ТЕРГЕУШІ 13 МЛН ТЕҢГЕНІ ҚҰРТҚАН
Шығыс Қазақстан облысының экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі сотталды.
Өскемен қаласының №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 наурызда сотта автомобильдi жымқыру мақсатынсыз иеленіп алу және ауыр салдарға алып келген лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану түрінде жасаған қылмыстары үшін облыстағы экономикалық тергеу департаментінің тергеушісіне қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 2022 жылы сотталушы Шығыс Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер бойынша тергеушісі бола тұра қылмыстық іс бойынша айыпталушылардан тәркіленген, оған қылмыстық қудалау органының депозитіне салуға тапсырылған 13 321 040,98 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты жымқырып, талан-таражға салған. Сонымен қатар іс бойынша айғақтық зат болып саналатын «SKODA KODIAG» автокөлігін ұрлау мақсатынсыз заңсыз иемденген.
Сот тергеушіні қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Сотталушы экономикалық тергеу қызметінің капитаны арнаулы атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Жамал Ермен