Қоғам

Тегін кино көре алады

Катонқарағай ауданының тұрғындары апта сайын тегін кино көре алатын болады. Дәлірек айтсақ, бұдан былай ауданның ірі елді мекендерінде ашық аспан астында тегін кино көрсетілмек екен.

Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетіпті. Күні кеше аудан орталығы Үлкен Нарын ауылындағы Абай саябағында жергілікті халықтың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында аудандық мәдениет үйінің ұжымы «ашық аспан астындағы кинотеатр» ұйымдастырыпты. Бұл жолы көрермен назарына қазақстандық режиссер Әнуар Матжановтың комедия жанрындағы «Джохан» кинофильмі ұсынылған екен.

– Үлкеннарындықтар, тіпті маңайдағы ауыл тұрғындары мұндай жаңалықты қуана қабылдады. Алдағы уақытта мұндай іс-шара Катонқарағай ауылында да өтетін болады, – деп хабарлады Катонқарағай аудандық әкімдігінен.

Белгілі болғандай, Үлкен Нарында мұндай киносеанстар апта сайын ұйымдастырылмақ.

Көптің көңілінен шыққан фестиваль

Риддер қаласына қарасты Поперечное ауылында «Убинские распевы» VI фольклорлық-этнографиялық фестивалі өтті.

Фестиваль фольклорлық мұраны жаңғырту және ішкі туризмді дамыту мақсатында ұйымдастырылып отыр. Бұл мәдени іс-шараға Өскемен, Шемонайха, Риддер қалаларының және Тарбағатай ауданының музыкалық фольклорлық-этнографиялық ұжымдары және сәндік-қолданбалы өнердің шеберлері қатысты.

Қонақтар үшін түрлі тақырыптағы алаңдар ұсынылды. Оның ішінде әдеби-поэзиялық және бардтық, спорттық, сондай-ақ тарихи-өлкетану бағыттары да болды.

Сондай-ақ қонақтарға жергілікті өндірушілердің тағамдары, сусындар мен бал өнімдері ұсынылды.

Ал табиғат аясында демалуды жақсы көретін ең кішкентай меймандар үшін тәтті мақта, попкорн, балмұздақ секілді түрлі тәтті-дәмділер үлестіріліп, алтыбақан әткеншегі, атқа және пониге міну сияқты қызықты іс-шаралар ұйымдастырылды.

Сәрсен Қабылым

Осы айдарда

Back to top button