Білім

Тест тапсырушылардың қатары артып келеді

Тест тапсырушылардың қатары артып келеді


Мемлекеттік тілді қаншалықты деңгейде білетініңізді анықтағыңыз келсе, ҚАЗТЕСТ тапсырыңыз. Бүгінгі таңда TOEFL, IELTS, DALF/DELF, DSH, CELI, TOMER, TРKИ секілді халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің қағидаттарына негізделген ҚАЗТЕСТ жүйесіне ел азаматтарының қызығушылығы ерекше артып отыр. Осы орайда облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының жанындағы Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы Ұлттық тестілеу орталығымен бірлесіп, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің тіл деңгейін анықтауға кірісіп кетті. Сәуірдің 26-27 аралығында өткен диогностикалық және сертификаттық тестілеуге барлығы 5358 адам қатысcа, олардың 1186-сы сертификат алуға ниет білдіріпті.

– Қазір Шығыс Қазақстан облысында ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік қызметшілердің, жалпы Қазақстан азаматтары мен шетелдік азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау жұмысы жүріп жатыр. Бұл ҚАЗТЕСТ жүйесі тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіледі. Мемлекеттік бағдарламаның мақсатты индикаторлары бар, сол индикаторларда қай саланың маманы қандай деңгейде, қай жылға дейін, қандай пайызда мемлекеттік тілді білуі керек екендігі анық көрсетілген. ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу екі деңгейде өткізіледі: диагностикалау және сертификаттау. Диагностикалық тестілеу дегеніміз мұнда азаматтар өздерінің мемлекеттік тілді қай деңгейде білетінін анықтайды. Ал екінші, сертификаттауға арналған тестілеу мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтап қана қоймай, оны растайды және бағалайды.
Сертифкаттық тестілеу тапсырған азаматтарға сертификат беріледі. Сертификаттың мерзіміне келсек, алғашқы А1, А2, В1, В2 деңгейлері үшін екі жыл, С1 деңгейі үшін бес жыл, – дейді ҚАЗТЕСТ жүйесін ұйымдастыру ғылыми-әдістемелік зертханасының аға сарапшысы Сәбира Мінатайқызы Сапина.

Оның айтуынша, әзірге ҚАЗТЕСТ тапсыруды міндеттейтін қандай да бір нормативті-құқықтық акт болмағанымен, оны тапсыруға ниет білдірушілердің қатары жыл сайын артып келе жатқаны байқалады екен. Бүгінде ҚАЗТЕСТ тапсыру тек «Болашақ» бағдарламасына тапсырушы үміткерлерге, мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусы мен Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері үшін ғана міндетті көрінеді. Сәбира Мінатайқызы болашақта ҚАЗТЕСТ тапсыру, әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін міндетті болады деп үміттеніп отыр.

– Әр елдің өзінің тестілеу жүйелері бар. Мысалы, егер сіз Германия, Ұлыбритания секілді мемлекеттерде өмір сүргіңіз, азаматтығын алғыңыз келсе, міндетті түрде мемлекеттік тілге тест тапсыруыңыз қажет. Болашақта ҚАЗТЕСТ те сондай деңгейге жетеді деп үміттенеміз, – дейді ол.

ҚАЗТЕСТ жүйесін ұйымдастыру ғылыми-әдістемелік зертханасының аға сарапшысы Сәбира Сапина тест тапсырмаларының барлығы әлемдік тәжірибені зерттеп, солардың негізінде жасалғанын айтады.

– Әрине, тыңдалым, оқылым, жазылым, лексико-грамматикалық секілді төрт бөлікте де біздің өзіміздің тіліміздің ұлттық ерекшеліктері сақталады. Қолданыстағы төрт бөліктің барлығы қаншама ғалымдардың, зерттеушілердің сараптауынан өтіп, әзірленген дүние. Ал бірақ құрылымы жағына келсек, TOEFL, IELTS сияқты халықаралық тілді бағалау жүйелерінің техникалық жағы алынған, – дейді ол.

ҚАЗТЕСТ тапсыруға ниет танытушылар «Казтест.кз» сайтына кіріп, байқау сынағынан өтуіне болады екен. Белгілі бір деңгейден өтпей қалсаңыз, тағы да бағыңызды сынап көруіңізге болады. Тіпті бес деңгей бойынша оқу құралдары да бар, керегін жүктеп те алуға рұқсат.

– Мемлекеттік тілді білу деңгейі жағынан әрине, еліміздің оңтүстік, батыс өңірлері көш басында тұр. Ал Шығыс Қазақстан жайында әзірге ештеңе айта алмаймын. Бүгінгі тестілеудің нәтижесі тек бір айдан кейін белгілі болады, – дейді Сәбира Мінатайқызы.

Біз облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың Шығыс Қазақстан лингвистика орталығы директорының міндетін атқарушы Эльвира Еркінбекқызымен де тілдестік.

– Елбасының Жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында ҚАЗТЕСТ жүйесіне де басымдық берілген. Сондай-ақ Президент 2020 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі 90 пайызға жетуі керек деген талап қойғаны белгілі.

Тест тапсырушылардың қатары артып келеді

ҚАЗТЕСТ – ел азаматтарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалайтын бірден-бір жүйе. Қазіргі күнде ҚАЗТЕСТ республика аймақтарына да толық енген үдеріс деп айтуға болады. Әлі жас болса да, бұл ғылыми негізделген, қарқынды дамып отырған республикалық жоба деп толық сеніммен айта аламын. Біздің орталықта мемлекеттік тілді ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде оқыту курстары жүреді. Мұнда оқытушының рөлі де өте маңызды. Оқу курсы аяқталғаннан кейін, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауға арналған сертификаттық тестілеуден өту ұсынылады. Жалпы, біздің облыс тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының міндеттерін жүзеге асыруға белсене қатысатын аймақтардың бірі. Осы сәуір айында өткізіліп отырған тестілеудің бірінші кезеңіне жалпы 4000 адам қатысады деп жоспарланған болатын. Тестке қатысуға ниет білдірген облыстық департаменттер мен басқармалар, қалалық, аудандық мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік қызмет көрсету ұйымдарының (денсаулық, білім беру, пошта, ХҚКО, әскери бөлім) қызметкерлеріне тіл оқыту орталықтары тарапынан тесттің құрылымы мен мазмұны және тестіленушілерге қойылатын талаптар жөнінде біздің орталық тарапынан жан-жақты түсіндіріліп, толыққанды ақпарат берілді, – дейді ол.

ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы сертификаттық тест тапсырушылардың бірі – облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Айдын Қуандықов.
– Мемлекеттік қызметте жүргеннен соң, тілді білу өте маңызды. «Қазтест» тапсыру менің көптен бері ойымда жүр еді. Сәті бүгін түсіп, қуанып тұрмын. Жалпы, негізі мен ана тілімді жақсы білемін. Өзім Самар ауданына қарасты Казнаковка ауылында дүниеге келгенмін, бірақ мектепті қалада оқыдым. Бірақ кейде қазақ тілін қанша жақсы білемін дегеніңмен, әдемі де көркем сөйлеуге қиналып жатамыз. Осы жолы сертификаттық тестілеуден өтіп, білімімді анықтап, растағым келеді, – дейді Айдын. Ал облыстық білім саласын бақылау департаментінің қызметкері Салтанат Дүйсембекова бұл жолы диагностикалық тестілеу тапсырды. Катонқарағай ауданы Большенарым ауылындағы Дамитов атындағы орта мектепті бітірген Салтанат та өзінің тілді білу деңгейін анықтап алғысы келгенін айтады.

Бір атап айтарлығы, осы жолғы тестілеуге Шығыс Қазақстан өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаменті ерекше белсене қатысқанын айта кеткеніміз орынды болар. Департамент басшысынан бастап мамандардың барлығы 100 пайыз қатысып, мемлекеттік тілді білу деңгейлерін анықтау үшін бірі диагностикалық, тағы біреулері сертификаттық тестілеу тапсырды.

– Біз ШҚ лингвистикалық орталығымен тығыз жұмыс істейміз. Орталық мамандары біздің мекеме қызметкерлеріне мемлекеттік тілді оқытып, үйретіп жатыр. Мемлекеттік тілді жетік білу – әрқайсымыздың азаматтық борышымыз, – дейді осы мекеменің маманы Шырайлым Арынқанова.

Мейрамтай Иманғалиева

Осы айдарда

Back to top button