Тарихымызды түгендеуге зор үлес қосты

Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде тарих және археология саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ғылым қайраткері Жүрсінғали Ахмеровке арналған цифрлы гуманитаристика кабинеті ашылды. Оған Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысты.
Жиын басталмас бұрын Нұрлан Ермекбаев аталмыш университеттің мұражайын тамашалап, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген шығысқазақстандық ғалымдар мен студенттердің жұмысына оң бағасын берді. Бұдан соң Қорғаныс министрі ұлағатты ұстаз Жүрсінғали Ахмеровті еске алуға арналған дөңгелек үстелге қатысып, жылы лебізін білдірді.
– Міне, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да қазақ тарихының дамуы үшін аянбай тер төккен ардақты ұстаз Жүрсінғали Ахмеровке арналған оқу кабинеті ашылып отыр. Меніңше, бұл шараның тәрбиелік мәні зор. Өйткені, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, өз тарихын білетін, мақтан ететін халықтың болашағы зор, – деді Нұрлан Ермекбаев.
«Ұлағатты ұстаздың тағылымдық жолы» атты дөңгелек үстелге Жүрсінғали Ахмеровтің туған-туыстары мен әріптестері, сондай-ақ шәкірттері қатысты. Ақсақалдың көзін көргендер ол кісі жайында естелік айтты.
– Менің жұбайым Жүрсінғали өте кеңпейіл, білімді, қонақжай адам еді. Ол бар ғұмырын білім саласына арнап, Зейнолла Самашев сынды білікті археологтардың бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды. Біз отбасын құрған соң, мен Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында жұмыс істедім. Сол кезде ол маған ауырлық салмау үшін балаларға өзі қарады. Кейде балалар ауырып қалса: «Шолпан, қыздарды ауруханаға апарып келе аласың ба?» деп жайлап сұрайтын еді. Сонда мен: «Интернаттағы балаларды қайда қалдырамын, олардың сабақтарын кім оқытады?» деймін ғой күліп. Ол болса: «Онда сен жұмысыңнан қалма. Біздің елімізге білімді балалар керек» деп түсіністік танытып, балаларды дәрігерге қаратуға өзі баратын еді. Алайда ол жұмыстан еш себепсіз қалып көрген емес. Негізі, біздің Жүрсінғали таңғы бестен тұрып, сабақ беруге тыңғылықты дайындалатын еді. Осыдан-ақ оның жауапкершілігі жоғары, жаны жайсаң азамат екенін байқауға болады, – дейді жары Шолпан Тоғысова.
Қырық екі жыл бойы ұстаздық еткен Жүрсінғали Ахмеровтің жары Шолпан Тоғысова қазір аяулы ана, ардақты әже атанып отырған жайы бар. Үш қызды мәпелеп өсірген ол алты жиенін бағып-қағып, олардан жиеншарлар сүйіп отыр. Кезінде «Үздік әдіскер», «Білім саласының үздігі» медальдарымен марапатталған мұғалім екі рет Үлбі аудандық кеңесінің депутаты атанғанын да айта кеткен жөн.
– Марқұм күйеуім көшеде көрген барлық адаммен амандасып, қал-жағдайын сұрайтын еді. Сондай сәттерде мен: «Сен оларды қайдан танисың?» деп сұраймын ғой. Ол болса: «Адамды танысаң да, танымасаң да, аман-саулық сұрасу керек. Әйтпесе, бауырмалдық, мейірімділік сынды адами қасиеттерді жоғалтып аламыз» дейтін еді, – деп еске алды Шолпан Тоғысова.
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Советхан Игібаев пен Жүрсінғали Ахмеровтің шәкірті Раушан Нұрбекова сөз алып, естеліктерімен бөлісті. Бұдан соң Жүрсінғали Ахмеровтің еңбектері жинақталған кітаптың тұсаукесері өтті.
– Жүрсінғали Ахмеров бергенінен берері мол ардақты ұстаз еді. Біз ол кісінің іскерлігін ерекше атап өткіміз келеді. Алдағы уақытта біз тарих ғылымдарының дамуына зор үлес қосқан Жүрсінғали Ахмеровтің тағы бірнеше еңбегін жинақтап, оны цифрландыру жүйесіне енгізетін боламыз, – деді университет ректоры Мұхтар Төлеген.
Айта кетейік, Жүрсінғали Ахмеров археология саласындағы өзекті мәселелерді қозғап, оны шешудің жолдарын тапқан білікті оқытушы болған. Ол сонау жылдары Зайсан ауданындағы Шілікті қорғанын зерттеу жұмыстарына қатысқан алғашқы қазақ археологтарының бірі екен. Мұны бізге әріптесі, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың профессоры Иван Полторанин айтты.
– Біз танитын Жүрсінғали барлық студентін жақсы көрді. «Сен сабақты жақсы оқисың, ал сенің үлгерімің нашар» деп баланың көңіліне келетін ауыр сөз айтқанын естімеппін. Себебі адам баласын өсіретін де, өшіретін де бірауыз сөз емес пе?! Егер оқытушы балаға жылы қабақ танытып, оның түсінбей қалған тақырыбын байыппен түсіндіріп беретін болса, шәкіртінің ұстазға деген құрметі артып, оқуы да жақсарады. Себебі мұғалімнің басты парызы – жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріп, білім нәрімен сусындату, – дейді Иван Полторанин.
Жиын соңында барлық қатысушыға Жүрсінғали Ахмеровтің еңбектері тарту етілді.
Ажар Сағатбекова