Қылмыс

Телефон терроризмі тыйылмай тұр

Терроризм – көптеген жазықсыз адамдардың өліміне, бейкүнә жандардың азап шегуіне әкелетін зұлымдық. Соңғы уақыттарда оның түр-түрі шығып жатқаны өкінішті. Әсіресе телефон арқылы хабарласып, мектепке немесе балабақшаға, не болмаса басқа да мекемелерге «бомба қойылды» деп елді де, күштік құрылымдар мен тиісті органдар өкілдерін де әбігерге салатындар көбейді. Сондықтан бұлайша «қалжыңдасуға» шешім қабылдағандарға, яғни қойылған жарылғыш құрылғы туралы немесе дайындалып жатқан терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат хабарлағандарға деген көзқарас қоғамда күрт теріс, айыптаушы болуы, ешқандай кешірілмеуі тиіс.

 

Балалық па, әлде ақымақтық па?

 

Нақтырақ түсіндіре кетсек, телефон терроризмі – дайындалып жатқан терроризм актісі немесе салынған құрылғы туралы көрінеу жалған хабарлау. Мамандардың айтуынша, мұндай хабарламаны елемеуге болмайды. Міндетті түрде адамдарды қорғау, олардың өмірін сақтау үшін әрдайым тексеру қажет. Сондықтан осындай хабарлама келіп түскен кезде адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға арналған барлық қызметтер дабыл бойынша көтеріледі. Олардың қатарында полиция, төтенше жағдайлар, жедел жәрдем қызметі, кинологтар және басқа да арнаулы қызметтер бар.

Телефон терроризмінің кесірінен ғимараттан адамдарды эвакуациялау жүргізіледі, жұмысын еш тоқтатуға болмайтын мекемелердегі жұмыс процесі де үзіледі. Тіпті кейбір жағдайларда бұл жалған хабарлама қолайсыз жайттарға және басқа да қайғылы жағдайларға душар етуі мүмкін.

Мәселен, жалған хабарламалардың жартысына жуығын білім беру мекемелерінің оқушылары жібереді екен. Бұл сонда балалық па, әлде ақымақтық па? Балалардың отпен ойнауы ма немесе саналы түрде жасалған қадам ба? Неліктен балалар осыған барады? Олардан алынған, ең көп таралған жауап –  «әзілдегім келді». Мұндай әрекеттерді «әзіл» деп атауға да болмайтыны баршаға белгілі. Кейбір тентектеу оқушылардың сабақ болмасын деп әдейі жасауы да мүмкін ғой. Ескерте кетсек, электрондық технологияның қазіргі даму деңгейінде мұндай «әзілкешті» оңай әрі жылдам анықтауға болады екен.

Мамандардың айтқандарына назар аударсақ, қазіргі кезде дауысты сәйкестендірудің автоматты құрылғылары бар және олар кәдімгі адамның құлағына жасырылған интонациялық ерекшеліктерге негізделген сөз тіркестерінің үзінділерінде дауыс иесін «анықтай» алады.  Құқық қорғау органдары осындай «қылмыс жасаушы дауыстардың» иелеріне деректер банкін құруды қолға алды. Айта кетейік, «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабы бойынша айыпталып, бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

 

Бір емес, екі рет жалған хабарлама жіберіп, сотталды

 

Енді болған оқиға туралы нақты фактіге тоқталайық. Мәселен, 2020 жылдың 8 тамызында 2004 жылы 28 сәуірде туған Семей қаласының тұрғыны Нұрасыл Жампейісов Шәкәрім даңғылы бойындағы тұрғын үйлердің және сауда орталықтарының бірінде жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған смс-хабарлама жіберген. Ол аздай, 2020 жылғы 27 тамызда тағы сол Н.Жампейісов 102 жедел арнаға қалалық әкімдік ғимаратына жарылғыш зат қойылғаны туралы қоңырау шалған.

Тергеу іс-шаралары барысында жасөспірімнің телефон терроризмінің екі фактісіне де қатысы бар екені анықталды. Нұрасыл бұл әрекетін мойындап, оған қатысты келу міндеттемесі түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды. Аталған факті ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Осы әрекеті үшін кәмелетке толмаған құқық бұзушы 2020 жылғы 30 қарашада облыс бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық №2 сотының үкімімен Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша пробациялық бақылау белгілей отырып, 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеуге сотталды. Үкім 2020 жылғы 20 желтоқсанда заңды күшіне енді.

Естеріңізге сала кетейік, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін қылмыстық жауапкершілік қылмыс жасалған кезде 14 жасқа толған адамға қатысты туындайды. 14 жасқа толмаған оқушыларға жауапкершіліктің бұл түрі қолданылмайды.

Алайда оқушының жасына қарамастан, оның ата-анасына (оқушының жеке мүлкі мен табысы болмауы себепті) хабарлама арқылы келіп түскен қатерлерді тексеру жөніндегі арнайы іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты келтірілген материалдық залал үшін жауапкершілік жүктеледі.

Террористік акт туралы жалған хабарлама білім беру процесінің бұзылуына әкеп соқтырады. Сондықтан егер білім беру мекемесінің жарғысында оқушылардың мұндай әрекеттері өрескел бұзушылықтар ретінде анықталса, онда 15 жасқа толған студент оқу орнынан шығарылуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары кезекшінің пультіне келіп түсетін барлық қоңырауларға, тіпті егер олар телефоннан баланың дауысын естісе және хабарламаның көрінеу жалған екенін түсінсе де, жедел ден қоюға міндетті. Аталған фактілерді тексеру шаралары көп уақыт пен материалдық құралдарды қажет етеді. Болжамды террорлық шабуыл орнына полиция, құтқарушылар, кинологтар, өрт сөндірушілер, тергеушілер, арнайы қызмет мамандары және басқалар барады. Сол себепті келеңсіз жағдайдың алдын алуға жұмсалған маңызды сома телефон «әзілкештерінің» ата-аналарының иығына түседі. Сондықтан да мектеп оқушылары мен студенттер, өзге де ересек адамдар телефонды қолға алып, әдейі жалған хабарлама таратуға бекінбес бұрын, телефон терроризмінің одан арғы салдары туралы тағы бір мәрте ойланғандары абзал.

(Сурет республикалық aikyn.kz сайтынан алынды)

Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы негізінде әзірленді

Дәурен Аллабергенұлы

 

Осы айдарда

Back to top button