Әдебиет

Тастаған әйелдердің жиналып ап, Жүрмесе жарар еді зақым етіп…

Тастаған әйелдердің жиналып ап,  Жүрмесе жарар еді зақым етіп...
Тастаған әйелдердің жиналып ап,
Жүрмесе жарар еді зақым етіп…

Халқымыздың тамаша ақындарының бірі Әбдікәрім Ахметов (1924-1983) ұзақ жыл әскер қатарында офицер болған, кейін Алматыдағы Жоғары партия мектебінде оқыған кісі. Әбекеңнің үлкен бастық болуға да негізі бар екен, бірақ өзіне әйел тұрақтамай, жиі-жиі ажыраса берген соң, бастықтық қызметтен жолы оңғарылмапты. Әйел үшін сөгіс те алады, ұрыс та естиді, партиядан да шығарылады. Әбекеңнің сенделіп жүрген сондай бір кезінде ақын Сырбай Мәуленов досына арнап мынадай өлең жазыпты да, хатпен үйіне салып жіберіпті:
— Тәңірім сені жаратты ақын етіп,
Аңқылдақ, Әбдікәрім Ақыметов!
Тастаған әйелдерің жиналып ап,
Жүрмесе жарар еді зақым етіп…».

***
Сексен бестің сәуірінен соңғы жаңалыққа да, жаңаруларға да толы алғашқы үш-төрт жылда баспасөз беттері ұрандаған мақалаларға, «қайта құрған» ақыл-кеңестерге толып кеткені белгілі ғой. Бірде Сырбай Мәуленов сондай газеттің бірін оқып отырып, күрсіне басын шайқапты.
— Сыраға, қатты күрсіндіңіз ғой, не болды сізге?— дейді қасындағы інілерінің бірі.
Сонда Сырағаң:
— Алдында бөгет жоғын көрді-дағы,
Бұл күнде білгіш болды елдің бәрі.
Осынша шешендер мен көсемдерді,
Қалайша көтеріп тұр жердің шары, –
деп табанда өлеңмен жауап беріпті де, тағы да күрсініпті.

***
Жазушылар одағында жиналыс, басқадай да жиын-терін бола қалса — үнемі белсеніп мінбеге шығып, тисе терекке, тимесе бұтаққа дегендей, әйтеуір сөйлей беретін, сөйтіп, бір көрініп қалуға тырысатын қаламгерлер де кездесіп қалады.
Ділмәрсіп ұзақ тұрып алған ондайларды жазушылар кейде амалсыз қол шапалақтап, сөзін естіртпей, «қошеметтеп» мінбеден қуып түсіреді екен. Жиналған жұрттың уақытын алып, зықысын кетіріп жүрген сондай «белсенділер» туралы ақын Мұзафар Әлімбаев бірде былай деп жазыпты:
«Жиын бар ма бүгін» деп,
Жыны буып шығады.
Мінбе тапса дүрілдеп,
Сұсты-суық шығады…
«Былшылдаған бұ кім» деп,
Халық қуып шығады.

***
Жазушы Мұхтар Мағауин оқырмандарға о ба¬ста аса талантты ғалым ретінде танылғаны белгілі. Мұхаңды қаламдас аға-достары кейде «Қазақтың жазба әдебиеті тарихын бес ғасырға жылжытқан ғұлама» деп те атайды екен. Қазақ әдебиетінің бастау-бұлағын Мұхаң қалайша сонау XV ғасырға апарып жүр? Бұл жөнінде ел арасында да әртүрлі алыпқашпа әңгімелер бар. Әрине, ондай әңгімелердің қоспасы да көбірек, бояуы да қалыңырақ болуы мүмкін. Ал біздің айтып отырғанымыз — Мұхаңның өз аузынан орайы келгенде суыртпақтап жазып алған дүниелер еді:
1966 жылы «Мектеп» баспасында «Ертедегі әдебиет нұсқалары» атты хрестоматияның қолжазбасы талқыланады. Кітапты құрастырғандар Мырзатай Жолдасбеков, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин екен. Ол — Мұхтар Мағауиннің кандидаттық диссертациясын дайындап, түрлі кедергілерге кезігіп, жұмысын өткізе алмай жүрген кезі болса керек. Соны білетін қолжазбаның редакторы Бақытжан Хасанов редакциялық кеңес басталмай тұрып Мұхтарға:
— Қажекең ренжіңкіреп, ашуланып отыр. Ол кісі сөйлейтін болса — сен үндемей-ақ қой. Ертең қорғап жатсаң кедергі боп жүрер,— дейді сыбырлап. «Қажекең» дегені — Қажым Жұмалиев (1907—1969) академияның корреспондент мүшесі, профессор, атағы жер жарған ғалым, әйгілі әдебиет зерттеушісі.
— Жарайды, арыстанмен айқасып не көрінді маған,— дейді де, Мұхаң бір бұрышқа барып үнсіз отырады.
Қолжазбаны талқылау басталып кетеді. Біреу мақтайды, біреу даттайды дегендей, әртүрлі пікір, ойлар, ұсыныстар айтылып, кеңес мүшелері ортақ бір шешімге келе алмайды. Осы кезде Қажекең дауыс көтеріп:
— Оның несіне дауласасыңдар… Шалкиіз деген жоқ, Доспамбет деген жоқ, Қазтуған деген жоқ… Бәрі де ойдан шығарылған аттар,— дейді.
Жиналған жұрт сілтідей тына қалады.
— Мына кітапқа Шалкиіздікі деп тықпалаған дүниенің бәрі де — Махамбеттің өлеңдері,— дейді Қажекең сөзін жалғап.
«Арыстанмен айқаспаймын, тыныш отырам» деп уәде берген Мұхтар Мағауин дәл осы тұста орнынан атып тұрады:
— Ойдан шығарылған жоқ, Қажеке!— дейді лықсыған сезімін барынша тежеп.
Қажекең жас жігітке бұрылып, бір қарайды да:
— Қарағым, бұл өлеңдер Махамбеттің 1925 жылы шыққан жинағында басылған, сіз соны білесіз бе?— дейді.
— Білемін,— дейді Мұхаң да табандап,— бірақ бұл өлеңдер сіз айтып отырған кезден тура 50 жыл бұрын, 1875 жылы Шалкиіздің өлеңдері деп Орынборда басылып шыққан.
— Сен, бала, қой!— деп Қажекең айқай салады.— Сен айтқаннан 50 жыл бұрын Махамбет бұл өлеңдерді өз аузынан шығарған!
Ұрыста тұрыс болсын ба, енді жас Мұхтар да дауысын көтеріп, қаттырақ кетеді:
— Қажеке, сіз айтып отырған уақыттан тура 500 жыл бұрын қазақ бұл өлеңдерді Шалкиіздікі деп айтып жүрген болатын!
Қажекең мүдіреді.
— Ендеше, мен бұл мәселені басқаша қоям!— дейді күбірлеп.
Сонда Мұхтар:
— Мен жақында қорғаушы едім, әңгімені сол жерде жалғастырайық!— дейді екпінін баса алмай.
Мұхтар Мағауин диссертациясын қорғайды. Шақырылған Қажым Жұмалиев ғылыми кеңеске келмейді. Арада тағы да біраз уақыт өтеді.
Бірде екеуі Жазушылар одағының кезекті бір Пленумының мәжілісінде кездесіп қалады.
— Өжет жігіт екенсің, диссертацияны сәтті қорғады деп естідім, құтты болсын!— дейді Қажекең Мұхаңның қолын қысып.
— Рақмет! Сізді де алпысқа толған мүшел тойыңызбен құттықтаймын!— дейді аға сыйлай білетін Мұхаң да ізетпен.
— Әрине, сен кандидаттық атаққа әбден лайық жігітсің. Бірақ ұстанған концепцияң қате… Шалкиіз бәрібір әдебиет тарихына енбейді!— дейді Қажекең.
Сонда Мұхтар:
— Қажеке,— депті саусақтарын бірінен соң бірін санай бүгіп,— менің жасым қазір жиырма жетіде. Сіз жасыңыз келген ақсақалсыз. Сондықтан таяудағы 50 жылдың ішінде Шалкиіз әдебиет тарихына енеді деп алдыңызда уәде бере аламын!— деген екен.

***
Мұзафар Әлімбаев бірде Алматы облысының бір ауданына қонаққа барады. Тамақ ішіліп, дастарқан жиналған соң, жігіттер ақынның көңілін ауламақ болып, «преферансқа» кіріседі ғой. Іштерінде Шымберген деген мектеп директоры бар екен, сол кісінің қалтасында ақшасы болмай, ұтылып қалған соң, Мұзағаңның ұтысын жарым-жартылай ғана төлепті.
— Жарайды, сені қинамай-ақ қояйын… Бірақ бермеген ақшаңа өлең айтсам қайтеді?— дейді Мұзағаң әзілдеп.
— Айтыңыз, айтыңыз? — дейді отырғандар ақынды қаумалап.
Сонда Мұзағаң былай депті:
— Ау, Шымберген, Шымберген,
Қонақ едік бір келген.
Екі тиыннан келісіп,
Бір тиыннан құн берген,
Бұл сұмдықты кім көрген!

Шапқылап жүріп жатса – сол келінге сәлем айт

Сәбит Мұқанов таяғын тықылдатып, бірде Жазушылар одағына қарай аяңдап келе жатса керек. Көше бұрышындағы үйді айнала берген кезде қарсы алдынан шашы желкілдеген, өзі желпілдеген бір жас жігіт ұшыраса кетіпті:
— Ассалаумағалайкүм, Сәбе!— деп жігіт жазушыға қос қолын ала ұмтылады.
Сайтандай сап ете қалған жігіттің дауыстай берген сәлемінен Сәбең селк етіп, сасып қалады.
— Уағалайкүмасссалам — деп, кідіріп барып сәлемін алады.
«Бұл жігіт кім болды екен, аңқылдап тұрған баланы танымағаным ұят болды-ау»,— деп іштей қысылыңқырап та қалады. «Е, дәу де болса ауылдан келген ағайындас біреу шығар»,— деп жорамалдайды да:
— Иә, қашан келдің, ел-жұрт аман-сау ма?— деп сұрайды.
— Сәбе, нені сұрап тұрсыз? Мен осы Алматыда тұрам ғой…— дейді жігіт.
— Жо-жоқ, мына жерге қашан келдің деп сұрап тұрмын?— дейді Сәбең аяқ астындағы ас¬фальтті тықылдатып.
— Келе жатқан бетім осы еді, Сәбе.
«Қап, бәлем, бұл басқа жігіт болды ғой»,— деп Сәбең іштей тағы қылп ете қалады. «Ұялған тек тұрмастың» қамын жасап:
— Қалай, үйдегі келін аман-сау ма?— дейді.
— Сәбе, мен әлі бойдақпын,— дейді жігіт те лыпылдап.
— Жо-жоқ, сенің шешеңді айтам… Ол маған келін болмағанда кім болушы еді?! Соны сұрап тұрмын, — дейді Сәбең қолма-қол сөз тауып.
— Е… ол кісі аман-сау, шапқылап жүріп жатыр…
— Шапқылап жүріп жатса — сол келінге сәлем айт!— деп Сәбең жылжып жүріп кетіпті.

***
Алпысыншы жылдардың ішінде ақын Сырбай Мәуленов Ұзақбай деген кісімен көп уақыт бойы дос болып жүреді. Ұзекеңнің өзі әзілкеш болғанымен, кей-кейде оның өзіне әзіл айта қалсаң — қыз сияқты қысылып, ұялып қалатын қызық мінезі бар екен. Ұзекеңнің сол мінезін жақсы білетін Сырағаң өлеңмен ол кісіге мынадай мінездеме жазыпты:
Білемін баяғыдан Ұзақбайды,
Ұзекең қызды әзілмен тұзақтайды…
Сондайын айтсаң болды бетін басып,
Ұзақбай кызараңдап тызақтайды.

***
Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен бірде Жамбыл облысын аралайды. Ол жақтағы жергілікті бір жас ақын Сырағаңды қолтығынан жетелеп, үйіне қонаққа апарады. Жас ақынның аздап кеудесінің желі бар ма, айтар сөзін ұйқаспен, өлеңмен айтуға тырысады екен. Сырағаңды төріне жайғастырған бойы, өзі де тізе түйістіріп отыра қалып:
— Сыраға, отырайық өлеңдетіп,
Әр жолын өлең сөздің көлемді етіп,—
деп сөз тастайды.
Сонда Сырағаң:
— Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,
Бағасын не қыламыз төмендетіп,—
деп іле жауап береді. Әлгі жас ақын Сырағаңның осы сөзінен соң өлеңмен сөйлегенді сап тыйыпты.

***
Жазушылар одағында кезекті бір жиналыс өтіп жатады. Одақ басқармасының хатшылығына әртүрлі адамдар ұсынылып, жұртшылық кезек-кезек мінбеге шығып, сөз сөйлейді. Сөйлеушілердің көпшілігі біреуді мақтап, біреуді даттап, бұра тарта берген соң, жиналыстың соңы айтысқа, дау-дамайға айнала бастайды. Даудың сондай қызған бір тұсында мінбеге айқайлап сөйлейтін ұраншылдау бір қаламгер шығады. Ол кісі қолын оңды-солды сілтеп, жылтыр сөздің майын тамызып, саясатты соққан кезде, ауылдан келген бір жас ақын:
— Мұзаға, мына кісі кім еді? Менімше, ақылды сөз айтып тұр,— деп қасында отырған Мұзафар Әлімбаевқа бұрылады.
Сонда Мұзағаң «үндеме» дегендей ишара жасапты да, қойын дәптерінің бір парағын жыртып, жас әріптесіне мына бір өлең жолдарын жазып беріпті:
«Ақылды ма?
Атама! Шала есі бар…
Шұбатылған жыландай пәлесі бар,
Көсеулікке татымас бұл шіріктің,
Кесемдіктен, о тоба, дәмесі бар!»

Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров

(Жалғасы, басы газеттің №133-145 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)

Осы айдарда

Back to top button