Білім

Технологияның тегеуріні һәм өрелі өнертапқыштар

  Цифрландыру – бүгінгі күннің талабы. Еліміз ақпараттық технологияларды өмірдің барлық саласына енгізу үшін нақты қадамдар жасап келеді. Адами капитал басты құндылыққа айналған заманда инновациялық жобаларды қаржыландырудың маңызы зор. Өскеменде IT форумды алғаш рет өткізгенде жас өнертапқыштарға он грант берілген еді. Бұл жолы олардың саны 15-ке жетіп отыр.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған «Цифрлық Шығыс» IT форумы барысында үздік Start-up жобалардың көрмесі өткен еді. Жобалардың барлығы мақтауға тұрарлық.

Македонский қызыққан ойын

Жобалар көрмесінде ерекше көзге түскені Семей қаласындағы үш тілде білім беретін Шәкәрім атындағы көпсалалы гимназияның 11-сынып оқушысы Әлішер Мәулетов жасап шығарған «Теңге алу» ұлттық ойынының компьютерлік үлгісі болды.

Көшпенді халқымыздың көптеген спорттық ойындары жекпе-жек өнерінен бастау алатыны белгілі. Мысалы, «Күміс алу» сайысында ат үстіндегі жігіттер жерден күміс құймалар мен теңгелерді іліп алып отырған. Кім көп көтерсе, сол жеңімпаз болады. Бұл сайыс көшпенділердің әскери ұрыс қимылдарымен тікелей байланысты. Мысалы, шайқас кезінде жауынгердің жебесі таусылса, ат үстінен түспей оқтан қорғану мақсатында бір жағына қисайып алып ұрысты жалғастыра беруі керек болатын.

Деректерге сүйенсек, Александр Македонский Орта Азияға сапары кезінде «Теңге алу» сайысын көргенде «Міне, жауынгердің нағыз дайындығы» деп қатты таңданыпты. Керемет күш пен ептілікті талап ететін бұл ойын күннен-күнге әлем елдерінің қызығушылығын оята түсті.

Әлішер Мәулетов осы ойынның виртуалды нұсқасын екі жылдың ішінде жасап шығарған. «Unity» бағдарламасы арқылы жасалған бұл ойын үлгісі әзірге 2D форматта. Болашақта 3D үлгісін жасап, компьютерге енгізген соң, оны PlayМаркет немесе AppStore қосымшалары арқылы жүктеп ойнауға болады.

Ойынның әуені күймен көркемделген. Фонының безендірілуі де ұлттық үлгіде. Он деңгейден тұратын қызықты ойын барысында Батыр күміс теңгелерді жинауы керек. Жолда кездесетін  қасқыр, тағы да басқа кедергілерді жеңіп өтуі тиіс.

Компьютердің пайдасымен қатар зияны жайлы да бәріміз білеміз. Әсіресе ондағы ойындар балалар мен жасөспірімдердің денсаулығы мен жүйке жүйесіне зақым келтіріп, ой-санасын улайтындығы ғылыми негізде дәлелденген. Оның салдарынан балалардың мінез-құлқы өзгеріп, айналасына немқұрайлы қарауды әдетке айналдырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қатыгездікке баулитын компьютерлік ойындарды психиканың бұзылуына әкеп соқтыратын, адам ағзасына қауіпті ойындар қатарына енгізуі бекер емес.

«Сондықтан да балалар шетелдің қатігездікке толы ойындарын ойнағанша, өзіміздің ұлттық «Теңге алу» ойынын үйреніп, ақыл-ойын дамытса» дейді ұлттық құндылықтарымызды насихаттап жүрген Әлішер. Жас программист болашақта «Бәйге», «Аударыспақ», «Қыз қуу» ұлттық ойындарының да компьютерлік үлгісін жасамақ ойда.

Әлішер Мәулетов осы жобамен 3D модельдеу бойынша өткен республикалық сайыста жүлделі екінші орынды иеленіп, IT фестивальдан да жүлдемен оралды. Ғылыми жобалар сайысында Семей қаласының  Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті ректорының грантын жеңіп алды.

Қазір 11-сыныпта оқып жүрген Әлішер болашақта IT саласының маманы болсам дейді.

«Теңге алу» жобасы үшін Әлішер Мәулетовке облыс әкімі Даниал Ахметов 527 500 теңгенің грантын тапсырды.

Баланың тамақ рационы қандай болу керек?

Тағы бір грант иегері, дарынды балаларға  арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының 10 «Б» сынып оқушысы Назлы Самарханова өзінің ғылыми жобасы үшін «Оқушыларға арналған салауатты тамақтануды ақпараттық қолдау жүйесі» атты бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірін таңдапты. Жобаға ұстазы Жанар Оразбаева жетекшілік еткен.

Мектепте оқу кезеңі балалар үшін өсу процесінің қарқындылығымен, бұлшық етінің және сүйек қаңқасының ұлғаюымен, зат алмасуының күрделі құрылымымен, эндокринді, жүрек-қантамыр, бас миы қызметінің ерекшеліктерімен сипатталады. Осы жастың тағы бір ерекшелігі, ақпараттың көптігі және мектеп бағдарламасының қиындай түсуі оқушылардың ақыл-ойына анағұрлым күш түсіреді. Оқушылардың тиімді тамақтануы түрлі инфекцияларға қарсы тұру және басқа да қолайсыз факторларға тұрақтылығын арттырады. Тиімді, салауатты тамақтану баланың көңіл-күйінің көтеріңкі және мектепте табысты болуына тікелей әсер етеді.

Тиімді тамақтану теңгерімін сақтамау функционалдық ауытқуларға және асқазан-ішек жолының созылмалы ауруларына, сонымен қоса ағзаның барлық жүйелерінің, иммунитеттің төмендеуіне, ағзаның әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғады.

Ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін оқушылар күнделікті қажетті көлемде дәрумендер мен минералдарды қабылдауы қажет.

Ғылыми дерекке сүйенетін болсақ, мектеп жасындағы балаларға 4-5 реттік тамақтану неғұрлым пайдалы болып саналады. Осы тамақтану тәртібі кезінде балалардың физикалық  даму жағдайы және жұмыс қабілеті жоғары деңгейде болады, дейді мамандар.

Әртүрлі жастағы топтарда байқалатын тамақтанудағы негізгі қателіктер әдетте бірдей. Бұл ең алдымен, тағамдағы көмірсу мен майдың артық болуы және көкөністердің, жеміс-жидектің тапшылығы. Осы олқылықтар адам денсаулығының жай-күйіне теріс әсер етеді. Зерттеулер көрсеткендей, жеміс-жидек пен шырынды күнделікті тұтынатындар саны көп емес.

Оқушыларға арналған салауатты тамақтанудың ақпараттық қолдау жүйесін жасау қазіргі кезде өте маңызды. Бұл  жүйенің маңыздылығы сол мектеп жасындағы балалардың күнделікті тамақтану режимін ұйымдастырып, бір қалыпқа келтіреді.

Жоба аясында салауатты тамақтанудың негізгі қағидалары зерттеліп, тиімді тамақтану рационын құру, салауатты тамақтанудың деректер базасын жобалау арқылы «Salauattamaktanu.exe» бағдарламалық құралы әзірленді.

Мектеп жасындағы балалардың дұрыс тамақтану рационы туралы мәселе ата-аналарды толғандырады. Өйткені дұрыс тамақтану – олардың денсаулығының, үлгерімінің және қалыпты дамуының кепілі. Диетологтардың пікірінше, оқушылардың тамақтануы теңгерімді болуы үшін қоректік заттардың дұрыс арақатынасы маңызды. Ас мәзіріне тек ақуыздар, майлар мен көмірсулар ғана емес, сондай-ақ алмастырылмайтын аминқышқылдары, дәрумендер, кейбір майлы қышқылдар, минералдар мен микроэлементтер бар өнімдер міндетті түрде кіруі тиіс. Ақуыздар, майлар және көмірсулар арасындағы арақатынас 1: 1: 4 болуы керек.

Оқушылардың тамақтануы оңтайлы болуы керек. Ас мәзірін құрастыру кезінде оның өсуі мен дамуы, сыртқы орта жағдайларының өзгеруі, дене немесе эмоциялық жүктеменің жоғарылауына байланысты ағзаның қажеттілігі міндетті түрде ескеріледі. Оқушы рационының калориялығы:

7-14 жас – 2500 ккал, 14-18 жас – 2600 – 3000 ккал, егер бала спортпен айналысса ол 300 – 500 ккал артық болуы керек.

Салауатты тамақтанудың ақпараттық қолдау жүйесі мәзірді құрастырудан басталады. Мәзір аптасына өзгертіліп тұрады, қайталанбайды. Балалардың жас ерекшеліктеріне қарай май, ақуыз, көмірсу мөлшерлері алдын ала есептеліп, күніне тұтынатын калория мөлшері анықталады. Осылайша, балаларға арналған дұрыс тамақтану рационы қалыптастырылады, екіншіден жасына қарай балалар үшін жеке мәзір ұсынылады, үшіншіден – балаңыздың күнделікті тамақ тұтыну мөлшерін біліп отырасыз.

Бағдарлама – «Басты бет», «Асхана», «Мәзір», «Қосу», «Құралдар» бетінен тұрады.

«Басты бет» терезесінде қанша оқушы тамақтанғаны көрсетіледі. «Асхана» терезесінде асханада болған оқушылардың статистикасы, яғни апта күні, жас деңгейі, аты-жөні көрсетіледі. «Мәзір» терезесінде апталық рацион, апта күні, жас категориясы, тамақтану уақыты, тағам атауы, ақуыз, май, көмірсу мөлшері көрсетіледі. «Қосу» терезесінде жаңа мәзір, тағам құрамын және өнім атауын көрсетеді.

«Salauattamaktanu.exe» бағдарламалық құралы мектеп оқушыларының тамақтану сапасын жоғарылатуға арналған.

Назлы Самархановаға осы жобасын жүзеге асыру үшін 1 297 975 теңгенің гранты берілді.

Ұрыдан қорғайтын құлып

Елімізде пәтер тонаумен байланысты қылмыстың артып отырғаны жасырын емес. Пәтеріңіз тоналды ма? Ұры табылып, тиісті жазасын алатындығына, шығындарыңызды қалпына келтіретіндігіне ешқандай кепілдік жоқ. Тоналу статистикасы жасалғанымен, бұл «ұсақ-түйек» ретінде қаралып, қылмыс ашылмауы, ұры ұсталмауы да мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын жүргізген артық етпес.

Тұрғындар өздерінің пәтеріндегі мүліктеріне мығым болуы үшін, әрине, сенімді құлып қажет. Осындай ақылды құлыпты Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 лицейдің оқушысы Ислам Талғат ойлап шығарды.

Ақылды электронды құлып тек смартфон арқылы ашылып-жабылады. Arduino + Android көмегімен жасалған заманауи құлып жобасының жетекшісі лицейдің информатика пәнінің мұғалімі Назерке Мырзахметова.

«Смарт-құлып баспанаңыздың қауіпсіздігін сақтайды әрі басқарылуы да қарапайым», дейді оның авторы Ислам. Құлыпқа кілттің қажеті жоқ. Ол есіктің арғы бетіне, яғни үйде орнатылады. Есіктің сыртқы жағынан  Bluetooth арқылы басқарылып, үй иесінің смартфонындағы құпия код арқылы ашылып-жабылады.

Ақылды құлыптың негізгі төрт функциясы бар:

құлыпты үйдегі Bluetooth желісінің шегінде орналасқан смартфон арқылы ашып-жабу мүмкіндігі;

үй иесі таяғанда автоматты түрде ашылады;

өзге қолданушыларға виртуалды кілтті беру және алу мүмкіндігі;

Wi-Fi арқылы смартфонмен қашықтан басқару.

Құлыптың барлық бөлшектері 3D үлгісінде жасалыпты. Құлыпты жасауда  Blender бағдарламасы қолданылған. Мұндай құлыпты бұзу қиын, тіпті мүмкін емес. Өйткені ол есіктің қай тұсында орналасқаны белгісіз.

Жобаны іске асыру үшін жас өнертапқышқа 430 мың теңгенің сертификаты берілді. Ұстазы Назерке Нұрланқызы дарынды шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button