Тасқынның қарқыны қатты

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да Ұлыстың ұлы мерекесі – Наурыз тойы мен Алашорданың 100 жылдығына орай «Ұлтымыз ұлы күнді ұлықтайды, Алашорда 100 жылдығын ұлықтайды» атты жастардың айтысы өтті.
Сөз барымтасына аталмыш оқу орнының өнерлі студенттері мен түлектері қатысты. Бұл университетте өтіп келе жатқан дәстүрлі айтыс болатын. Осыған дейін талай таланттың қанатын ұштаған киелі сахна бұл жолы сегіз жастың талғамын сынға салды.
Алғашқы болып сахнаға көтерілген осы айтыстың өткен жылғы жеңімпазы Қуаныш Еркін мен журналистика мамандығының екінші курс студенті Тасқын Болатұлы сөз қағыстырып, ой жарыстырды. Талай сыннан сүрінбей өтіп шаң көрген Қуаныш Тасқынға шеберлік сыныбын көрсеткендей әсер етті бізге. Бірақ талаптың тайына қамшы басқан Тасқын бұл өнерден алатын өзінің бәсіресі бар екенін аңғартты. Қазылар алқасы ақылдаса келе, студент ақынды екінші айналымға өткізді.
Екінші жұп болып қазақ тілі мен әдебиет мамандығында оқитын қос группалас Жұлдызай Маратбекова мен Естай Жанабайұлы шықты. Бұған дейін оқушылар айтысында өжеттігімен сан мәрте топ жарған ақын қарсыласын бет қаратпады. Үшінші болып дайындық тобының тыңдаушысы Айзат Серікқызы мен Елдос Бұланбек әдемі қыз бен жігіт айтысын жасады. Орамды ойымен, шымыр ұйқасымен, салт-дәстүрге сыралғылығымен көзге түскен Айзат ақынға қазылар алқасы жеңісті ұстатты. Соңғы жұп болып таразыға тартылған болашақ әдебиетшілер Тілек Мұратұлы мен Аян Қалымбек те әдемі айтыс жасады.
Бұл жұпта қазылар шешімімен Аянның аты озды.
Сонымен екінші айналымда Тасқын мен Жұлдызай қыз бен жігіт айтысының озық үлгісін көрсетті. Тасқын сөз салды, Жұлдызай ата-аналарының достығын көлденең тартып, сылтау айтты. Бірақ ата-ананың арманы да екеуінің қосылуы екенін әдемі әзілмен жеткізген жігіт қызды дегеніне көндірді. Ал ақтық сында соңғы жұп болып сөз сайыстырған Айзат пен Аянның тартысында Айзаттың бәсі жоғары болды.
Сонымен үш үшінші орынды Жұлдызай Маратбекова, Тілек Мұратұлы, Аян Қалымбек алды. Екі екінші орынды Айзат Серікқызы мен Қуаныш Еркін еншіледі. Айтыстың бірінші орнын әдемі әні мен ұшқыр ойын көрсеткен Тасқын Болатұлы жеңіп алды. жүлдегерлердің бәрі бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Мұратхан Кенжеханұлы