Мәдениет

Теміржолшы-музыкант әлемге қалай танылды?

«Құдай берем десе, «форточкадан» да береді» демекші, Иманбек Зейкенов есімді жас жігіт бір-ақ күнде әлемге әйгілі болып шыға келді. Оның дайындаған ремиксі Американың беделді «Грэмми» сыйлығына ұсынылды. Бұл дегеніңіз енді, шынымен, таңғалдырар дүние! Иманбектің өзі «Мүмкін емес қой мынау. Достар, мен айналамда болып жатқан осы оқиғаларға сене алмаймын» деп жазады инстаграмда.

Иманбек Павлодардағы көлік және коммуникациялар колледжінде студент, сонымен қатар сол облыстағы  Ақсу қаласында теміржолшы болып жұмыс істейді. Бос уақытында танымал әндерді өңдеп, ремикс жасаумен айналысады. Ол SAINt JHN ныспысымен танымал америкалық рэпердің 2016 жылы шыққан Roses атты әнін былтыр өңдеген. Сосын «ВКонтакте» желісіне жүктеген. Иманбектің ремиксі интернеттің күшімен ТМД елдерін шарлап, кейіннен Еуропа, Америкаға танылып кетеді. Бүгінде оның жұмысы Shazam қосымшасында әлемдік рейтингте бірінші орында, ал америкалық Billboard тізімінде үздік 25-тің ішіне енді.

– Әннің ремиксін екі сағатта жазып шықтым. Әлеуметтік желіге былтыр 21 наурызда жүктедім. Адамдар парақшаларына бөлісіп алып кетіп жатты. Әрине, бейресми істелген дүние ғой… Мән берген жоқпын. Кім тыңдайды мұны деп жүре бергем. Біраз уақыт өткеннен кейін Effective Records деген ресейлік музыка компаниясының өкілі Кирилл Dzham менімен байланысқа шықты. «Бұл ремиксіңді ресми таныстыр» деді. Сосын ол аталмыш әннің авторымен келісімге келіп, рұқсатын алып берді. Осылайша насырға шабуы мүмкін іс ретке келді. Әйтпесе, Кирилл маған дер кезінде ескертпесе, желілер менің ремиксімді «ұрлық» деп бұғаттап, тиісті органдар арқылы жазаға да тартуы мүмкін екен. Қазір Кирил менің менеджерім болды. Ал әннің авторы өзі менің ремиксімді парақшасына салып қойды, – дейді Иманбек.

Бүгінде әлемге танымал Иманбекке бірге жұмыс істеуге ұсыныс тастаған кәсіби музыканттар көп. Оның инстаграм желісіне жүктеген бір видеосын 100 мыңнан астам адам көреді. Ал ютубтағы аталмыш Roses ремиксін 119 миллион адам тамашалап, 1,6 миллион адам лайк басқан. Сенесіз бе?

Иманбекке журналистер де жиі қоңырау шалатын болған. Онымен алғашқылардың бірі болып сұхбаттасқан «Тенгриньюс» сайтының тілшісі Ренат Ташкинбаев инстаграм желісіндегі жас музыкант туралы пікірін білдірді.

«Өмір деген қызық. Біреулер ерте жасынан музыкалық білім алады. Түрлі конкурстарға қатысады. Осы жолда жан-тәнін салып, барын береді. Өзінің немесе баласының талантты, білімді екенін дәлелдеуге тырысады. Алайда ол күткен ғажайып келмейді. Иә, ол музыкант, орындаушы, шығармашылық адамы болады. Бірақ супержұлдыз емес…

Сол сәтте шағын ғана Ақсу қаласында, әлдебір көктемнің таңында 19 жастағы теміржолшы студент компьютеріне таяп келеді. Келеді де екі сағатта жер шарына танылатын трек жаза салады.

Бұл қалай өзі? Мүмкін бәрі алдын ала жазылып қоятын шығар», – деп жазады журналист.

Иманбек алдағы уақытта музыка саласында жұмыстарын жалғастыра бермек. Интернеттегі табысы еңбекақысынан анағұрлым көп болса да, теміржолдағы жұмысынан шығуды әзірге ойлап отырған жоқ. «Күтпеген танымалдыққа мен мүлде дайын емеспін», – дейді теміржолшы-музыкант.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button