Мәдениет

\”Тарзан\” операциясы

"Тарзан" операциясы


«Тарзан» деген киноны көріп шықтық. Мә, кино деп осыны айт! Жігіт болсаң, Тарзандай бол! Біздің істеп жүргеніміз қыртыл екен ғой.
Анау-мынауға көп жініге қоймайтын сен осы кинодан соң қатты желіктің.

– Әлібек, дабай Тарзан болайық. Тоғайға, тауға кетейік. Сонда өмір сүрейік. Садағымыз бар, қарнымыз ашса аң, құс атып жейміз. Балық ұстаймыз. Тіпті, жылан, бақа-шаянды да тамақ қылуға болады. Күрке соғып аламыз. Дабай кеттік, – деп мені де еліктіре бастадың.

Онсыз да мынау тірлігімізге көңілім аса толмай жүрген. Қит етсең үлкендер: «отырма, тұрма, жатпа, үйтпе, бүйтпе» деп есіңді шығарады. Әйтеуір туып алдық, кетсек кетейік. Қарақшылық өмір неге жаман?! Жол торимыз. Тонаймыз. Жидек, қарақат теріп қайтқан қыздардың қолдарындағысын тартып аламыз. Тіпті, кейбіреуін күркеге алып келіп, тамақ жасатамыз. Бізбен бірге тұра берсін…

– Қыздарды тұтқындап қажеті жоқ. Олар ерте ме, кеш пе сатып кетеді. Қолға түсеміз. Қыздарды жолатуға болмайды, – деп сен азар да безер болдың. Кітаптан оқыпсың.

Дайындық жұмыстары басталып кетті. Алдымен қарақшылық топ жасақтадық. Сенімді-сенімді, басын кесем десең де шынын айтпайтын, көздеріне қан толған, тумысынан қарақшылыққа бейім дегендер іріктеле бастады. Нәшөк, оның інісі Айтқазы, Қадыл, Сайлаухан, Мырзаш… Пельмен құлақ іріктеуден өтпеді. Ол Нәшөктің ағасы, шын аты – Зарлыхан. Біздің аса бір «ұлы» іске бел байлағанымызды біреуден естіген ол, топқа алыңдаршы деп тәуір-ақ жалынды.

– Құлдарың болайын, мен қарақшылық, ұрлық, тонау, кісі өлтіру үшін туғанмын. Мен Алтай өлкесінде тұрғанда кісі де өлтіргенмін, содан қашып осында келгеміз. Құдай үшін, топтарыңа алыңдаршы, – деп Пельмен құлақ жыларман болды. Иімедік. Оның Алтай өлкесінде кісі өлтірдім дегені де күдік туғызады. Онда ол сегіз жаста екен, кісіні қалай өлтіре қояды деген де дүдәмал бар.

Сен азық-түліктің қорын жасаумен, мен техникалық жабдықтау жұмыстарымен айналысып жатырмын. Әкемнің қойшыларға деп сақтаған қоймасынан отыз құлаштай арқан, балта, қолшербек, шеге, балға, тағы да басқа ұсақ-түйек жымқырдым. Оны әгүреттің ішіндегі бітік өскен ошаған жапырақтарының астына жасырдым.

Сенің дайындығың да жаман емес көрінеді. Топ мүшелері жаппай ұрлыққа көшіпті. Бір шелектей тауық жұмыртқасы, кеуіп қалған нан, бір бидондай әбден ашып, бұрлығып кеткен айран, бір дорба ұн… Ет іздеп әуре болған жоқпыз. Аң, құс атып жейміз. Тіпті, ет іздегенмен, оны жазда табу қиын. Мал жайлауда. Әйтпесе, ұрлап бір қой сойып алар едік.

Қаруларымыз да әйбәт: садақ, сіріңкенің күкіртімен атылатын «Жиган», ағаш қылыш. Қысқасы, біз дайын едік.

Таң рауандап атып келеді. Топ мүшелері келісілген уақытта жинала бастады. Бір-бірімізге ысқырып белгі береміз. Ауыл әйелдері сиыр саууға тұрмай жатып аттанып кетсек жақсы-ақ болар еді. Қап, мына Мырзаштың шықпауын қарашы!

Ақыры, Мырзашсыз аттандық. Ол не ұйықтап қалды, не қолға түсті. Екінің бірі.

Күн шықпай жатып Күлмес өзенінің бойындағы қайың, тал, шілік, мойыл, долана, киіз боп өскен бұта-қарағаны қалың жыныстың ішіне келіп, күрке соғып жатырмыз. Өзеннің қамшылар жақ бүйірінде, Күлмеске албастыдай төніп Қаражартас тұр. Ұқыптылықты қажет ететін шаруалардың бәріне бас-көз болып сен жүрсің. Күрке соғылып бітті, іші қыздың баласындай. Шелекте жұмыртқа бұрқылдап қайнап жатыр. Нәшөк пен Айтқазыны ертіп, қарабақайыма дейін қаруланған мен аң, құс аулауға шықтым. Шымшық торғайлардан басқа дым да жоқ. Өне-бойымызды бұта жыртып, қандала талағандай боп қосқа оралдық.
– Нешауа, түс ауа Суырсайға барып суыр атып аламыз. Олар сол кезде жайылуға шығады. Тіпті болмаса, саршұнақ көп. О, олардың қазір нағыз семіз кезі. Жәритта да жей бер, – деп сен көңілімізді көтеріп қойдың.

Тамақ ішіп жатырмыз. Сен же, мен же. Тым мейірімдіміз. Береке, бірлігі ұйысқан топ сияқтымыз. Жоқтан өзгеге тырқылдап күлеміз. Қадыл әкесінен бір қорап «Прибой» деген папирос жымқырыпты. Тамақтан соң:

– Таңертеңнен бері темекі тартуға да қол тимеді. Әбден қаңсып қалыппын, – деп бір талын жағып алып, бұрқылдата сорып жатыр. Бізге кішкентай ұлдың темекі тартқаны қызық сияқты.

– Әй, маған да бір штүк берші. Мен де ағамның «быкындарын» тартып көргенмін, – деп сен көшелісисің. «Быкын» деп отырғаның-темекінің тұқылы. Темекі тартуыңның мәресі қақалып-шашалумен аяқталды.

Қаражартасқа қарап жатырмын. Жалама тік, тым-тым сұсты. Төбесіне қарасаң, тақияң түседі.

– Жолдас қарақшылар! Біз мына шыңды қалайда бағындыруымыз керек. Төбесіне ту тігеміз. Тасына бормен аты-жөнімізді жазып кетеміз. Мүмкін, осы жартастың жықпыл-жықпылына тығылған қазына да бар шығар. Тауып алсақ, байлыққа шаш-етектен батамыз. Мәгәзіндегі бар кәмпит, қантты сатып алып, күні-түні күртілдетеміз де жатамыз, – деп өзімше «аталы» сөз толғадым. Қазына туралы жуырда ғана Марк Твеннің «Том Сойер» атты кітабынан оқығанмын. Қарақшылық өмірге қызығудың бастамасы содан алынған.

– Жартастың бергі беті тым-тым жалама. Шыға алмаймыз. Біз оны арғы жағынан айналып неге шыға салмаймыз? Жадағай ғой, – деп сен күдік айттың.
– Әй, Джек! (саған қойылған қарақшылық ат). Қиындықтан қорқу – бізге жат. Айналып жүру – ұят. Арқанымыз бар, неден қорқамыз?! Дабай, дайындалыңдар, – деп дігірледім.

Тұтас арқанды ара қашықтығы екі-үш құлаштан белімізге байлап, жартасқа өрмелеп келеміз. Біреуіміз құласақ, қалғанымызды түгел ала кетеміз-ау деген түсінік жоқ.

Көшбасында сенсің. Мен ең көгентүптемін. Ол да топ мүшелерінің біреуі орта жолдан қашып кетпесін деген күдіктен туған.

Шың аса қауіпті. Сәл-пәл шалыс бассаң, жолдағы сойдақ тастарға соғылып, Күлместің көкпеңбек иірімінен бірақ шығасың. Бізді қойып, тісқаққан альпинистердің өзі он ойланып, жүз толғанып барып бел байлайтын шың. Саған берілген нұсқау – аса қауіпті телімдер арқылы өту. Сен тәртіптің кісісісің. Айтылғанды бұлжытпай орындап, небір қиын-қыстау жерлермен бастап келесің. Маладес!

Шіркін, әнеу бір жалама тастан аман-есен өтсек, шыңның төбесі қол созым-ақ жерде. Әлі күнге аң-таңмын, топ басындағы сен әлгі қатерлі тастан өтіп-ақ кеткенің. Қалған топ мүшелеріне күдігім бар. Айтқаным айдай келді.

Айтқазы тайды. Әлгі тастан зу етіп сырғып барады. Бақырып жүріп оқшырая төніп тұрған бір шағылдан ұстады. Салақтап тұр. Қолын босатса, күл-талқан болып Күлместен бірақ шығады. Беліңдегі арқан төменге тартқан сен де тас тырмалап етбетіңнен жатырсың.

– Джек, шеш беліңдегі арқанды. Босан. Айтқазыны мен құтқарамын! – деп айғайлап жанұшырдым. Мына балалардың біреу, оқыстан жазым болса, бар кінә менің мойныма артылатынын ептеп түсініп келемін.

Сен не заманда арқаннан босадың. Тастың ар жағындағы тоқымдай алаңқайға еңбектеп барасың. Аяғыңды тіреген ұсақ тастар домалап, онсыз да өмірі бір тал шашқа ілініп тұрған Айтқазыны бастан, көкіректен соғады. Анау одан сайын бақырады.

Адам қатты қысылғанда тым епті боп кете ме деймін. Белімдегі арқанды шешіп тастап, қия-жартасқа қарамай Айтқазыға ұмтылдым. Аяқ тірейтіні бар табалдырық секілді бір тастың үстіне шығардым. Айтқазының бет-аузы қан: шөп жыртқан, тас тиген. Дызақтап жылағанда жаның қасам болады.
– Жап аузыңды, сболыш! Енді өлмейсің. Егер жылауыңды қоймасаң, мына жартастан лақтырып жіберемін, – деп зәр төктім.

Айтқазы басылды. Оған бәрінен де «жартастан лақтырып жіберемін» деген сөз төтенше әсер еткені белгілі.

Етектеміз. Сен жартасты айналып оралдың. Басымыз түгел. Ұсақ-түйек жараларды есептемегенде, оңай құтылдық.

– Қарақшылық тірлік құрбандықсыз болмайды. Бәріне шыдауымыз керек. Шыдай алмағандарың, үйлеріңе қайтыңдар, – деп едім, біразы елең ете қалды.
– Бірақ, естеріңде болсын, топтан өз еркімен кеткен адам өлтіріледі, – деп үстемеледім. Бәрінің қабағы жабылған. Пәс.

Таңертеңгі қуанышты жүздері жоқ. Кеткілері-ақ келеді үйлеріне, алайда, «өлтіріледі» деген әщады сөздің уыты буын-буындарын алып тастаған…
Біздің дүрсілдетіп жүргенімізді сезген болар, Суырсайдағы жыртылып айырылатын аңқау суырлардың өзі жайылымға шықпай қойды. Тіпті, шыққан күннің өзінде де біздің жіңішке қайыңнан иілген садағымыз бен басына жұқалығы биттің қабығындай қаңылтыр жапсырылған жебемізден өле қоятын суыр табылмасы анық.

Саршұнақтар да тым-тырыс. Ініне су құйып шығарайық десек, өзен ит өлген жерде. Мысымыз құрыды. Қарақшылық тұрмыстың романтикасы түсін жоғалтып барады.

Кешқұрым соңғы жұмыртқаларымызды асып жатқамыз. Бұрлығып кеткен айран асқазанымызды бұзып, бұта арасына жүгіруіміз көбейді. Бұта арасына кеткен Қадылдың бақ еткен дауысы шықты. Іле-шала шалбары тізесіне түскен, жанұшыра қашқан өзі де көрінді. Біз алғашында аю кеп қалған екен деп жалма-жан садақтарымызға ұмтылдық. Менің қолымда балта.

– Өй, өңшең иттер! Отырған жерлеріңде мүрдем кетірейін бе бәріңді! А, нука, қайқайыңдар ауылға! – деп Қадылдың әкесі Ахмет ақсақал төніп келеді. Астында ат, қолында құрық.

Ауылға қарай жылап-еңіреп безіп келеміз. Ақаң құрықтап қояды. «Жығылғанға-жұдырық». Күні бойы иттей боп шаршаған біздерге мынау нағыз таптырмайтын «жаттығу» болды. Еңіреп жүріп үйді таптық…

ӨРТЕНГЕН ШАЛБАР

Топқайыңға бұйырған жалғыз «Урал» жүк мәшінінің иесі – Қадес аға. Нағашы атам Нүріскенің ағасы – Жібітайдың ұлы. Жібітай ертеректе, мүмкін тәркілеу, мүмкін ашаршылық жылдары, Алтай өлкесіне қоныс аударған екен. Сүйегі де сол өңірде қалыпты. Қадес аға елге елуінші жылдардың басында, әскери міндетін өтеген соң оралды. Рәпия әжеміз қайнағасының ұлын құшақ жая қарсы алды, бауырына басты. Тіпті, өзінің кенжесі Қалымжанды керек кезінде зекіп, мәселесі тым «ауыр» болса қолындағы ақ таяғымен салып та жіберетін. Әжеміз Қадес ағаға аса мейіріммен қарады. Үйлендірді. Ауылдағы Серғазы деген ақсақалдың қызы Қанипаны әперді…

Қыстың іші. Күнделікті әдетімен Қадес аға ағаш кабиналы «Уралын» қыздырып жатыр. Алтайдың таңғы аязы ғаламат, сықыр-сықыр етеді. Екеуіміз де сол жердеміз. Таң атпай жатып, оның үстіне мынадай аязда толық «сюжетті» ойын ұйымдастыру қиын. Сондықтан, Қадес аға мәшін қыздырған кезде аюдың қонжығындай домаланып екеуіміз сонда жүреміз. Домаланып дегенім мынау.

Ол кезеңде Төр Алтайдағы еркек кіндіктілер қыс түсе сала сырма шалбар, тон, күпәйке киеді. Сырма шалбар тым қалың. Оның үстіне құйрығына, тізесіне жиі-жиі жамау түседі. Қыс ортасы ауа әлгіндей пәленбай қабат жамауы бар ауыр шалбарды көтеріп жүрудің өзі біз сияқты тырыли арық балаларға біршама жүк.

Қадес аға күндегі әдетімен бос шелекке ескі шүберектер тастап, оған бензин құйып, соның қызуымен мотордың астын қыздырып жатыр. Біз от қызуына итініп, түсіп кете жаздап отырмыз. Бүткіл балалық, жастық шағы Алтай өлкесіндегі сыңсыған қалың кержақтардың ортасында өткен Қадес ағаның қазақшасы тым жұтаң, түйеден секіріп түскендей. Орыси мінезі бар. Турасынан кетеді, ашуланса – қауіп.
Екеуімізді еркелетіп Алексей, Андрей дейді. Сен – Андрейсің.

Не заманда күрк-күрк етіп мәшін от алды. Біраз қызып тұруы шарт. Енді шелектегі отты өшірсе де болады. Қадес аға шелектің аузына құйрығымен отыра қалады. Ауа бармаған соң от қақалып өшеді. Күнде көріп жүрген дүниеміз.

Шелекте от әлі жанып тұр. Қадес аға әлдебір жұмыстармен шұғылданып, мәшін айналып кетті. Сол сәтте сен оған көмектеспек ниетпен шелекке құйрығыңмен отыра қалдың. Сенің бір-ақ уыс құйрығың үлкен шелектің апандай аузын қайдан бітесін, түні бойы тандыр пештің үстіне кептірілген, қаудырлап тұрған шалбарың лап етті. Бақырып ұшып тұрдың, мен отты өшірмек боп құйрығыңнан тепкілеп жүрмін. Жоқ, от «гүлденіп» барады.
– Қадес аға, Андрейдің көтені жанып жатыр! – деп жанұшыра ағаға жетейін. Ол келді. Бұл шақта сенің көтенің мүлдем «құлпырып» алған екен. Қадес аға сені тымақша жұлып алып, омбы қарға лақтырды. Сені қармен көміп жатырмыз. Сенің құлындаған дауысың, әй, көктегі құдайдың өзін селт еткізген шығар.
Өшіріп алдық. Құйрығың дін аман. Қалың, жамаулы шалбардың бір пайдасы тиді…

Әлібек Қаңтарбай,
жазушы

Осы айдарда

Back to top button