Тарихқа тағзым – перзенттік парыз

Кеңестік кезеңдегі ең көп айтылып, жан-жақты жазылған тақырып – Ұлы Отан соғысы. Кешегі соғыста солдат шинелін киіп, зұлымдық уытына қасқая қарсы тұрған аға ұрпақтың сарқылмас жан сырын, ескірмес ерлігін болашаққа жеткізу – ұлы мұрат.
Зұлмат соғысты көзбен көрген аға буынның жүріп өткен жолы кейінгі жастар үшін аңызға айналып барады. Біздің жазбамызға арқау болып отырған ақтоғайлық майдангер Әдікен Байтоғаевтың да тірлік сапары шектелгеніне 37 жыл болыпты. Соғыс деген ұғымның астарында миллиондардың тағдыры жатыр. Тағдырлы жылдар жылжыған сайын күңгірттеніп, кейінгі ұрпақ соғыс ардагері дегенді баяғының батырларындай елестетері сөзсіз. Солай бола берсе екен деп тілейік, лайым.
Әрине, майдангерлер ұрыс өртінің ішінде жүріп, орден, медаль алам немесе әскери шенімді жоғарылатам деген оймен соғысқан жоқ. Нақтылы сол күнгі, сол сәттегі командирдің бұйрығын орындау үшін басын өлімге тікті. Ал әр жауынгердің күнделікті ерлігі жиналып, бір-біріне қосылып, Ұлы Жеңіске ұласты. Командирлер ұсынып, қолбасшылары қол қойып, Мәскеу бекітсе ғана тиесілі марапаттауларын алды. Бұл тағдыр жазуымен біреулерге бұйырса, біреулеріне бұйырмады.
Жуырда Аягөз ауданына қарасты Ақтоғай елді мекенінде өткен тұрғындар жиынына қатысушылар Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Даңқ» ордендерінің, «Ерлігі үшін», «Варшаваны, Минскіні, Бресті азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» жауынгерлік медальдарының иегері Әдікен Байтоғаевтың есімін мәңгі есте қалдыруды ұйғарды. Жағымды жаңалық жанымызды жадыратты. Расында да, Ақтоғайдың бір көшесін майданда ерлігімен, тылда тиянақтылығымен танылған майдангер есімімен атау бүгінгі буынның тарих алдындағы тағзымы, перзенттік парызы деп пайымдағанымыз абзал.
Әдікен әкемізді бала күнінен үлгі тұтып өстік. Үш-төрт атадан қосылатын ағайындас отбасылардың қуаныш-күйініші ежелден ортақ емес пе? Сондай жиындарда төрдің сәнін келтіріп Әдағаң отыратын. Кейіннен бағамдап қарасам, біз ес білгенде ол кісі алпыстың асуынан енді ғана асқан екен. Тіп-тік бойы өзгеден биіктеу көрінетін. Сұлуша мұрты аққұбаша ат жақты өңіне көрік беріп, аз сөйлеп, көп тыңдап отыратын сырбаз қалпы есімде. Қасында ақсақалының қас-қабағына қарап қойып, абысындарын әңгімеге үйіретін ақылман, мырзапейіл анамыз Шәкен апа. Сол кезде осы үлкендеріміз әзіл-қалжыңдары жарасқан ағайынның берекесі болып мәңгілікке жүретіндей көрінетін бізге.
Бұл кісілердің Қайрылхан атты ұлы, Күлшікен, Бақытжамал атты қыздары ата-ана өнегесімен өсіп-өніп, өмірден өз орындарын тапты. Біздің бала кезімізде Қайрылхан аға Семейде мал дәрігерлік оқу орнында оқыды. Ол кезде жоғары оқу орнында оқу ілуде біреудің ғана маңдайына бұйыратын. Ағамыз каникулға келгенде, ағайындардың бәрі кезекпен қонаққа шақыратын. Қайрылхан аға әзіл-қалжыңға бейім, үлкенді сыйлап, кішіні құрметтей білетін. Әкем Мақатты өмір бойы аға деп, шешем Шәмшияны жеңеше деумен өтті өмірден. Ұлының орынды уәжіне, ағайындармен сыйластығына жарықтық ата-анасы ақжарылып қуанып отырар еді. Араға жылдар салып ағамыз үйленгенде, үлкен кісілердің келіндері Күмісханның қолынан шай ішіп, кейіннен немерелерін көргенде төбелері көкке жеткендей масайраған сәттеріне де куә болғанбыз.
Сол кезді сағынышпен еске алатын жөніміз бар. Бастауыш сыныпта оқитын мен Қайрылхан аға келерде өлең-тақпақтарды көптеп жаттайтынмын. Қалтасын тиынға толтырып келетін ағамыз мен жатқа оқитын әрбір тақпақтың төлемақысын дайындап, ынталандырып отыратын. Сол жылдары Әдікен әкеміз зейнетақысына «Жұлдыз» журналын жаздырып алатын. Мектепке бармай тұрып әріп танығандықтан, бастауышта жүргенде көлемді дүниелерді іздеп жүріп оқитын болдым. Осы әуестігімді таныған Шәкен апам «Жұлдыздың» жаңа нөмірін беріп тұратын. Ойын баласы болсам да үлкендердің осындай мейірімді көзқарасы жадымда жатталып қалыпты. Көкейіме өлең түнеп, қағаз-қаламнан ажырамай жүргенім де сол бала күнгі жадымда жатталған көркем сөздің әсері болуы мүмкін.
1975 жылы еліміз Жеңістің 30 жылдығын тойлады. Сол жылдың басында Әдікен ақсақалға сәлем бере бардым. Оныншы сыныпта оқимын. Аудандық газеттің жас тілшісімін. Соғыс, Жеңіс жайында дайындаған сауалдарым бар.
ХХ ғасырдың басында, 1902 жылы Жүзағаш уезінде дүниеге келген бұл кісінің көргені көп болса да, ашыла бермейтін. Суыртпақтап отырып Түркісіб теміржол құрылысына қатысқанын білдім. Ашаршылық, репрессия туралы көзкөргендер ол кезде ауыз ашпайтын.
– Балам, талабың орынды. Соғыс бүкіл елдің басына түскен нәубет. Ел қатарлы соғыстық. Орден-медальдарымды айтып мақтанбайын. Басты жеңісіміз – бейбіт заманды көргеніміз, ұрпақ өрбіткеніміз. Біз бақыттың дәмін таттық қой. Менің ойымша Жеңіс үшін қан төгіп, майданнан қайтпай қалғандар туралы жазу керек сияқты… Осылай деп ақсақал терең ойға шомды. Көп ұзамай майдангер толғанысын арқау еткен өлеңімді оқып бердім:
– Батыр ұлан жауға аттанған,
Күн туғанда ерге сын.
Туған елін қорғап қалған,
Оққа төсеп кеудесін.
Отты майдан даласында,
Көрсетті ерге тән қылық.
Қалды есімі ел есінде,
Алау болып мәңгілік.
Шамасы, өлең көңілінен шықса керек: – Міне, ұлым, ерлік өлмейді. Өткен күннің өнегелі айшықты сәттері ешқашан ұмытылмайды. Ұмыттырмайтын аға буынның естеліктері, сендердің ойлы жазбаларың. Өлеңіңнің өрісі кеңісін, – деп, Әдікен әкеміз батасын беріп, маңдайымнан сүйіп еді.
Сол жылы оқу іздеп, қызмет қуып ауылдан алыстадым. Бір-ер жылдан соң, үлкен кісілер қызмет бабымен көршілес Қопаға қоныстанған ұл-келінінің қолына барды. Ақтоғайдағы Қонысбай, Бәдіғұл, Тәжі, Алдаңғор, Рысбек және аты аталмаған басқа да бауырлары қалай сыйласа, Қопадағы Байғали, Ошақбай, Әбдіқадыр, Нұрша, Социал, Ырғалбек сынды аталас ағайындары да хан көтерді. Несие сөз сөйлемей, орынсыз ақылдымсымай, сырбаз да дегдар қалыпта, ағайын-туыстың ортасында абырой асқарынан төмендемей, жетпістің жетеуіне келіп бақилық болған әкеміздің соңында ұлағатты ұрпақтары қалды. Ұл-қыздарынан тараған немерелері мен жиендері үшін алыстаған сайын биіктей түсетін асқар таудай атасының, әз әжесінің орны бөлек, әрине.
Ұшқан ұяң, өскен ортаң, болашағыңды бағдарлаған жақсы адамдар жүрегіңнің төрінен орын алады. Біз бүгін есімі ел жадынан өшпеген өнегелі ғұмыр иесі Әдікен Байтоғаев туралы аз-кем сыр шерттік. Бұл әңгімеге арқау болған жоғарыдағы жағымды жаңалық еді. Жерлестерінің ұсынысы жоғарғы жақтан қолдау табарына бек сенімдіміз.
Жомарт Игіман,
Қазақстан Журналистер одағы
сыйлығының лауреаты