Қоғам

Тәжірибесі мол адам

Берікхан Тайжігіт, Үржар

Көлденең ауылының тұрғыны, байырғы механизатор Сергей Актелов әлі де еңбектен қол үзбеген адам. Колхоз «Юбилейный» болып, өз алдына дүркіреп тұрғанда Сергей комбайн, трактор жүргізіп,шаруашылықтың қат-қабат шаруаларының арасында жүрсе, бүгінде әлі де сол ісінен қол үзе қойған жоқ.

Ол әлі де Мамырбек Қарашев жетекшілік ететін «Юбилейный» ЖШС –інде агроном, диқан. Тарбағатайдың қойнауында ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп жатқан  аталмыш серіктестік жыл сайын ауданға  миллиондап қаржылай инвестиция тартып келеді. Серіктестіктің жеті мың гектардан астам жері бар. Оның басым бөлігі егістік болса, екі мың гектары шабындық, жайылымдық жерлер.

-Осынау ұлан-ғайыр жерлерге дәнді, майлы дақылдар егіп, өсіріп, оны баптап, қамбаға құйып алғанша диқан қауымының тыным таппайтыны рас, -дейді Көлденең ауылдық округінің әкімі Сайлаухан Естемесов. -Тіпті, оны қамбаға құйып ағаннан кейін де сақталу технологиясын меңгермейінше, өнімді кәдеге асыра алмайсыз. Міне, Сергей Актелов сынды азаматтардың диқан қауымының бір жағына шығар шағы осы кез. Сергей Александрович те бір кездері «Аксаковка» аталған Көлденең ауылында туып-өсті. Осындағы орта мектепті аяқтап, әскер қатарынан келісімен, бүкіл өмірін осы салаға арнаған жан.

Бүгінде жасы 60-тан асса да әлі де қатардан қала қоймаған С. Актеловтың өзінен кейінгі жастарға берер үлгі-өнегесі мол. Ол «Юбилейный» ЖШС  құрылғалы бері осы шаруа құрылымының ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан жан. Атап өтерлігі, серіктестік басшысы Мамырбек Қарашев мұндай көргені көп, тәжірибесі мол адамдарды үнемі көтермелеп, жастарға үлгі етіп отырады. Мәселен, Сергей Актелов ұзақ жылғы ерен еңбегінің өтеуі ретінде өткен жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

-Әрине, бабаларымыз «Еңбек етсең-емерсің» деген ғой. Үш бала тәрбилеп, әлденеше немере сүйіп отырған Сергей Александрович өзінің еңбексүйгіш қасиетімен ел ықыласына бөленген, ардақты азамат,-дейді «Юбилейный» ЖШС директоры Мамырбек Қарашев.-Өздеріңізге мәлім, бүгінде ең тәжірибелі механизаторлардың жасы 50-ге келді. Актелов сынды осы Көлденең ауылының кейінгі елу жылдық тарихының куәгері жоққа тән. Шынын айту керек, біздің серіктестіктің өркендеуінің өзі осындай азаматтардың арқасы ғой. Сондықтан, Сергей Актеловты қалай марапаттасақ та жарасады.

Иә, шынында да жыл сайын соңғы үлгідегі жаңа техника алып, шаруа құрылымының техникасын жаңартып келе жатқан мұндағылардың бүгінгі күні мұрттарын балта шаппайды десе де болады.

Қазір Көлденең ауылындағы «Юбилейный» ЖШС –не қарасты астықты алқаптарда соңғы үлгідегі Американың «John Deere», Швецияның «Watterstat» фирмасының «Топ Таун-600» маркалы ауылшаруашылық техникаларын, Англияда шығарылған JCB жүк тиегіштерін, украиналық екі СЗ-6 тұқым сепкіштерін, күнбағыс дақылын оруға арналған «Акrоs» комбайндарын, италиялық «МaterMass» тұқым сепкіштерін көптеп көруге болады.

Мұның бәрі өзінің іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен кейінгі жастарға үлгі болып келе жатқан «Юбилейный» ЖШС-нің басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Мамырбек Қарашевтың арқасы деуге болады.  Ал Мәкең де, оның қарамағында еңбек ететін С. Актелов те бүгінде Тарбағатайдың қойнауында ел ырысын еселеп жатқан жандардың бірі.

Берікхан Тайжігіт, Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button