Экономика

Тауық фермасынан табыс тауып отыр

Тауық фермасынан табыс тауып отыр

Біздің өңірде отбасылық бизнеске ден қойып жүргендер жетерлік. Солардың бірі – Белоусовка кентінде тұратын Гүлнәр мен Сәкен Сахариевтер. Отағасының негізгі мамандығы есепші екен, жұмыстан қысқарған соң, жолдасымен ақылдаса келе, тауық фермасын ашуға бел буады.

Былтыр аудандық жұмыспен қамту бөліміне құжаттарын өткізіп, үш миллион теңге несие алып, өзінің жоспарлаған бизнесін дөңгелетіп әкетті.

Шағын құс фермасына олар бастапқыда голландық тауық тұқымдарының екі мың дана жұмыртқасын черемшанкалық құс өсіруші Андрей Рыгаловтан сатып алған. Тауықтарға арналған жайлы орынды қолда бар материалдардан құрастырып салды.

– Тауық асыраудың машақаты өте көп. Бізге қазір жұмысқа алған екі адам қолғабыс жасап жүр. Бабы, күтімі келісілген балапандар алты айлығынан бастап жұмыртқа бере бастайды. Қыс бойы жылы жерде қалыпты температурада ұстап отырдық. Балапандар ауруларға қарсы екпеден өткен, азық рационына бидай, арпа, арнайы дәрумендер кіреді. Жұмыртқаларды қыс бойы Глубокое, Белоусовка ауылдарының дүкендеріне өткізіп отырдық. Тапсырыспен үйден де келіп алатындар бар. Саудаға шығаруда, әсіресе, Өскеменде өтетін жәрмеңкелер көп көмегін тигізді, – дейді кәсіпкер.

Бұл тауықтардың екі жыл өткен соң өнімділігі азаяды екен. Сол себепті оларды жылда жаңартып отыру қажет. Сәкен биыл Талдықорған құс фермасымен келісімшартқа отырып, 2500 тауық балапанын әкелу үшін жуықта жолға шықпақшы. Балапандарға арналған қораны да жөндеуден өткізіп қойды.

Кәсіпкердің алдына қойып отырған жос-парлары ауқымды. Болашақта инкубатор мәселесін жолға қойсам дейді. Жаңадан бизнесін көтеріп отырған олар ауылдық әкімшілік, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің қолдауына өте зәру екенін жеткізді. Қазіргі таңда құс өсірушілер үшін үкімет тарапынан субсидия төленсе дейді олар.

Эльмира Тайырқызы
Глубокое ауданы

Осы айдарда

Back to top button