған кәсіптің ішінде тігіншілік жаныма жақын. Жұмысы адал, істегенің ел-жұрттың көз алдында. Тігіншілікпен 2018 жылдан бастап түпкілікті айналыстым. Анамнан көп нәрсе үйрендім, ол кісі үнемі қасымда. Мемлекет жастарға мүмкіндік беріп отыр, неге соны пайдаланбасқа?! – дейді жас кәсіпкер Нұржанат Серік.

Ол кәсіптік колледжде оқып, тігіншілік мамандығын игерді. Кейін Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінді. «Еңбек» бағдарламасы арқылы қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Алған қаражатқа тігін машинасын және басқа да қажет құрал-жабдықтар сатып алды.

Қазір тігін ательесінде құрақ көрпе, ою көрпе, қоржын, қыз жасауын, перде тігу, бүлінген киімдерді жөндеу секілді тапсырыстар қабылдайды. Тапсырыс берушілер жетерлік, табысы жақсы.

 

Осы айдарда

Back to top button