Сайлау-2023

Теледебат тікелей эфирде өтеді

Кезектен тыс Мәжіліс және мәслихаттар сайлауының қарсаңында, яғни 16 наурыз күні өтетін теледебатта азаматтар тікелей эфирде сұрақ қоя алатын болады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.

– «Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін әзірледі. Регламентке сәйкес, саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысы 3 раундта өткізіледі. Бірінші раунд 2 турдан тұрады. Бірінші тур – партияның таныстырылымы. Онда әр қатысушы өз партиясын таныстырады. Әр қатысушының сөз сөйлеуіне 2 минут беріледі. Екінші тур – пікірсайыс сессиясы. Мұнда қатысушылар қарсыластарына бір сұрақ қояды және бір сұраққа жауап береді. Сұрақ тұжырымына бір минут беріледі. Әр қатысушының жауабына 2 минут беріледі, – деді Орталық сайлау комиссиясы мүшесі Анастасия Щегорцова.

Екінші раунд та екі турдан тұрады. Бірінші тур – «Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында өзінің сайлауалды бағдарламасы туралы айту. Екінші тур – сайлаушылардан сұрақ. Әр қатысушы көрермендердің бір сұрағына жауап береді. Жауап беру уақыты – 2 минутқа дейін.

Үшінші раунд – сайлаушыларға арналған сөз. Соңғы раундта қатысушылар сайлаушыларға тікелей жүгінеді. Әр қатысушыға 2 минут беріледі. Осылайша пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақ қоюға, сайлаушылар сұрақтарына жауап беруге, сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы телевизиялық пікірсайысқа қатысушылардың тізімін мақұлдады. Атап айтсақ, Amanat партиясынан Ерлан Қошанов, «Ауыл» партиясынан Жигули Дайрабаев, «Respublica» партиясынан Айдарбек Қожаназаров, Халық партиясынан Ермұхамед Ертісбаев, «Байтақ» партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» партиясынан Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Нұрлан Әуесбаев қатысатын болды.

Осы айдарда

Back to top button