Мәдениет

Теңдессіз талант тойда жүр

Теңдессіз талант тойда жүр

Маңдайымен үстел көтерген майталман

Айдос Тоқтарбаев Үржар ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Бүгінде елімізге кеңінен танымал цирк өнерінің майталманы. Орда бұзатын отызға толған оның репертуары толымды. Әрі көрген жұрттың жағасын ұстатарлық ерекше. Істемейтін бәлесі жоқ. Пышақ, қанжар, қылышқа дейін жұмырына жұқ болмайды. Жұта береді. Аузында алмастың сабы ғана қалады. Әлбетте ешқандай көзбайлау емес. Физикалық мүмкіндігі жетеді. Одан қалды, шекесі ат шаптырым жазық даладай не нәрсені де тікесінен тік ұстап тұра алады. Айталық, кез келген гүл шоғының ішінен суырып алған бір тал гүл Айдостың маңдайында өсіп тұрғандай тігінен шаншылып тұра қалады. Әлгі гүлді аузына тістеген пышақтың жүзіне қойып, құлатпай ұстап тұру да Айдос үшін түкке тұрмайды. Бұл – бұл ма?! Астыңызға басып отырған орындықты алып, бір сирағынан көтеріп маңдайына қойғанда желімдеп қойған дерсіз. Шеберлікте шек жоқ. Шабыты шалқыған Айдос бәрін істей береді. Жуырда екі жігіт әрең көтеретін абажадай үстелді маңдайына көтеріп ұстағанын көргенде таңғалмасқа лажымыз қалмады. Келіншектер бетін басты, еркектер даурықты, балалар мәз болды. Міне, Айдостың күнделікті өмірі осындай ғажаптарға толы.

Ол – тойдың сәні. Жанкешті өнердің, айрықша кәсіптің тілін тапқан таланттарға тәнті болып, қол соғатын көрермен – тойда…

Айдос жуырда Өскеменнің бір мейрамханасында өнер көрсетті. Қошемет. Алқалау. Ду-ду. Тойдың аты той ғой. Мұндай риясыз дарындардың есіл уақыты ел-жұрт адақтауға, әлдекімдердің қолына қараумен өтіп жатқанын ойлағанда жаныңды бір беймазалық билейді.

– Әрине, той – кез келген өнер иесінің құнын түсіреді. Бірақ екінші тұрғыдан алғанда, қазақтың тойы өнер иесінің адымын ашуға көмектеседі. Өйткені, елімізде цирк саласы дамымай отыр. Сондықтан цирк майталмандарына өзге де өнер шеберлері сияқты тойға шығуға тура келеді. Үлкен сахнаға қандай өнерпаз шыққысы келмейді?! Менің де шыққым келеді. Бірақ Қазақстанда әзірге цирк өнерінің бағасы кем болып тұр, – дейді Айдос та көңілімізді тап басып.
Айтуынша, бүгінде той өткізушілер тарапынан цирк шеберлеріне сұраныс көп. Тіпті, бір апта ішінде үш облыста өнер көрсететін қауырт жұмыс кестесі ара-тұра болып тұрады екен. Алыс ауылдарға, аудан орталықтарына баруға тура келеді.
– Біз жол жүруге дағдыланған адамдармыз. Үйде емес, түзде көп жүреміз. Кәсібің осы болғаннан кейін амалсыз көндігесің. Сондықтан жол бізді қажытпайды, – дейді Айдос.

«Адамның омыртқа сүйегі 18 тоннаға дейін көтере алады»

Айдостың туып-өскен өлкесі – атақты Алакөл жағасынан орын тепкен Қарабұлақ ауылы. Ол осы ауылдың орта мектебінде оқыды. Бала кезінен мектеп пен ауылдың концерттік кештерінде өнер көрсетіп, өзін цирк өнеріне баулыды. Бойындағы табиғат сыйлаған ерекше өнерін жетілдіре түсті. Мектеп қабырғасында оқып жүргенінде-ақ Айдостың айрықша өнері өзгелердің таңдайын қақтыратын. Мәселен, екі орындықты қойып, ортасына шпагатқа отырғанда шаты айрылып кетер деуге шақ қаласыз. Алайда, көзін жұмып-ашқан достары мен ауылдастары түк болмағанын байқаушы еді. Осындай ерекше майысқақтығы оны жастайынан «буынсыз бала» атандырды. Кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде оқыған ол осы бір сүйегінің ерекше жұмсақтығын тиімді пайдалана білді. Көлемі қысқа толқынды пештей ғана болатын шағын жәшікке ұзын тұрқымен бүктетіліп кіріп алғанда бейне адам емес, бауырымен жорғалаушы жәндік сияқты әсер қалдыратын.

Біз Айдостан осы трюктерді орындау сырын сұраймыз ғой. Басқа бір майталмандар болса айтпаушы еді. Бірақ ауыл баласына тән ақкөңіл Айдос ештеңе ірікпейді.

– Цирк өнерінде экилибр деген жанр бар. Экилибр мамандығында баспен тұру, қолмен тұру, үстіне адамды көтеріп тұрғызу немесе иығына тұрғызу сынды трюктер орындалады. Мен маңдаймен үстел көтеруді экилибр мамандарынан үйрендім. Эстрада және цирк колледжінде оқып жүрген кезімде, саты арқылы адамды маңдайына шығарып жүргізгенді көрдім. Осыған қарап отырып, өзімше импровизация жасадым. Маңдайға гүл немесе орындық, үстел қойып ұстап тұру оңай емес. Әрине, үстелді маңдаймен көтеру де қиын. Мойын омыртқасына салмақ түседі. Сондықтан оны дұрыстап теңгеріп ұстау керек. Цирктің сыры – адам сүйегін түзу пайдалана білуде. Ғалымдардың дәлелдеуінше, адамның омыртқа сүйегі 18 тоннаға дейін жүк көтере алады екен. Мәселен, тойда үлкен үстелді көтергенімді көрдіңіз. Оған ешқандай күштің қажеті жоқ. Бірақ үлкен айла-тәсіл, еп керек. Мен сахнада осындай күрделі трюкті қорықпай істей аламын. Оған Алла берген қасиеттің, емін-еркін, қорқынышсыз қимылдаудың арқасында жеттім. Ал циркте экилибр өнерін біраз тер төгу, дайындық арқылы меңгереді. Менің ерекшелігім – ойыма келген трюкті еш сынақсыз сол жерде жүзеге асырып жіберетін тәуекелшілдігім деуге болады. Әлгі абажадай үстелдің ауыр екенін көтергеннен кейін барып білдім. Маңдайыма қойып, біраз көтеріп тұрған сәтінде ғана ауырлығын сезіне бастадым. Ал үстелді маңдайымнан түсіріп, қолмен ұстаған сәтте мүлдем зіл-батпан дүние екені байқалды. Жұлын сүйектерді дұрыс қойып, маңдайды дұрыс ұстаса, кез келген затты көтеруге болады. Экилибр – тепе-теңдікті қажет ететін өнер. Адам көз бен құлақ іспетті дене мүшелерінің өзара үйлесімін сезіне білуі керек, – деді цирк шебері.

Тар қорап-жәшікке ұзын тұрқымен сыйып кету, бір тал гүлді аузына тістеген қанжардың жүзіне қойып, құлатпай ұстап тұру де экилибр сабақтарының нәтижесі екен. Колледжде экилибр, акробатика, гимнастика сынды пәндерді жан-дүниесіне жақын қабылдаған Айдос ұстаздары үйреткен тәлім-тәрбиені композициялық құрылымы тұрғысынан толықтырып, жетілдірген. Ең қиын трюктер – тар жәшікке кіру және қылыш жұту. Мұны мүлтіксіз меңгеру – нағыз цирк маманы деңгейіне көтерілгенді білдіреді.

Алакөлді әлемге танытатын жобаны жүзеге асырмақ

Айдостың ұзын қанжарды көмейіне сұғып жіберетіні туралы айттық. Осы қылпылдаған темір қанжарды үнемі жұта беру де оңай емес. Әрі-беріден соң жол жүргенде шаң қонады. Цирктік қойылымдарға байланысты құрал-жабдықтарды залалсыздандыруға қызығушылық білдірдік.

– Құдай берген өнер ғой. Көп сақтық шараларын жасай бермеймін. Көбінесе, Аллаға сыйынып, тәуекел етемін. Әрине, қанжардың жүзін тат баспау үшін жуып, тазалап, сүртіп қоямын. Әр тойда өнер көрсетер алдында татын тексеремін. Цирктік мақсатта пайдаланатын заттарымды ешкімге ұстатпауға тырысамын. Бірақ көз құрты – қызығушылық. Ел-жұрт әуесқойлығын қоймайды, – деді ол.

Айдостың негізгі ұстанымы: «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің». Дегенмен, сәтсіздік те болмай тұрмайды.
– Өмір болған соң бәрі болады. Ауыр үстелді маңдаймен көтергенде мұрнымды сындырып алған жағдайлар болды. Қолымды да сындырғанмын. Өнер көрсетіп жатқан кезде алдыңнан кездейсоқ бала-шаға, масаң немесе мені байқамаған адам жүгіріп шығып, қағып өтеді. Кейде басқа дүниеге көңіл бөлінеді. Бірде өнер көрсетіп жатқан кезде астымнан өтіп бара жатқан адамға көңілім ауа бергенде үстел құлап, мұрнымды сындырып алғанмын, – дейді Айдос күліп.

Айдос жыл сайын жазда ауылына барып демалғанды жаны қалайды. Жыл бойы жүйткіген дене мен жүйке Алакөлдің жағасында бір сәт тынығуы қажет. Алайда, соңғы жылдары цирк майталманының көкірегін кернеген бір арманы маза бермей жүр. Ауылына, Алакөл жағасына келсе тіпті үдеп кетеді. Бұл – жағадан көл ортасындағы Аралтөбеге дейін «ұшып бару» идеясы. Аталған трюкті жүзеге асыруға бел буғанымен, қаражат қолбайлау болып келеді.

– Бұл жоба демеушілердің табылмауынан әзірге тоқтап тұр. Туып-өскен ауылым мен ондағы бала кезім туралы, өнерге баулыған ұстаздарым туралы деректі фильм түсіре келіп, көлдің жағасында цирктің кейбір күрделі трюктерін көрсетіп, таспаға жазу туралы ойым болған еді. Бұл – біріншіден, көл жағасындағы ауылдастарым мен түкпір-түкпірден келіп жатқан демалушыларға арналған шоу-бағдарлама болса, екіншіден, осы сәтте түсірілген таспа арқылы туған өлкеміздің туристік әлеуетін өзге жұртқа насихаттау болып табылады. Оған кәсіби операторлар мен режиссерлер қажет. Ең бастысы, қаржы керек. Сценарий әлі өзгерген жоқ. Алла қаласа, келешекте аталған жобаны жүзеге асыруға бар күш-жігерімді саламын, – дейді туған жерінің мәртебесін арттыруды мақсат еткен жерлесіміз.
Айдос – кәсіби цирк шебері болғанымен, белгілі бір цирк ұйымында еңбек етпейді. Өйткені, өзгелер тұрмақ, Алматыдағы Орталық цирк үйі қызметкерлері еңбекақысының өзі мардымсыз. Сондықтан, «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», «акробатикадан спорт шебері» атанған белгілі цирк майталмандарының өзі жүк көлігін жүргізіп, такси жүргізушісі болып жанбағысқа көшкен сыңайлы. Сондықтан Айдос Тоқтарбаевтың келешектегі бір ойы – жекеменшік цирк ұйымын құрып, шәкірт тәрбиелеу. Әрине, оған да қаржы қажет. Нарықтың талабы қиялда ұшқындағанымен, күш-жігерді де қажет етеді.

Бір қызығы, осыған дейін көптеген телеарналардағы шоу-бағдарламаларға қатысып, өзінің ерекше қабілетін көрсеткен Айдосқа демеушілік көрсетуге ниет танытқан жан болмаған екен. Цирк шеберінің тағы бір арманы – Монте-Карло сынды шетелдік ірі цирк фестивальдарына қатысып, Қазақстанның жұлдызын жарқырату.
Иә, талай арманға үкі таққан теңдессіз талант тойда жүр…

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button