Телефон ұстауға тыйым салынбақ
Бүгінгі таңда ақпарат көзінің көбі интернетте болғандықтан телефонға жиі жүгінетініміз рас. Ал Google-дің көмегіне жүгіне беру жалқаулық пен жаттандылыққа алып келуі бек мүмкін. Сондықтан білімнің күретамыры саналатын мұғалім мен оқушының телефон ұстауына тыйым салынбақ.
Ендігі кезекте білім беру ұйымдарында тәртіп қатал, ереже қатты болмақ. Оқушыларды телефоннан оқшаулау арқылы олардың қауіпсіздігінің алдын алып, жауапкершілікті күшейтпек. Сондықтан сабақ үстінде мұғалімге де, оқушыға да ұялы телефон ұстауға тыйым салу ұсынылып отыр. Ұсыныс туралы ақпарат «Ашық» НҚА порталында жарияланды.
«Білім алушылар білім беру ұйымынан тыс болған кезде олардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері жауапты болады. Ал білім беру ұйымында жауапкершілік педагогтарға жүктеледі», деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығында.
Сонымен қатар оқушылардың тәртібіне қатысты мәселелер де талқылауға шығарылған ұсынысқа енгізілген. Бұйрықта жазылғандай, мектепте тәртіп бұзған оқушылар ата-анасы мен заңды өкіліне ескертілмей білім ордасынан ешқайда кете алмайды делінген.
«Білім алушы теріс қылықтар жасағанда, мектептің ішкі тәртіп қағидалары талаптарын бұзғанда оны сабақтардан шеттетуге, сондай-ақ ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің қасында еріп жүруінсіз білім беру ұйымынан шығаруға жол берілмейді. Білім беру ұйымы ата-аналарды немесе өзге де заңды өкілдер керек болған жағдайда оларды білім беру ұйымына шақырып, болған жағдай туралы хабардар етеді және тиісті шаралар қабылдайды», деп жазылған жаңа редакцияда.
Бұйрық 28 наурызға дейін ашық талқыланады.
Алтай Ғали-Асқар