Мәдениет

«Тендерге түскен келіншекті» тамашалады

«Тендерге түскен келіншекті» тамашалады

Былтыр Өскемендегі облыстық драма театрының жанынан құрылған Жастар театры көрермендерді тағы бір жаңа қойылыммен қуантты. Бұл жолы театр жазушы-драматург Медеу Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасын сахналап, санасында саңылауы бар көрерменге көп ой салды. Қойылымның тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен шығарма авторы Медеу Сәрсеке қатысты.
Соңғы кездері тілдік қорымызға мықтап енген сөздердің бірі «тендер» екені сөзсіз. Тіпті «тендерсіз» тіршілігіміздің шырайы да кірмейтін болды. Көп дүниенің күрмеуін «тендер» шешіп жатқаны да шындық. Бірақ көрерменнің назарына ұсынылып отырған шығарманың «Тендерге түскен келіншек» деп аталуы неліктен? Құдай-ау, біреудің ақ некелі жары да тендерге түсуші ме еді? Байқасаңыз, ә дегеннен-ақ спектакльдің тақырыбының өзі көрерменнің қызығушылығын оятып, ынтықтыра түседі. Сөйтсек, мынау заманда ар мен ұяттың, махаббат дейтін асыл сезімнің «тендерге» түсуі тым оңай екен. Бұл туындыда драматург бір отбасының басында орын алған қайғылы жағдай арқылы бүкіл қоғамның ащы шындығын алға тартады.
Бәрі де сол жалғыз ұлдың абайсызда көлігімен адам қағып кетуінен басталады. «Қарғайын десем жалғызым, қарғамайын десем жалмауызым» дегендей, қу жалғызды түрмеден құтқару үшін ата-ана бар амалды қарастырады. Тергеушінің де құлқыны кең. Сұрағаны – 100 мың доллар. Ұлын үйлендіріп, немере бағып отырған отбасында мұндай қаржы қайдан болсын. Қанша жерден шарқ ұрып іздегенімен, таппайды. Жүйкелері жұқарып, әбден қиналған кездерінде тығырықтан шығудың жолын Таубайдың туысы, бір кездері өздері бағып-қағып адам қатарына қосқан, бүгінде адвокат болып жұмыс істейтін Жорабек көрсетіп, аға-жеңгесіне Мырзабектен қарыз сұрауға кеңес береді. Мырзабек деген кім? Ол бүгінде қаладағы қалтасы қалың ең бай кәсіпкердің бірі. Бір кездері Сағилаға өліп-өшіп ғашық болған Мырзабектің қырықтың қырқасына шыққан келіншектен әлі де дәмесі зор. Бірақ өмір бойы біреуге қол жайып көрмеген Таубай арланып, Мырзабектен қарыз сұраудан ат тонын ала қашады. Жалғыз ұлдың темір торға тоғытылғанын көру ана байғұсқа оңай ма, еріксіз бұл іске Сағила бел буады. Оның үстіне «Ұлдарыңды құтқармасаңдар немерелеріңіз тірі жетім, мен тірі жесір болып қаламын» деп долданған келіні Айнагүлдің де сөзі сүйектен өтіп барады. Мырзабек Сағила сұраған соманы беруге келіседі, әрине. Бірақ оның да қоятын өзінің шарты бар. Осылайша жалғыз ұлдың жолы болып, сотталудан аман қалып, бостандыққа шыққанымен, айрандай ұйыған бір шаңырақ шайқалып, ортасына түседі. Жастайынан сүйіп қосылған қосағынан тірідей айырылған Таубай отағасы қоқыс жәшігін ақтарып, кезбенің тірлігін кешеді. Сән-салтанаты мол өмірге тез үйренген Сағила бір кездегі сүйген жары Таубайды артынан іздеп келіп, «бізді әбден ұятқа қалдырдың, бұл жүрісің не?» деп кінә тағады. Мырзабектің бір бөлмелі пәтер сатып алып беретінін де айтып, адамша өмір сүруге үгіттейді. Бірақ бұл ұсынысқа оңай көнетін Таубай ма? Ол Сағиланы әлі де сүйеді ғой. Сол үшін оны кешіруге де әзір. «Анауыңды тастап, маған қайтып келсең қайтеді?» дейді ол Сағилаға әлдебір үмітпен. Өкінішке қарай, үлде мен бүлдеге оранған Сағиланың бүгінде кезбе атанған күйеуіне қайтып оралғысы келмейді.
Бір атап айтарлығы, Жастар театры бұл спектакльді сахналап отырған төртінші өнер ордасы көрінеді. Осыған дейін Алматы, Талдықорған, Семей қалаларының театрында сахналанған психологиялық иірімі мол қойылымды Жастар театрының жүрексінбей қолға алуы ерекше атап айтарлық-ақ.
– Қазіргі кезде махаббаттың арзандап бара жатқаны, көптеген шаңырақтардың шайқалып, ортасына түсуі әркімді толғандыратын мәселе. Содан кейін қайыршылық өмір кешіп, кезбе атанғандардың ішкі жан дүниесіне ешкім барлау жасап жатқан жоқ. Не себепті олар сондай күйге түсті? Неге кезбе атанды? Шындығында, олардың сырт бейнесі кезбеге айналғанымен, ішкі жан дүниесі кезбеге айналған жоқ деп ойлаймын. Шығармада осы жағына көп мән бердім. Ал өмірде сырт тұлғасы бай көрінгенімен, ішкі әлемі кезбе болып жүргендер жетерлік, – дейді бізге берген сұхбатында спектакльдің режиссері Айдын Салбан. Бұл жас режиссердің «Қара пимадан» кейінгі сахналаған үлкен дүниесі. Сонымен қатар, Айдын бірнеше балаларға арналған спектакльдерді де сахнаға сәтті шығара білді.
Спектакльде Сағила рөлін сомдаған жас актриса Бегімнұр Қалила өзіне 40-тан асқан әйелдің көңіл күйін, жан күйзелісін берудің оңайға түспегенін айтады.
– Менің жасым 22-де болғанымен, кейіпкерімнің жасы – 40-45-терде. Сондықтан да болар маған бұл образға ену өте ауыр болды. Десе де бар өнерімді салып, мінсіз сомдауға тырыстым, – дейді ол.
– Бұл драмаға арқау болған – қазіргі өмірдің бір анайы көрінісі, күнделікті тіршілікте өзіміз көріп жүрген оқиғалар. Мен осыны жүрегіммен сезініп, осыдан 5-6 жыл бұрын Семейдегі үйімде қоқыс жәшігін ақтарған кезбе адамдармен сөйлесіп отырып, жазып шықтым. Осы пьеса арқылы өмірде орын алатын бақытсыз жағдайлардан жастарды сақтандырғым келді, – деді қойылым соңынан сахнаға көтеріліп сөз алған «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық ақпарат академиясының академигі, жерлес жазушы Медеу Сәрсеке.
Тұсаукесерде қойылымды автордың қасында отырып тамашалаған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да сөз сөйледі.
– Медеу Сәрсеке ағамызды өздеріңіз жақсы білесіздер. Бұл кісі біздің өңіріміздің абыз ақсақалының бірегейі. Семейдің қасіретті тағдыры, тарихи тұлғаларымыздың сан қырлы шынайы өмірін жазып, жарыққа шығарып жүрген сүйікті жазушымыз. Бүгінгі Жастар театры сахналап отырған пьесаны мен Алматыдағы Әуезов театрынан көрген едім. Семей театрының қойылымын да тамашаладым. Десе де Жастар театры бұл спектакльді өзіндік бояуымен, жастық жалынмен ерекше қойды деп айта аламын, – деген облыс әкімінің орынбасары биыл драма авторының сексеннің сеңгіріне шыққанын айта келіп, облыс басшысының атынан Медеу ақсақалдың иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button