Білім

Темірлан жеңімпаз атанды

       Қазақстанның құрама командасы информатика пәні бойынша өткен 32-ші Халықаралық олимпиадаға (International Olympiad in Informatics – IOI 2020) қатысты. Әлемнің 80-нен астам мемлекетінен командалар қатысқан жарыста Өскемендегі дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған Білім инновация лицейінің түлегі Темірлан Байболов жеңіс биігінен көрініп, күміс медаль иегері атанды.  

Бүкіл әлемнің ең жас программистері жиналған  халықаралық олимпиадада Темірланның жеңімпаз атануы –тек облыс үшін ғана емес, еліміз үшін де үлкен мәртебе. Қазақстандық команданың құрамына информатика пәні бойынша республикалық олимпиада мен іріктеу турының нәтижелері бойынша жеңімпаз атанған төрт оқушы кірген, соның бірі – Темірлан. Аталған білім додасы әлем бойынша ақпараттық технологиялар саласында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген дарынды оқушыларды анықтау және қолдау мақсатында жыл сайын ұйымдастырылады. Олимпиада екі айналым бойынша өткізіліпті. Айналымдар барысында қатысушылар информатика және АКТ бойынша қабілеттерін көрсетіп, алгоритмдік есептер орындаған. Қатысушылардың жұмыстарын құрамына қатысушы мемлекеттердің өкілдері енген халықаралық қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде, IOI 2020 нәтижелері бойынша Өскемен қаласы Білім-инновация мамандандырылған лицейінің түлегі Темірлан Байболов күміс медаль жеңіп алды. Темірланның жеңісі бұл ғана емес. 2018 жылы Темірлан Алматыда өткен Еуразиялық олимпиадада Алтын медаль иеленген болатын.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button