Сұраңыз

Тегін оқуға түсудің жолдары қандай?

Тегін оқуға түсудің жолдары қандай?

– Мен 11-сыныпта оқимын. Грантқа түсудің қиындығын білемін. Егер мемлекеттік грантқа ілінбей қалсам, университетте тегін оқудың мүмкіндіктері бар ма?

Назерке Қамбарова
Көкпекті ауданы.


Бұл сауалға Өскемендегі бірнеше жоғары оқу орындарының өкілдері жауап береді:

Бауыржан Ердембеков, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры:
– Оқу ордамызда өткізілетін арнайы сайыстар мен олимпиадалар туралы толық ақпарат университетіміздің www.vkgu.kz ресми сайтында жазылған. Олимпиада немесе сайыс жеңімпаздары атанған талапкерлер мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша байқауға қатысқанда олимпиада пәнінің бейініне қарасты мамандық пен ШҚМУ кодын бірінші жолда көрсетіп, бірақ мемлекеттік грантқа түсе алмай қалса, бір жылдық ішкі грантты ұтып алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, жыл соңына дейін ұйымдастырылатын талапкерлер арасындағы «Менің Қазақстаным» сайысына қатысуға болады. Бұл туралы ресми сайттан қараңыз.
Манарбек Қылышқанов, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың оқу-әдістемелік іс жөніндегі проректордың міндетін атқарушы:
– Университетімізде мектеп түлектері үшін жыл сайын ректордың білім беру грантына арналған «Жас талап-KZ» сайысы және пәндік олимпиада ұйымдастырылады. Осы білім сайысында тапсырманың 70%-ын орындап, бірінші орын алған қатысушы ҰБТ-ны сәтті тапсырған жағдайда бейіндік пәніне сәйкес «Сәулет» және «Дизайн» мамандықтарынан басқа мамандықтарға ректордың грантына түсіп, ШҚМТУ-да тегін оқу құқығына ие болады.
Галина Конопьянова, Қазақ-Американ еркін университетінің оқу жұмысы және білім беру бағдарламалары бойынша вице-президенті:
– ҚАЕУ президентінің гранты талапкерлерге емес, студенттерге арналған. Студенттің белсенділігі мен оқу үлгеріміне қарай 10%-дан 100%-ға дейін жеңілдіктер бар.
Сондай-ақ, «Co-Serve International», «Е2 Education services» бағдарламалары арқылы және компаниялар мен қорлар тарапынан көрсетілетін гранттар ұсынылады. Толық ақпарат www.kafu.kz ресми сайтында жазылған.

Әзірлеген – Әсел Асқарқызы

Осы айдарда

Back to top button