Театр «Екі доспен» толықты
Өскемендегі Жамбыл атындағы облыстық драма театрдың қазақ труппасы ай сайын қоржындарын жаңа қойылымдармен толықтырып жатыр. Жуықта театр Мұрат Ахмановтың «Екі дос немесе делдал қарға» атты балаларға арналған спектаклін сахналады.
Жаңа қойылымның режиссері – театрдың белді актері Ертай Хасенов. Бұл туынды – Ертайдың екінші еңбегі, ол бұған дейін С.Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғандасын» сахналап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді.
Қуанарлығы сол, режиссерсіз қалған өнер ошағының «екі тізгін, бір шылбырын» театр актерлерінің өздері ұстай бастағаны. Бұлай деп айтып отырғанымыз соңғы кездері дәл осы балалар тақырыбына театрдың тағы бір актері Айдын Салбанов та бірнеше мәрте қалам тербеген еді.
Жаңа қойылым балалар түгілі үлкендерді де қызықтырды. Адамдар мен жануарлардың арасындағы достықты, сүйіспеншілікті жырлаған, сондай-ақ, алауыздық пен әзәзілдікті көрсеткен туындының тілі жеңіл, оқиғалары қарапайым.
Айталық, малының басы, үйінің құты санайтын атаның ең сүйікті қошқар мен текесін қарға алдап алып кетіп, үйірлі қасқырға ұстап бергені, қиын қыстау сәтте қошқардың батылдығы мен текенің тапқырлығы әдемі бейнеленген. Береке мен бірлік һәм әділдік қашанда жеңіске жететіндігі қойылымның негізгі арқауы болыпты. Жануарлардың бейнесі де сәтті сомдалған. Ең бастысы, қойылымның бойынан қазақ даласының, қазақ өмірінің исі аңқиды.
Бұл қойылымды сахналауға жарты жылдай уақыт жұмсағандарын айтады режиссер. Әрине, Ертай бұл қойылыммен тоқтап қалмасы белгілі. Ендеше, режиссер жоқ деп ешкімге алақандарын жаймай, құлшыныс танытып жатқан өнер ұжымына қолдау көрсетсек құба-құп болар еді.
Мұратхан Кенжеханұлы