Мәдениет

Тарихты таразылаған еңбек

Тарихты таразылаған еңбек


Дүниеге келген әр перзент үшін – туған жердің, өскен мекеннің орны бөлек. Әр адам өзі туған топыраққа қашан да қарыздар болады. Оның сай-саласы, тау-дөңесі, өзен-көлі, бұлақ-шалғыны, тоғай-қолаты, бәрі-бәрі перзент үшін алтыннан да қымбат. Туған жердің сыйлаған ғажайыптары, қуат-нәрі, адам баласын өзі туған өлкеге ұқсатып тұратын сияқты. Өйткені сол жердің суымен шөл қандырасың, сол жердің топырағына кіндігің байланған. Сондықтан да әр перзент өзі туған жер, өскен өлкені өмір бақи әспеттеп өтеді.

Семей қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, абыз ақсақал Сейітмұхамет Тәбәрікұлының \”Тұлпардың ізі өшпейді\” атты хикаят, сыр-дастан, естеліктер кітабы ұрпаққа үлгі боларлық, перзенттік парыздың өтеуі іспеттес құнды еңбек.

Сейітжан аға көп жыл партия, кеңес қызметінде болып, Новошульба, Ақсуат, Шұбартау аудандарын басқарған, Семей өңіріне танымал қайраткер екендігін білеміз. Сонау Кеңес заманында әкесі Тәбәрік дін ұстаған, сол үшін Сейітжан аға теперіш көрген, қудаланған деп еститінбіз. Ол кісінің азан шақырып қойылған аты – Сейітмұхамет екендігі де кейіннен белгілі болды.

Сейітжан Тәбәрікұлы бірнеше кітаптың авторы, ал мына еңбегі Қазақ хандығының 550 жылдығына, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Семей полигонының жабылғандығының 25 жылдығына арналған екен. Кітаптағы әрбір хикаят, әрбір мақала тарихи деректермен, жасы 90-ға келіп қалған көнекөз қарияның көрген-білгендері, өз құлағымен естігендері, көңілге түйгендерімен шегеленіп, қарапайым оқырманға түсінікті тілмен өріледі. Автор Абыралы өңірінің тумасы ретінде сол өңірдің тарихы, Абыралы атауының қайдан шыққандығы, Абыралы ауданының құрылуы, таратылуы, 1931 жылғы ақпан-наурыздағы Абыралы көтерілісі, Семей полигонының зардаптары туралы толғанады. \”Абылайдың ақ туы\”, \”Қайнардағы қай Қобыланды?\”, \”Еңсегей бойлы Есімхан\”, \”Тәукенің тәубесі\” сияқты шығармалар ерте қазақ тарихы туралы сөз қозғайды. \”Қаракесек\”, \”Ақжолтай батыр\”, \”Қу жарғақ батыр Олжабай\”, \”Қабан батыр\”, \”Олжашы батыр\” сияқты ақиқат аңызы аралас хикаяттардың жас ұрпаққа беретін тағылымдық мәні зор.

Сейітжан аға Қаракесектің ішінде Қамбар бұтағынан тарайды. Менің Байбөрінің Қыдыралы бұтағынан тарайтын, бай болған, балуан болған аталарыммен құдандалы, көрші, аралас-құралас болған екен. Оны үлкендердің шежірелерінен естіп білдік. Менің үлкен атам Жақып Бөлегенұлы жері отты, тауы кенді Берікқара деген жерді ата қыстауы еткен екен. Ал бұрын бұл жер Қамбардікі болған деген сөз бар. Нұғыман Жақыпұлы атамыздың құдай қосқан қосағы Қадиша Жақыпқызы Қамбар руынан екен. Үлкендердің айтуынша, бел құдалары Қамбарлар менің аталарыма Берікқара жерін сыйға тартқан сияқты. Бертінге дейін үлкендер «Қамбардан батырлар көп шыққан», – деуші еді.

Сейітжан ағамыз сол батыр бабалардың арғы-бергі тарихын қопарып, өз білім-білігімен жазып шығыпты. Толыбай батыр, Кемелбай батыр, Жапалақ батыр, Сартымбай батыр, тағы басқалар туралы тың деректерді жайып салады.

Кітаптың \”Ұрпақтар үні\” деп аталатын үшінші бөлімі – Сейітжан ағаның өзі тарайтын Толыбай ұрпақтары туралы тың шежірелік деректерге бай естеліктерді жинақтаған. Осындағы \”Тлеубай Зупан-Ұлы – Толыбай ұрпағымын\”, \”Мәннан Қыдырбаев – Мәннан атына дақ түсіргенім жоқ\”, \”Ажар апаның естелігі\”, \”Зейнелғазы – Қытайдағы елші\”, \”Қадиша Райқызының естелігі\”, \”Ғабдолла – Сағыныш хат\”, \”Тәбәрік Толыбай тегі\”, тағы басқа естелік-эсселерді оқығанда, өлгендерді тірілтіп, өшкендерді жандырғанының куәсі боласыз. Осы топтамадағы Жұмағазы Дөкімбасұлы – менің немере ағам. Байдың тұқымы ретінде қудаланған, соққыға жығылған, қуғын-сүргінге ұшыраған оның тағдыры туралы сан алуан алыпқашпа әңгіме бар. Шындығы – Жұмағазы Дөкімбасұлы қазақ басына төнген қауіптің құрбаны деуге негіз бар.

Елінің гүлденуіне еңбегі әбден сіңген, Шығыс Қазақстан, Семей өңіріне танымал, қоғам қайраткері, көпті көрген көсем, шұрайлы тілмен әңгіме өрбіткен шешен, қаламгер, абыз ақсақал Сейітмұхамет Тәбәрікұлының бұл кітабы – аңыз бенен ақиқаттың тоғысуынан, тарихи деректер мен ауызекі естеліктердің қабысуынан туындаған бағалы еңбек. Ендеше туған жерге мәңгілік тағзым етудің жарқын көрінісіндей бұл кітап қалың оқырманның төрінен орын алатын құндылыққа айналатынына кәміл сенемін! Шынында да, Тұлпардың ізі өшпейді!

Бауыржан Жақып, ақын,
филология ғылымдарының докторы

Осы айдарда

Back to top button