Театр шымылдығы күлкімен түрілді

Өткен сенбі күні Өскемендегі облыстық драма театрдың қазақ труппасы 18 маусымын жазушы Баққожа Мұқаевтың «Сергелдең болған серілер» қойылымымен ашты.
Театрдың көркемдік жетекшісі Сахан Әкелеевтің режиссерлігімен сахналанған бұл комедия ел ықыласына бөленді.
– Бұл шығарма өткен ғасырдың сексенінші жылдары жазылғанымен, өзектілігі әлі күнге жойылған жоқ. Біз комедия тілін аздап бүгінгі күнге бейімдедік, – дейді режиссер.
Екі бөлімді қойылым екі сағатқа жуық уақыт елдің езуін жиғызбады. Оқиға отырып қалған қызға сөз салған үш түрлі жігіттің болмысын баяндайды. Алғашқы азамат өлең-жырға әуес, өмірдің мәні ойнап-күлу деп білетін бойдақ болса, екіншісі арзан атақтың жолында өзін құрбан етуге дайын, тіпті атақты адамдарды көрсе, табанын жалауға пейіл жігіт. Ал үшіншісі оқу соққан «робот» адам. Қырыққа келгенше өз тамағын өзі істеп, кірін өзі жуып келген «робот» еркектің қыз алдындағы қылығы шынында аянышты һәм күлкілі. Соңғы жігітке көмекке жеңіл жүрісті жеңгетай да келеді. «Осылардың бәрінен есі дұрыс бір еркек жасап шықса ғой» деп армандаған кәрі қыздың сөзімен көрерменге көп ой тастағандай болды автор. «Көк етіктілерді көрмей, көн етіктілерге көнбей» жүрген тағдырлы қыздың тар жолын тартымды етіп жеткізді әртістер. Небары алты-ақ адам, зал толы халыққа шынайы дүние ұсына білді. Ең бастысы, көрермендер комедияға риясыз күлді һәм ойланып күрсінді. Демек, қойылым дегеніне жетті.
Мұратхан Кенжеханұлы