Мәдениет

Таупық Рымжанұлының жары жайында не білеміз?

Таупық Рымжанұлының жары жайында не білеміз?

Өнер иесінің жары болу әсте оңай емес. Осындай тағдыр қазақ балалар әдебиетінің белгілі өкілі, тұңғыш қазақ ертегілік романы мен фэнтезиінің негізін салған бородулихалық Таупық Рымжанұлының жары Гильда жеңгеміздің маңдайына жазылыпты. Төменде оқырманға жазушымен елу жыл бойы түтін түтетіп, елімізге танымал отбасын құрған Гильда Герд жайында әңгімелеп бермекпін.

Кітапқа деген құштарлығы ерекше болыпты

Біз жазушы жарының орыс тілінде жазылған өмірбаянына үңіліп, Роберт Гердтің жанұясында төрт ұл, екі қыз құлын-тайдай тебісіп өскенін білдік. Қатал тағдыр бұл отбасын аямапты. Неміс әскері Еділ бойына төніп қалғанда зорлықпен туған жерлерінен күштеп көшіріліп, табиғаты қатал Краснояр өлкесіне жер аударылады. Осы жерден отағасы Роберт еңбек армиясына алынып, 1945 жылы жанұясымен қайыра қауышады. Бұрынғы салтанатынан айырылған Гердтің отбасы осы жерде 1949 жылға дейін қоңыр төбел тіршілік кешеді. Жарқын болашаққа деген үміттерін еш үзбейді. Енді Гильда апамыздың өмірбаяндық жазбаларына кезек берейік.
«Үлкен апайым медучилищеге түскеннен кейін бауырларым мені жағалап, артымнан бір елі қалмайтын. Олар мені «екінші мамамыз» деп білетін. Қазір сол кездегі артта қалған өмірімді еске алатын болсам, кітапқа деген шексіз құштарлығым ойға оралады» деп жазады ол.
Иә, осы кітапқа деген сүйіспеншілік кейіннен оның қазақ жазушысы Таупық Рымжанұлымен дәм-тұзының жарасуына себеп болғанын да оңай аңғаруға болады. «Ол кезде кітапты тауып оқу қиямет-қайымның нағыз өзі болатын. Біз құрбы қыздар оқыған кітаптарымызды бір-бірімізге әңгімелеп беруден еш жалықпайтынбыз. Кітап әлемі алдымнан жаңа ғаламдардың көкжиегін ашты, романтика мен қаһармандықтың тереңіне сүңгітті. Бұдан бөлек «лапта», «соқыр теке» сияқты көше ойындарын ойнап, жазда жеміс-жидек теріп, өзенге шомылатын едік».
Гильда өз қатарының алды болып, Березникидегі орта мектепті бітіреді. Мамандық таңдауға келгенде жас қыздың қиялы сан саққа жүгіретін. Бірде атақты дәрігер болғысы келсе, бірде көңілі заңгерлікті қалайтын. Енді бірде ұстаздыққа зауқы соғатын. Білім алу жазушының болашақ жарына оңайға соқпайды. Мектеп олар тұратын кеніштен алыстау жерде болатын. 40 градус аязға қарамай білімге деген құштарлық оны мектепке қарай жетелейтін еді.
– Ол жердің табиғаты тура Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігіне келіңкірейтін. Желі өңменіңнен өтіп, денеңді қарып, тұла бойыңды лезде тоңазып жіберетін, -дейді апамыз.
Гильда Робертовна оқыған мектеп КСРО-дағы ең таңдаулы 500 тәжірибелік мектептің бірінен саналатын. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген мұғалиманың арықша келген жіптіктей әсем бейнесі оның әлі есінде. Ол кісі орыс және әлем ақындарының өлеңдерін жатқа оқитын жан еді. «Осы кісі мені әдебиет әлеміне баулып, мамандық таңдаудың жұлдызды сәті туғанда безбеннің басын филологияға аударды», -деп жазады ол өз күнделігінде. Жас қыз 1958 жылы мектепті сәтімен аяқтап, Свердловскідегі шет тілдері институтына барып бағын сынағанымен, конкурстан өте алмайды. Өйткені, тап сол жылы жоғары оқу орнына түсу үшін екі жылдық еңбек өтілінің міндетті екендігі туралы заң күшіне енген болатын.

Қызылша теріп, тер төккен

1956 жылы Гильданың ата-анасы Қазақстанның Талдықорған облысы, Қарабұлақ ауылына қоныс аударады. Алғашқы сәтсіздіктен соң, Гильда Робертовна институтқа түсу үшін жанын сала дайындалады. Әрі дайындығын еңбекпен де ұштастырып, қызылшашы қыздармен бірге Гильда да еңбек көрігін қыздырады. Сөйтіп, кеңестік білім беру заңындағы екі жылдық өтілді 1960 жылы жинап үлгеріп, алаштың рухани астанасы атанған Семей қаласындағы Н.Крупская атындағы пединституттың тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Осылай білім соңына түскен Гильда Робертовна қоғамдық жұмысқа да белсене араласады. Екінші курста оқып жүргенінде пединституттың комсомол комитетінің мүшелігіне сайланады. Онсыз бірде-бір қабырға газеті шықпайтын. Осындай қарбалас қоғамдық жұмыстан уақыт тауып әдеби кітаптарды көп оқитын. Оқырмандар конференцияларына, диспуттарға белсене ат салысатын. Театр мен циркке, мұражайларға баруды дағдылы әдетке айналдырып, Гоголь атындағы облыстық кітапханадан білім нәріне сусындайтын еді. «Құрбы-құрдастарымызбен жалғыз нанды бөліп жейтінбіз. Бойымыз толған романтика еді. Ауылшаруашылық жұмыстарынан да іргемізді аулақ салмай, тап бір тойға баратындай ән салып барушы едік. Ол заман осындай өзіндік өмір өрнегімен әсем болатын» дейді бұл туралы Гильда.

Сезімін араб, қазақ және неміс тілінде жеткізіпті

1965 жылы 5-курс студенті Гильда Робертовна бір жылдық тәжірибе жинау үшін Абай ауданының Свободный ауылындағы мектепке жіберіледі. Енді апамыздың өз қолымен жазған күнделігіне жүгінейік: «Мен онда орыс тілі мен әдебиетінен және неміс тілінен сабақ бердім. Ол кезде қазіргідей күнтізбелік жоспар жоқ. Барлығын өзіміз оқулыққа қарап отырып жасайтынбыз. Көркемөнерпаздар тобын құрып, үйірмелерді жүргіздім. Ұстаздық жұмысқа берілдім. Шәкірттерімінің бойына білім нәрін сіңіру үшін өте көп еңбектендім. Мен осы Свободныйда Таупық Рымжанұлын жолықтырдым. Ол маған өте қызықты жан болып көрінді. Ол өте табандылықпен араб, қазақ және неміс тілдерінде өзінің мені өліп-өшіп сүйетіндігін жеткізді».
1965 жылы тамылжыған маусым айында екі жас бас құрап, елі «қазақ ертегісінің – абызы» атандырған Таупық Рымжанұлымен қашан дүниеден өткенше шай деспей дәм-тұздары жарасып, өмір сүреді.
«Осылайша менің жұбайлық әрі ұстаздық еңбек жолым өз бастауын алды. Бір сөзбен айтқанда, әуелі Жаңа Семей, ол тарқаған соң, Бородулиха ауданында табаны күректей 44 жыл Баженов пен Петропавловка орта мектептерінде шәкірттерге білім бердім. Оның 18 жылын оқу ісінің меңгерушісі қыметінде, 22 жылын директор лауазымында өткердім. Басшылық жасау оңай емес» дейді жазушының жары өз күнделігінде.
Міне, осындай кезде Таукең жан жарының қасынан табылып, үнемі демеу бола білді. Тәукеңнің бойындағы асыл қасиеттерін жазушының жары өз жазбасында былайша атап көрсетеді: «Таупық Рымжанұлы жан-жақты талантты жан еді. Суретті де жақсы салатын. Әсіресе, пейзаждық суреттері өзінің көркемдігімен көз тартатын. Өзі фотоәуесқой болғандықтан сол дағдысына өзінің шәкірттерін де баулып, мектепте фотоүйірмені жүргізіп, радио үйірмесін басқаруға да уақыт табатын. Мектепте астрономия, физика және ғылымдардың патшасы саналатын математика пәндерінен сабақ бере жүріп, 120-дан астам педагогикалық тақырыптағы мақалалар жазды, әрі қаламы қолынан түспей, жазушылық шығармашылықпен тұрақты айналысуға да уақыт таба білді».
Гильда Робертовна Тәукеңнің бәріне де уақыт табатындығын, қаражаттан қысылса да, қаламгерлік ғұмырында 9 кітап және өзі жоспарлаған 4 томдық толық жинағының 3 томын оқырмандарына ұсынып үлгергенін ілтипатпен есіне алады. Әрі қарай өмірбаяндық жазбаға кезек беретін болсақ, «Ол өзінің ерекше ғажайып ертегі әлемінде өмір сүрді. Әрине, маған оның өз ісіне беріле еш нәрсеге алаңдамай шығармашылық еңбек етуі үшін барша жағдайын жасап отыруға тура келді. Ол тұрмыста да сондай қарапайым еді. Ешқандай міндетсінуді білмейтін ақпейіл жан болатын. Кейде шәлкем-шалыс келіп қалған шағымызда жанға жайлы әзілімен жаныңды жадыратып, көңіліңді көктем етіп жіберетін», – дейді Гильда Робертовна Тәукеңнің ұзақ іс-сапарлардан оралғаннан кейін, есіктен аттай бере: «Бәрінен өз үйің-өлең төсегіңе ештеңе жетпейді екен-ау!?» дейтін қоңыр үнін сағына еске алады.
Иә, бақытты некеден өрбіген ұлы мен қызы жоғары білім алып, ата-анасының отбасында берген тәлім-тәрбиесіне кір келтірген жоқ. «Біз күні бойы жұмыста болып кешке тақау оралғанда қолымызда өскен немереміз ерекше қуаныш сыйлайтын еді. Ол біздің әрі сүйіктіміз, әрі мақтанышымыз бола білді.
Ойға алсаң, босқа өмір сүрмегенің жадыңа оралып, бір желпініп қаласың. Таупық Рымжанов әдебиет әлемінен өзіне лайық орнын әлдеқашан алды, – дейді ол.
Міне, қазақ балалар жазушысының жары Гильда Робертовна қандай мақтауға болсын тұралық. Осы кісінің кең пейлі мен жүрек жылуы арқылы Тәукеңнің асыл шығармалары қазақ оқырмандарының қолына тиді. Жазушының жары 72 жасқа келсе де қоғамдық істерге де белсене ат салысып келеді.
Жазушы туралы «Таупық Рымжановтың ертегілер әлемі» монографиясын жазып жүргенде Гильда Робертовнаның қолынан талай дәм татып, талай мәрте ғибратты әңгімелерін естіп, талай мәрте Тәкең шығармашылығына қатысты әдеби диспутқа да қатыстық. Осындай талантты қаламгердің өмірден және әдебиет әлемінен өз орнын табуға зор үлесін қоса білген жанға апта сайын бір рет қоңырау шалмасақ, ішкен асымыз да бойымызға тарамайды. Таупық Рымжанұлындай қазақтың біртуар тұлғасына асыл жар бола білген, шығармашылық шабытына қанат бітіріп, керемет туындыларын өмірге әкелуіне сеп болған арманшыл неміс қызы Гильда ару қандай мақтауға болсын тұрарлық.

Серік Әбілқасымұлы

Бородулиха ауданы.

Осы айдарда

Back to top button