Тастандылар тағдырын сахналап жеткізді

Бақытын бауырындағы баласының санымен есептеген қазақ жерінде сәбиді далаға тастау белең алып барады. «Қоқыс жәшігінен бала табылды» деген суық сөзге, сұмдық жағдайға ел де елеңдемейтін болып кетті. Әжетханадан, қоқыс арасынан, қара пакеттің ішінен, арықтың жанынан, жол жиегінен табылған нәрестелер. Бір ай бұрын Павлодар қаласындағы қоқыс жәшігінен де жаңа туған сәби табылды. Айы-күні жетіліп туған ұл балаға қатты суық тиіп қалғанымен, көрер жарығы бар екен.
Қазақ қоғамының өзекті мәселесіне айналған күресінге тасталған сәби, тастанды бала тағдыры, қыз, жігіттердің бойынан кездесіп жатқан жат қылықтар Өскемендегі ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінің студенттерін де толғандырып отыр. Өнер училищесінің бір топ студенті жуықта оқу орны ұжымына, өз замандастарының назарына сәбилердің жетім қалуына жеткізіп отырған қасиетсіздіктен арылуға үндейтін «Біз адамбыз ба?» атты спектакль әзірлеп, ұсынды.
Қойылымды дайындаған режиссура бөлімінің 4-курс студенті Айым Төлеуғазина өзі сценарийін жазған спектакльге адамдардың рухани азып бара жатуын арқау ете отырып, қыз-жігіттердің ойланбай жасаған қадамына, қылықтарына налиды.
Жетімдердің көз-жасы, шетелдіктер асырап алған қазақ балалары, шақша басы шарадай болып түңілген бойжеткен, қызының халін түсінбей, жалған намысты жамылып теріс айналған ата-ана, жанында жүрген құрбысымен шаруасы жоқ жастар… Түрлі жағдайда өмірге келген, өмір сүріп жатқан тастанды балалар турасындағы деректі бейнежазбаларды келтіре отырып сахналанған спектакльді көрген жанға автор сөз соңында «Біз адамбыз ба?» деген тікелей сауал қойып, шақалақтардың қоқысқа, далаға тасталып жатуына көргенсіз қыздар да, көрсоқыр ата-ана да, орта да кінәлі деген тұжырымды айтуға талпынады.

Өнер училищесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәмила Абдинаның айтуынша, оқу орнының ән мен күйге әуес ұл-қызы сабақтан тыс уақыттарда волонтерлік іс-шаралармен айналысып, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып келеді. Мерекелік жиындарға қатысып концерт қоюдан бөлек, олар бірнеше жылдан бері қаладағы жетім балалар, қарттар мен мүгедектер үйлеріне баруды өздерінің бұлжымас борыштарына, парыздарына айналдырыпты. Өнерпаз жасөспірімдердің айтқан әңгімесіне, салған әніне, шерткен күйіне балалардың жаны жылып, пәс болған көңілдері бір көтеріліп қалады. Қоштасқанда шығар есікке дейін бірге келіп, қимай-қимай қол бұлғап қала берген балаларға қайтып баруға олар да асық. Биыл училищені аяқтап, білімін өнер академиясында жалғастыруды жоспарлап жүрген Айымның тырнақалды туындысына жетімдер тағдырын тақырып етіп алуы да сол сезімнің әсері.
– Бұрын мен балаларын далаға тастайтындар, жетімдер үйіне өткізетіндер қазақтың қыздары, аналары деп ойламайтын едім. Осында оқыған төрт жыл ішінде қаладағы «Үміт» балалар үйіне, «Сәбилер үйіне», «Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығына» жиі-жиі барып тұрдық. Олардың ішінде тірі жетімдер де, тастанды балалар да бар. Бәрінің аңсайтыны, іздейтіні бір-ақ нәрсе – отбасы жылуы, ананың, туысқанның жылуы екеніне көзім анық жетті. Сәбилер біз барғанда тіземізге отырып, қолымыздан ұстап, қастарынан ұзатқысы, жібергісі келмей, туғанын іздеп сарғайған сағыныштарын үнсіз білдіріп жатады. Бейімдеу орталығындағы Айдос деген жеті жастағы жетім қалған баланың тағдыры да жанымызға қатты батты, – дейді осы сахналық қойылымдары арқылы жастарға, қыздарға, ата-аналарға, адамдарға ой тастап, жат қылықтың жолын кесуге әрекет етуге шақыруды мақсат еткендерін айтқан Айым.
«Жамандыққа барма, жақсылық жаса, мейірімді бол» дегенді құрбы, замандастарына құр сөзбен емес, қойылыммен ұқтырған өнер училищесінің бір топ студенті өздері сомдаған кейіпкерлердің қуанышқа, күйінішке, өкінішке толы шақтарымен жастарға үлкен ой салды.
АҚЫЛЫ ОҚУДЫҢ ЖОҚТЫҒЫ ТАЛАНТТЫҢ БАҒЫН БАЙЛАУДА
2012 жылы облыс орталығындағы өнер колледжі мен музыка мектебін біріктіре отырып, Абдуллиндер атындағы облыстық өнер училищесі болып қайта құрылған оқу орнында қазір 248 студент оқып жатыр. Басым бөлігі – ауыл балалары. Оқу орнының өзінде жатақхана жоқ болғандықтан, олар бұрынғы политехникалық колледждің жатақханасынан жалға алынып отырған бөлмелерде тұрып оқып келеді. Жатақхана ақысы айына 5 мың теңге көлемінде.
Училище басшыларынан оқу орнында Тарбағатай, Зайсан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Бұқтырма өңірінен келген студенттер қатары біршама көп екендігін естідік. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнда дәстүрлі ән мамандығы ашылып, облыста халық әндерін орындаушылардың шығармашылығын шыңдауға мүмкіндік туды.

Алайда ұрпақты өнерге баулу туралы сөз қозғағанда, «әттеген-ай» дейтін тұс та бар. Ол облыстағы осы өнер училищесіне бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың азайып отыруы, соған қарамастан мұнда өзге оқу орындарындағыдай ақылы оқыту жүйесі енгізілмеген. Мемлекеттік тапсырысқа іліге алмаған өнерлі ұл-қыздар бұл оқу орнына түсе алмаса, әрі қарайғы есік мүлде жабылып қалғанмен бірдей болып тұр. Өйткені өнер училищесіне 9-сыныпты бітіріп келген оқушылар ғана қабылданады. Ал 11-сыныпты бітірген соң олардың бәрі бірдей Алматыдағы консерваторияға, ЖОО-ларға бара алмайтыны анық, қаражаттың жоқтығы, жердің шалғайлығы, тағы басқа да материалдық жағдайлардан. Былтыр облыстық өнер училищесіне құжат тапсырған 100 ден астам оқушының 62-сі ғана мемлекеттік тапсырыспен қабылданып, қалғандары ауылға қайтқан.
– Бізге оқуға түссем деп келетін балалар жылдан-жылға көбейіп отыр. Бірақ олардың осы оқу орынына оқуға түсуіне мүмкіндік жоқтың қасында. Облыстық өнер училищесіне мемлекеттік тапсырыс көлемі азайып кетті. Осы уақытқа дейін жыл сайын 75 мемлекеттік тапсырыс беріліп келсе, соңғы жылдарда ол 50-ге түсіп қалды, – дейді училище директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жәмила Абдина. – Түлектердің біразы оқуларын әрі қарай ЖОО-ларда жалғастырып жатады. Мемлекеттік тапсырыстың аздығы түлектерімізге деген сұраныстың артып отыруынан да байқалып отыр, облыстағы мәдениет үйлерінен, мектепке дейінгі мекемелерден, басқа да жақтан бізге түсіп жатқан мамандарға деген сұраныстарды, тапсырыстарды толық қамтуға түлектер жетпей қалуда.
Жанаргүл Мұқатай