Білім

Ташкент университетінде Қаныш Сәтпаев дәрісханасы бар

Ташкент университетінде Қаныш Сәтпаев дәрісханасы бар
Ислам Кәрімов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университетінде қазақтың көрнекті ғалымы, академик Қаныш Сәтпаев атындағы аудиторияның ашылу рәсімі болды.

Аудитория Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті мен И.Кәрімов атындағы Ташкент мемлекеттік техникалық университеті арасындағы ынтымақтастық аясында ашылды. Дәрісхана Д.Серікбаев университетінің қаражатына жабдықталып, қажетті техникамен және әдебиеттермен қамтылды.

Алдағы уақытта екі университет студенттердің, оқытушылардың академиялық мобильділігі саласында да қарым-қатынас орнатпақ. Бұдан бөлек, металлургия және геология бойынша бірлескен білім бағдарламаларын да жасау жоспарланған.

ШҚМТУ-дың ғылыми жұмыстар және зерттеулер жөніндегі проректоры Олег Гавриленконың айтуынша, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықтың негізінде бірлескен білім бағдарламалары, ғылыми зерттеулер, академиялық және ғылыми білімдерді алмасу жатыр.

– Осылардың алғашқысы бойынша біз өзбек әріптестермен бірлесе магистрлерді және докторанттарды даярлаймыз. Екінші бағыт бойынша халықаралық зерттеу топтары арқылы бірлескен ғылыми жобалар іске асырылады. Үшінші бағыт бойынша ғалымдар тәжірибелерімен, ғылыми жетістіктерімен бөліседі. Бұған мүмкіндіктер жеткілікті. Бұл, әсіресе, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға жасаған сапарынан кейін өзекті бола түсті, – дейді О. Гавриленко.

Аудиторияға қазақ жерінен табылған қазба байлықтар мен қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныштың еңбектері жайлы жазылған туындылар қойылған. Кабинет толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталып, интернет желісіне қосылған.

– Біз жеке аудитория аштық. Ол Ұлы дала ғалымының құрметіне арналды. Көрнекті ғалым металлогения ғылымының негізін қалаған, біздің Хабит Абдуллаевпен тығыз байланыста еңбек еткен азамат. Осы аудиторияда енді студенттер білімін жетілдіріп, металлогенияның жаңа қырларымен танысатын болады, – дейді Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Ұлықбек Маннанов.

Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орайластырылған шара аясында Орталық Азия аумағындағы екі жетекші білім ұялары өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button