Театрда тоғысқан қос тағдыр
Мейрамтай Иманғали
Ол екеуін тоғыстырған – театр. Ксенияны алғаш көрген кезінде-ақ Тимур жүрегіне махаббаттың ұялағанын сезген. Білесіз бе, махаббат ұлт таңдамайды екен. Орыс қызына деген сүйіспеншілік сезімі күн сайын өршімесе, еш семген емес. Бүгінде екеуі бақытты отбасы. Бұл жолғы әңгіме арқауы да «Жастар» театрының актері Тимур Тұраров пен хормейстері Ксения Коновалованың махаббат хикаясы туралы болмақ.
Ұлын көтерген Тимурды театрда жолықтырдым. Өзі тым ашық, жайдары жігіт екен. Бірден әңгіме тиегін ағытып, ағынан ақтарылды дейсің.
– Мен мына Жаңғызтөбенің іргесіндегі Жіңішке деген ауылда дүниеге келгенмін. Әке-шешем – сол жердің байырғы тұрғындары. 2010 жылы Жаңғызтөбеге көшіп бардық. Мектепті сол Жаңғызтөбеден бітірдім. Содан Өскемендегі Қазақ-Американ еркін университетіне оқуға түстім. Аудармашы болу арманым еді. Тіпті 2017 жылы Өскеменде волейболдан Азия чемпионатында аудармашы болғаным да бар. Бірақ дәл бітіретін жылы жазда апайым тұрмысқа шығып, Алматыға тойға баруым керек болды. Сөйтіп, тойлатып жүргенімде мемлекеттік емтиханнан кешігіп қалдым. Университеттегілер «келесі жылға дейін күтесің» деді. Не істеймін? Қолымда дипломым болғанда, аудармашы ретінде баяғыда Еуропаны, не Американы асып кетер едім. Бірақ болмады. Бірде Өскемендегі облыстық драма театры жанынан құрылған Жастар театрына дыбыс режиссері керек деген хабарландыруды көзім шалып қалды. Неге барып көрмеске? Жалпы, өзім музыканы бала кезімнен жақсы көремін, гитара шертемін. Тіпті 2014 жылдан бастап түрлі шараларда ән айтып та жүрмін. Осындай оймен театрға бардым. Бағыма орай, мені жұмысқа алды, – деп бастады өзінің әңгімесін «Жастар» театрының актері Тимур Тұраров.
Бұл 2019 жылдың тамыз айы еді. Дәл сол кезде Жастар театры қысылтаяң шақты басынан өткеріп жатқан еді. Актерлердің көпшілігі кетіп қалған. Тіпті «театр өмір сүре ме, сүрмей ме» деген сауал да күн тәртібінде тұрған-ды. Дегенмен театр өз маусымын ашты. Тимур да күн өткен сайын театрдағы жұмысының өзіне ұнай бастағанын байқайды. Басында «Мынау нағыз менің жұмысым» деген ой пайда болады. Келесі жазда ҚАЕУ-дің дипломы қолына тигенімен жұмыстан шығып, мұхит асып кетуге еш асықпайды. Оның басты себебі де бар еді. Ол ғашық болатын. Күзде ғана Жастар театрына хормейстер болып жұмысқа орналасқан Ксения есімді орыс қызы оның жүрегін жаулап алған еді бұл кезде.
– Ксения маған бір көргеннен ұнады. Әдемі де әдепті орыс қызымен жақын танысудың жолдарын қарастыра бастадым. Бір күні досымның студиясында ән жазып, Ксенияға жіберіп, өз пікірін айтуын сұрадым. Ол «дауысың әдемі екен» деп жауап беріпті. Осыдан кейін-ақ екеуіміздің әңгімеміз жарасып кетті, – дейді Тимур.
Қос ғашықтың жұптары жазылмайтын. Оның үстіне сиқырлы музыка бұларды тіпті жақындастыра түскен еді. Кейін Тимур мен Ксения екеуі бірге ән де жазады.
– Дипломды алғаныммен, театрда тағы бір жыл қалайын деп шештім. Сөйтіп, тағы бір маусымды аштық. Жаңа жылдан кейін режиссеріміз Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Өмір-өзен» спектаклін сахналауды қолға алды. Мен дыбыс режиссерімін. Өзі ұзақ спектакль. Бірде репитицияны тамашалап отырып, бір рөлді іштей өзіме өлшеп көрдім. Орталық комитеттің хатшысының рөлі. Сол сәт біртүрлі сахнаға шыққым келіп кетті. Дыбыс режиссері болып, артта отырғаннан шаршағанымды байқадым. Бойымдағы қабілетімді менің де көрсеткім, менің де сахнаға шыққым келетінін білдім. Іштей «мына рөлді мен ойнасам қалай болады екен?» деп ойладым. Режиссерге жақындап, ойымды айттым. Ол сөзіме онша мән бермеді, білем. Тағы барып, өтініш жасадым. Күлді де қойды. Үшінші рет бардым. Бұл жолы «Сен музыканы қайтесің?» деп сұрады. Бес минутқа біреуді отырғызып қоятынымды, оған алаңдамай-ақ қоюға болатынын айттым. «Онда саған екі күн беремін, екі күнде мәтінді жаттап, дайындалып кел, ұнаса, бұл рөлді саған беремін» деді. Сөйтіп, Жантай Тұрысбеков деген актердің үйіне барып түнгі сағат он бір, он екіге дейін дайындалдық. Кейіпкердің сөзі небәрі жеті, сегіз сөйлем ғана. Жантай екеуіміз әр сөзді талдап, миым жарылып кете жаздады. Жантай да «Сенің бойыңда бірдеңе бар екен» деді. Рөлім режиссерге де ұнады. Сөйтіп мен аяқ астынан Жастар театрының актері болып шыға келдім, – дейді Тимур Тұраров әңгімесін жалғап.
Осылайша біздің кейіпкеріміздің актерлік жолы басталып жүре береді. Тимур алғашқы рөлдерін сомдай бастайды. «Алжир», «Маугли», «Мұзды өлке» қойылымындағы үлкен-кішілі рөлдердің барлығын Тимур ерекше бір құлшыныспен ойнайды.
– Жақында режиссеріміз француз драматургі Жан-Батис Мольердің «Еріксіз емші» деген пьесасын сахналауды қолға алды. Бұйырса наурыздың ортасында сахнаға да шығып қалар. Осы пьесадағы басты рөлді режиссерден сұрап алдым. Қалай ойнайтынымды ойша көз алдыма да елестеттім. Бірақ рөлді алуын алып, жұмыс істей бастаған кезімде бұл рөл неге екенін білмеймін маған ұнамай қалды. Күні-түні осы рөлді ғана ойлайтын болдым. Өзімнің істеп жүрген тірлігімнен жиіркендім. Неге олай екенін ұқпадым. Образды қабылдағаныммен, өзімді дарынсыз сезіндім. Бір сәт «Мен бұл театрда не істеп жүрмін? Театр менікі емес шығар? Біреудің орнын босқа иеленіп жүрген шығармын?» деген сауалдар жанымды мазалады. Тіпті ой азабына түскеннен соң, жүйкем жұқарғандай болды. Жұмыстан да шыққым келіп кеткен кездер болды. Ақыры рөлден бас тарттым. Бәлкім, мұндай сезім актерлердің барлығында болатын шығар. Кейде бәлкім, мен ізденістен, жауапкершіліктен бас тарттым ба екен деп те ойлаймын. Әйтеуір осы рөл маған тым ауыр тиді, – дейді біздің кейіпкеріміз ағынан жарылып.
Ал Ксения Тимурды дарынды актер деп санайды. Оның әр рөлді шынайы ойнайтынын айтады.
Өскеменде туып-өскенімен Ксения қазақшаға судай екен. Тимурдан төрт жас үлкендігі болғанымен, еш байқалмайды. Қазір бала күтімімен үйде отырғанымен, өзі де сөзі де жинақы.
– Ата-енем өте жақсы адамдар, – дейді Ксения жымиып.
Тимурдың айтуынша, болашақ келіндерінің қазақ емес екенін білгенде, әкесі «Қазақтың қызы табылмады ма?» деп, сәл ренжігендей болыпты. Ал анасы ұлының таңдауына еш қарсы шықпаған. «Анам мен Африкадан негр қыз алып келсем де қабылдар еді» дейді Тимур. Бірақ кейін Ксенияның өзін көргеннен соң, әке де райынан қайтқан.
– Ксенияның өзінде де кішкене қорқыныш болды. Студент кезінде жатақханада шымкенттік қыздармен бірге тұрып, оңтүстіктің келіндері туралы біраз нәрсені естіген екен. Таңғы алтыдан тұрып есік алдын сыпырамын, сәлем саламын деп ойласа керек. Ал мен біздің отбасыда ауыр жұмысты әйелге істетпейтінін, әйелдің міндеті үй жинап, тамақ істеу ғана екенін айтып, барынша түсіндіруге тырыстым. Бірақ ауылға өзі барып, көзі көргеннен кейін ғана тынышталды, – дейді Тимур.
Ксения – кәсіби музыкант. Кішкентайынан жаны музыкаға құмар Ксения музыкалық мектепті, кейін колледж бен консерваторияны бітірген көрінеді. Ал магистратураны Петербургте тәмамдаған екен. Тимур мен Ксенияның Рагнар атты бір жасар ұлдары бар.
Тимур Рагнар деген ат скандинавия тілінен аударғанда жауынгер деген мағынаны білдіретінін айтады.
– Қазір біз пәтер жалдап тұрамыз. Алдағы жазда жер алып, үлкен үй салғым келеді. Жаңғызтөбеден ата-анамды қолыма көшіріп әкелсем деймін. Ксенияның да анасын қолымызға алсақ деген ойымыз бар. Әзірге үлкен арманым – осы, – дейді Тимур.
Тағы бір білгеніміз, Тимур спортқа да өте жақын екен. Ол волейбол мен хоккейсіз өмірін елестете де алмайтынын айтады. Айтуынша, тоғызыншы сыныптан волейбол ойнап келе жатқан көрінеді. Тек кейін иығын жарақаттап алып, ары қарай кәсіби спортпен айналыса алмайтынынын түсініпті. Бірақ ол волейболды тастаған емес. Ал Ксенияға саяхаттаған қатты ұнайды. Тимурға тұрмысқа шықпай тұрып-ақ ол Еуропаның біраз елдерін аралап, Қытайда болып үлгеріпті. Алдағы уақытта отбасымен саяхаттасам деген арманы бар.
– Достарым, туған-туыс, жақындарым «орыстан қыз алды» деп менің сыртымнан айтса, айтатын шығар. Бірақ әлі әкемнен басқасының ешқайсысы бетіме айтқан емес. Рас, аралас некенің өзіндік қиындығы болады. Кейде бірімізді-біріміз түсінбеген кезде «Қазақтың қызы түсінуші ме еді?» деген де ой келеді. Бірақ өкінемін деп айта алмаймын. Мен адамдарды ешқашан ұлтқа бөлген емеспін, – дейді Тимур Тұраров.
Иә, махаббат ұлт таңдамайды. Бастысы – өзара сыйластық пен құрмет. Қос жүрек жарасым тапса, қарсы соғар дауылға да төтеп беретіні сөзсіз. Тимур мен Ксенияға тек «махаббаттарың мәңгілік болсын» дегіміз келеді.