Қоғам

Тарғын ауылында мәдениет үйі ашылды

Тарғын ауылында мәдениет үйі ашылды

Кеше аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Ұлан ауданына барып, бірқатар елді мекендерді аралады. Атап айтсақ, облыс әкімі ауылдық клубтың ашылу рәсіміне қатысып, әлеуметтік нысандарда болды, салынып жатқан үш мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты, Бозанбай ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді.

«Айару» балабақшасына елу шақты бүлдіршін барады

Облыс әкімі алдымен Сағыр ауылына ат басын бұрып, сондағы клуб үйінің жай-күйімен танысты. 180 миллион теңге сомасындағы мемлекет қаржысына салынған аталмыш мәдениет ордасының ішіне сонымен бірге, округ әкімдігі мен кітапхана да орналасыпты. Мұнда 4 үйірме және дыбыс жазу студиясы жұмыс істейтін болады. Мердігер ұйым – «Дакар групп» кәсіпорны мәдениет үйін екі жылдың ішінде талапқа сай салып шыққан. Енді клуб округтегі 5 мыңнан астам тұрғынға қызмет ететін болады. Тек оның маңайындағы қоқысты, сондай-ақ, мектеп жанында жайылып жүрген малды көзі шалған аймақ басшысы бұл жайтқа қатысты жергілікті басшылыққа ескерту жасап, ауылды абаттандыру, тазалау жұмыстарына көңіл бөлу қажеттігін ескертті.
– Мемлекет тарапынан ауыл тұрғындары үшін барлық мүмкіндіктер жасалуда. Соның бір айғағы – осы клуб. Енді осы ғимаратты барынша тиімді пайдалану керек, – деді облыс басшысы.
Ауылдағы «Айару» атты балабақшаның ашылғанына екінші айдың жүзі болыпты. «Балапан» бағдарламасы шеңберінде және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде құрылған бұл мекемеден 18 адам жұмыс тауып отыр. Жергілікті кәсіпкер Раушан Қырықбаева өз қаражатына «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге мөлшерінде шағын несие алып, бұрынғы дүкен ғимаратына күрделі жөндеу жүргізген. Енді, міне, ол нысан балалар бақшасы ретінде қызмет көрсетіп келеді. Қазір мұнда елу шақты бүлдіршін тәрбие алуда, ата-аналары айына 7 мың теңге көлемінде ақы төлейді, қалған шығындар мемлекет қаржысы есебінен өтеледі. Балаларға тәулігіне үш уақыт тамақ беріледі.

Тарғын ауылында мәдениет үйі ашылды

Бұдан соң облыс әкімі осы ауылдағы «Керей KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын құс фермасында болып, оның жұмыс барысымен танысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ашылған бұл кәсіпорында бүгінгі таңда бір мыңға жуық мекиен тауық бар. Ферманың негізін осыдан екі жыл бұрын атажұртқа оралған ағайын Ахмет Қазбек қалапты. Қазір тауық қорасы пешпен жылытылуда, ал дайын өнім – жұмыртқаның бір данасы сауда орындарына 11 теңгеден өткізіледі.

Айтықов ауылында мектеп салынып жатыр

Бүгінде аудандағы Тарғын ауылдық округіне қарасты Айтықов ауылында 80 орындық мектептің құрылысы жүргізілуде. Құны 303 миллион теңгені құрайтын қос қабатты ғимаратты салып жатқан мердігер мекеме – «НТ-Дос» серіктестігі. Былтыр көктемде басталған құрылыста қазіргі кезде 45 адам еңбек етіп жүр. Мердігер ұйымның басшысы Ринат Апышев нысанды дер кезінде аяқтауға уәде береді. Оқу орнының акт залын, кабинеттерін аралап, көріп шыққан облыс әкімі мектеп директорына атқарылып жатқан жұмыстың сапасына ұдайы бақылау жасап отыру қажеттігін тапсырды.
Ал ауылдағы қазір қолданылып жатқан мектеп үйінің іргетасы өткен ғасырдың жетпісінші жылдары қаланған екен. Бүгінгі таңда ол оқу орнында 71 бала білім алуда. Аймақ басшысы келешекте 50 орындық балабақша болатын ол ғимаратты да қарап шықты.
Осы күні облыс әкімі Тарғын ауылындағы клубтың ашылу салтанатына қатысты.
– Міне, бүгін ауылдарыңызда жаңа мәдениет үйінің тұсауы кесіліп отыр. Мен осы істі атқаруға атсалысқан құрылысшылар мен аудан әкімдігіне алғыс білдіремін. Алдағы уақытта аурухана құрылысын бастау жоспарымызда бар. Мектепті де жөндеу керек. Бұның бәрі – мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан әлеуметтік бағыттағы игі іс-шаралар. Олар келешекте де жалғасын таба бермек, – деген аймақ басшысы мекемеге толағай табыстар тілеп, кәдесый ретінде теледидар тарту етті.
Ашылу рәсімінде облыс әкімі, сонымен қатар, ауылдың күре жолдың бойында тұрғанына назар аудартып, осыған орай бұл жерде көлік жөндеу, жолаушыларды тамақтандыру сынды кәсіп түрлерін қолға алуды ұсынды. Ол үшін мемлекет ұсынып отырған бағдарламалардың мүмкіндігін толық қолдануға болады. Мұнымен қоса, аймақ басшысы ауылды көркейту, тазалау, көгалдандыру ісіне тұрғындар атсалысу қажет екенін, әркім өз үйінің ауласын, қора-қопсысын ретке келтіріп, таза ұстауы тиіс екенін жеткізді.
Осыдан соң облыс әкімі ауылдағы Ізғұтты Айтықов атындағы орта мектепке барып, білім ордасының ішін аралап көрді. Атап айтсақ, ол Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовқа арналған «Даңқ» көрме залында, мәжіліс залында, химия кабинетінде болып, ғимараттың қасбетін заманауи материалдармен қаптап, жаңалау керектігін айтты.
Облыстағы сақалды құрылыстардың бірі Алғабас ауылындағы 80 орындық мектептің ғимараты болатын. Мердігер кәсіпорын – «Востокспецавтоматика» кәсіпорны нысанды бітіруге таяп қалыпты.
Аймақ басшысы мектеп директоры Серік Жұбаниязовқа ғимаратты толық тексеріп қабылдауды жүктеді, атап айтқанда, әрбір сынып жетекшісі өз кабинетін мұқият қарап, кемшіліктер аңғарылса, мердігерге жөндетуі тиіс. Тағы бір мәселе, мердігердің жұмысшылар алдында 1 миллион 200 мың теңге көлемінде еңбекақы қарызы бар. Олар алдағы бір аптаның ішінде берешекті толық өтеуге уәде беріп отыр. Осымен ұзаққа созылған құрылыс да соңына жетті, екінші тоқсаннан бастап алғабастық оқушылар жаңа мектепте білім ала бастауы тиіс. Ал ескі мектеп үйі бос қалмайды, келешекте ол пошта, мәдениет үйі, спорт залы ретінде қайта жарақталмақ. Мектеп ғимаратын толық аралап болған соң аймақ басшысы мердігер мекеме басшылығына құрылысты сапалы бітіріп, жұмысшылар алдындағы жалақы қарызын толық жабуды, мектеп ауласына ағаш егуді міндеттеді.
Тірек ауыл болып табылатын Бозанбайда жергілікті жұртшылықпен жүздескен облыс басшысы алғашқы кезекте жалпы өңірдің және ауданның 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына қысқаша тоқталып өтті. Одан соң тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ асты.
– Аудандағы егін шаруашылығының даму қарқыны көңіл көншітпейді. Биыл гектарынан 10 центнер ғана өнім алынды. Бұл – Ұлан ауданы үшін өте аз. Мал басы да көбеймей келеді. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, әркімнің-ақ өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Оның үстіне аудан Өскеменнің іргесінде жатыр, мұны тиімді пайдалану керек. Облыс орталығын азық-түлік өнімдерімен қамти отырып, қомақты қаржы табуға болады, – деді облыс әкімі.
Кездесу барысында аймақ басшысы ауданда биыл 12 миллион теңгенің субсидиясы игерілмегенін, сонымен қатар «Сыбаға» бағдарламасының орындалмағанын да алға тартты. Айталық, жоспар бойынша аталмыш бағдарлама аясында 258 ірі қара сатылып алынуы тиіс болса, нақты 87 бас алынған. Облыс әкімі әр ауылдық округте, әрбір ауданда әлеуметтік карта әзірлеу ісін 1 қарашаға дейін аяқтауды міндеттеді. Мұндай картаны облыс елімізде бірінші болып қолға алып отыр.
Кездесу кезінде тұрғындар тарапынан облыс басшысына мал сою пунктін ашу, канализация жүйесін жөндеу, аурухананы заманауи құрал-жабдықтармен қамту, жайылым мәселесін шешу, қар күрейтін трактор алу сияқты сауалдар қойды. Ал жергілікті «Сібе» шаруа қожалығының жетекшісі Талғат Мұхамбетқалиев биыл арпа егіп, гектарынан 15 центнер өнім алғанын, алайда жаңа техниканың тілін білетін мамандар тапшы екенін айтты.
– Аудан басшылығы берілген тапсырмаларды орындауы, ең бастысы – экономиканың өсімін қамтамасыз етуі тиіс. Кез келген іске есеп пен талдау жүргізіп, қатаң бақылау жасау қажет, сонда нәтиже де болады. Қазір біз облыстағы жер телімдерін түгендеуді аяқтаудамыз, бос жатқан учаскелер анықталып, мемлекет меншігіне қайтарылады да, оны тиімді пайдаланамын деушілерге беріледі. Сонымен қатар, азық-түлік бағасын ырықтау мақсатында құрылған тұрақтандыру қорларының толтырылу, ондағы өнімдердің сақталу мәселесіне жіті көңіл бөлу керек, – деп ескертті аймақ басшысы. – Сұрақтар жөнінде айтар болсам, алдымен ауылды сумен қамту мәселесі шешіледі, ол жұмыстар келер жылы басталмақ, кейін кәріз жүйесін жаңғырту ісі де қолға алынады. Мал сою цехы міндетті түрде қажет, ол туралы аудан басшылығына тапсырма берілді, келесі жылы құрылысы басталады. Ал аурухананы ең қажетті деген құрылғылармен қамту өз кезегінде атқарылады, алдымен облыстық, аудандық емханалар жабдықталмақ. Трактор бойынша да аудан әкіміне тапсырма берілді. Кадр мәселесін шешу үшін ең алдымен оларды баспанамен қамту қажет деп санаймын. Ал ауыл шаруашылығы мамандары өңірімізде жеткілікті мөлшерде дайындалады.
Ауыл ақсақалдары атынан сөз алған Мамырхан Үмбетқалиев ауыл әкімінің жұмысына көңілдері толмайтынын білдіріп, бұл қызметке беделді әрі қолынан іс келетін азамат керек екенін жеткізді. Аудан әкімі бұл мәселені алдағы уақытта арнайы қарастыруға уәде етті.

Оңтүстіктен келген ағайындар көкөніс өсіруді қолға алыпты

Ұлан ауылында жергілікті су тарту стансасы салынып, құбырларды жаңарту жұмыстары жүргізілген-ді. Алайда, атқарылған жұмыстың нәтижесі жоқ. Атап айтар болсақ, ауылдықтарға жаңа сутартқыштан ішуге мүлдем жарамсыз, лай су келіп тұр. Дей тұрғанмен, мердігер ұйымның өкілдері алдағы 2-3 аптадан соң судың тазаратынына сендіріп бағуда. Оның нақты себебін, яғни, жерасты суының сапасы нашар ма, әлде су тарту құрылғылары талапқа сай емес пе, арнайы мамандар тексеретін болады. Әзірше, Ұлан ауылының тұрғындары суды мектеп құдығынан тасуға мәжбүр. Аймақ басшысы осы істі атқарған «Еңбек-Семей» мекемесінің басшылығына жағдай реттелмесе, мәселе сот арқылы шешілетінін қадап айтты. Атап өтерлік жайт, бұл кәсіпорынның облыс аумағында өзге де проблемалық нысандары бар.
Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш ауданынан отбасымен бірге көшіп келген диқан Арапбай Орынбаев Ұлан ауданынан жер телімін алып, еңбек етіп жатыр. Ол 1 гектар аумаққа жылыжай салып, қияр мен қызанақ өсірсе, тағы 30 гектар жерге қызылша, сәбіз, картоп егіпті. Дайын өнімді Өскемендегі «Дина» базарындағы қоймада сақтауда. Бірақ шығынды азайтуды көздеп, өзі қойма құрылысын бастап та кеткен. Тағы бір топ сарыағаштық қандастар Айыртау округінен жер алыпты. Көкөністерді сорғымен суарады, әсіресе, алқапты түнде, яғни, сараланған тариф бойынша сағат 23 пен 7-нің арасында суарған тиімді. Облыс әкімі аудан басшылығына оларға барынша қолдау көрсетуді міндеттеді.
– Осы маңайдағы Алибастр су қоймасын да келем деушілердің пайдасына жарату қажет, себебі оңтүстік өңірлерден келіп, жер алып, көкөніс өсіруге ниет білдіріп отырғандар өте көп.
Іссапар соңында аймақ басшысы Жаңа Қанай ауылындағы 80 орындық мектептің құрылыс барысын да бағамдады. «ВК-техногруп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске былтыр кірісіпті. Енді ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалған. Алдағы айдың 10-ында ол пайдалануға берілмек. Сонымен қатар, аймақ басшысы осы ауылдағы туберкулез ауруханасында да болып, ондағы медициналық қызметкерлермен тілдесті.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button